Қазақстан бал жеткізуші үздік 100 ел қатарында ма?

Жақында бірнеше ақпарттық сайт беттерінде (1, 2) “Қазақстан бал экспорты бойынша үздік 100 ел қатарына енді” деген мазмұнда ақпарат және бірнеше статистикалық дерек тарады. Factcheck.kz редакциясы деректердің рас-өтрігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Resource Trade агенттігінің мәліметінше, Қазақстан әлемдегі ең ірі ТОП-100 бал жеткізуші ел қатарына енді. 2020 жылы осы өнімнің экспорты жалпы сомасы 520 мың доллар болып, (234 млн теңгеге жуық) 195,5 тоннаға жетті. Бұл бал экспортындағы табыс деңгейі бойынша әлемдегі 73-көрсеткіш.

KAZINFORM

Үкім: Техникалық қате

Resource Trade дерегіне сәйкес, 2020 жылы Қазақстанның бал экспортының жалпы сомасы 528 мың долларға жетіп, жалпы көлемі 195,6 тонна болған. Сайтта жаңартылған деректер бар екенін ескерсек, 2022 жылы бал экспортының сомасы 160 мың доллар және көлемі 75,4 тонна болған. Resource Trade агенттігі елдердің экспорт бойынша рейтиң жүргізбейді, тек елдер арасындағы сауда айналым мәліметтерін көрсетеді. Сайтта бар деректерге сүйеніп бал экспортындағы табыс деңгейін есептеп көрдік. 2020 жылы Қазақстан бал экспортындағы табыс мөлшері бойынша 76-орында болса, ал 2022 жылы Қазақстан 91-орында.

Дүниежүзілік банктің 2019 жылы жүргізген рейтиңінде Қазақстан бал экспортының құны бойынша 67-орында болған.

Мәлімдеме: 2023 жылы Өзбекстан Қазақстаннан жалпы сомасы 112,2 мың долларға (50,5 млн теңге) 111 тонна, Қытай – 176,6 мың долларға (79,5 млн теңге) 45,7 тонна, Сауд Арабиясы – 44,4 мың долларға (20 млн теңгеге жуық) 22,2 тонна, Германия – 23,8 мың долларға 21 тонна бал сатып алған (10,7 млн теңге).

KAZINFORM

Үкім: Шындық

Статистика бюросының мәліметіне сай (құжат), 2023 жылы Қазақстаннан Өзбекстанға 112,2 мың АҚШ долларына 111 тонна табиғи бал экспортталған. Сонымен қатар, Қытайға 176,6 мың долларға 45,7 тонна, Сауд Арабиясына 44,4 мың долларға 22,2 тонна, Германия – 23,8 мың долларға 21 тонна бал жөнелтілген.

Дегенмен былтырдың көрсеткішінде елге импортталған бал көлемі экспорттан көп болып тұр. Жалпы көлемі 222,7 тонна табиғи бал экспортталса, импортталған бал көлемі 289,5 тонна. Қазақстанға ең көп мөлшерде бал Ресейден әкелінеді екен (2023 жылға 275,8 тонна табиғи бал).

Мәлімдеме: Сонымен қатар, 2023 жылы табиғи бал экспортының көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе жоғары. 2022 жылы Қазақстан басқа елдерге жалпы сомасы 153,1 мың долларға (68,9 млн теңге) 58,3 тонна бал жеткізген .

Ескерту: Ақпараттың қазақша нұсқасындағы деректер орыс тілінде жазылған материалдан өзгешеленеді. Деректерді аудару кезінде редакциялық қате кеткенге ұқсайды.

KAZINFORM

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2022 жылы Қазақстаннан жалпы көлемі 58,1 тонна (152,7 мың доллар) табиғи бал экспортталған. Ал 2023 жылы Қазақстан жалпы көлемі 222,7 тонна (406,2 мың долларға) табиғи бал экспорттаған. Яғни 2023 жылы табиғи бал экспортының көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 166,01%-ке жоғары

Мәлімдеме: Айта кетейік, 2022 жыл жалпы алғанда бал экспортының төмендеуімен ерекшеленеді. 2017-2021 жылдар аралығында балды шет мемлекеттерге шығарудың тұрақты өсуі байқалды. Егер 2017 жылы Қазақстан жалпы сомасы 220,8 мың долларға (99,3 млн теңге) 87,3 мың тонна бал экспорттаса, 2021 жылы аталған көрсеткіш 328,5 мың долларға жетіп, (147,8 млн теңге) 235 тоннаны құрады.

KAZINFORM

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2017-2021 жылдар аралығында бал экспортының тұрақты өсті деп айта алмаймыз. 2017 жылы Қазақстаннан жалпы сомасы 210,8 мың АҚШ доллары (83,1 тонна) көлемінде бал экспортталса, 2021 жылы экспорт көлемі 314,4 мың АҚШ доллары (225,4 тонна) болған.

Factcheck.kz