Кейінгі күндері әлеуметтік желіде ТМД елдері арасында Қазақстан алкоголь көп тұтынатын елдер қатарында деген ақпарат тарады. Тараған дерекке сай, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы 3-тікте. Одан бөлек, бұған сенсек, жан басына шаққанда алкоголь тұтыну мөлшері Қазақстанда 6,38 литр, ал әлемде алкоголь тұтыну бойынша еліміз 68-орында екен-мыс (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7).
Factcheck.kz редакциясы Қазақстанның әлемдегі рейтиңге қатысты дерегін тексеріп көрді.
Үкім: Дәлелденбеген
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жерде әртүрлі дерек береді. Кейде бұл деректер бір-біріне қайшы. Ал біз тексеріп отырған ақпараттың алғашқы дереккөзі — World population review сайтының деректі қайдан алғаны (методологиялық негізі) түсініксіз. World population review ресурсы ДДСҰ-ның бір дерегіне сілтеп, оны қате түсінгенге ұқсайды. Осы қайшылықтарға байланысты, «Дәлелденбеген» үкімі қойылды. Толығырақ төменнен оқыңыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір дерегіне сай, 2022 жылғы рейтиңінде (ең кейін жаңарған дерек), Қазақстанда 15 жастан асқан адамдардың жан басына шаққанда жылына таза алкоголь тұтыну мөлшері орташа есеппен 5,4 литр екені көрсетілген. Яғни, медиада тараған 6,38 литрге жетпейді. Бұл статистикамен алсақ, алкогольді көп тұтыну рейтиңінде әлем бойынша 188 елдің ішінде Қазақстан 68-орын емес, 44-орынға табан тіреген (дегенмен бұл санға әсер еткен факт — көп елдің көрсеткіші бірдей; 0-ден санағанда). ТМД елдері ішінде Қазақстан 4-орынға жайғасқан. Бұл статистика Қазақстан мен әлемдегі алкоголь тұтынудағы 2000 жылдан бергі өзгерістерді көрсетеді. World population review сайты дереккөз ретінде осы статистикаға сілтеме қалдырған.
Тағы бір деректе, 2019 жылғы «Қазақстандағы жұқпалы емес аурулардың алдын алу және бақылау» атты есепте, 2010 жылы Қазақстанда орташа жан басына шаққандағы таза алкогольді тұтыну жылына 9,3 литр, ал 2016 жылы 7,7 литр болғанын жазады. ДДСҰ-ның келесі бір есебінде 2019 жылы 15 жастан асқан адамдардың жан басына шаққанда жылына таза алкоголь тұтыну мөлшері орташа есеппен 4,5 болғаны жазылған. Осы тұстағы ең басты мәселе — аталған жылдағы көрсеткіштер жоғарыдағы 2000 жылдан бергі ДДСҰ статистикасына сай келмейді. Онда 2010 жылы — 4,4 литр, 2016 жылы — 4,5 литр, 2019 жылы — 4,8 литр болғаны жазылған.
World population review тұрғысында
Ақпаратты таратқан парақшалар Energyprom сайтына, ал ол World population review (архивтелген нұсқасы) рейтиңіне сілтейді. World population review әр ел бойынша 2025 жылы алкоголь тұтыну статистикасын ұсыну кезінде ДДСҰ статистикасына сілтеген. Дегенмен, World population review ресурсындағы деректер ДДСҰ статистикасына сай келмейді. Осы тұста World population review ресурсы ДДСҰ статистикасын қате түсінген болуы мүмкін деген ой туындайды.
Методологиясы
Одан бөлек, ДДСҰ статистикасын «Күнтізбелік жыл ішінде бір ересек адамға (15+ жас) тұтынылатын алкогольдің жалпы мөлшері, таза алкоголь литрімен» деп таныстырады. Оның анықтамасы келесідей: «Жан басына шаққандағы алкогольді тұтынудың жалпы мөлшері (АТЖМ) бір ересек адамның (15 жастан асқан) күнтізбелік жыл ішінде таза алкоголь литрін тұтынған алкогольдің жалпы мөлшері (туристердің үш жылдық орташа тұтынуына түзетілген үш жылдық орташа және үш жылдық орташа есепке алынбаған АТЖМ сомасы) ретінде анықталады» деп сипаттайды. Ал World population review методология тұрғысынан нақты анықтама бермейді.
World population review жарияланымының басында деректерді 2025 жылғы деп таныстырғанымен, жарияланымының төмен жағында алкогольді көп тұтынатын алғашқы ондықты таныстырып, бұл деректердің 2019 жылғы екенін жазады. Ресурстың бұл ондығы жарияланымының басындағы деректермен сәйкес келеді.
ДДСҰ деректерінде не жазылған еді?
ДДСҰ 2022 жылдың рейтиңін 2025 жылы 13 мамырда жаңартқан. Яғни желідегі парақшалар аталмыш ақпаратты 2025 жылғы статистика деп таратқанымен, мұндай ақпараттың негізгі дереккөзі ДДСҰ-ның өзінде 2025 жылғы статистика жоқ. Қазақстан World population review жазған жан басына шаққанда алкоголь тұтыну мөлшері 6,38 литр-ге 2000 жылдан бері бір де бір рет жетпеген. ДДСҰ рейтиңіне сай, еліміздегі 15 жастан асқан адамдардың жан басына шаққандағы таза алкоголь тұтыну жалпы тұтыну 5,4 литр деп көрсетілген. Біз бұл көрсеткіште Гайана және Камбоджамен қатар тұрмыз.
Сондай-ақ, ТМД елдері ішінде Қазақстан топ үштікте емес, 4-орында. Статистикаға сүйеніп, ТМД елдерін тізбектесек, Молдовадағы 15 жастан асқан тұрғындардың жан басына шаққандағы таза алкоголь тұтыну мөлшері 14.1 литр, Беларусьте 11.4, Ресейде 10.5. Қазақстан бұл көрсеткіште 4-орында тұр. Бұл тұста, желіде тараған ақпарат көздері Ресейді әлемдегі ең көп алкоголь тұтынатын ел деп (жан басына шаққанда, 16.8 литр / жылына) деп жазғанын ескеру керек.
ДДСҰ рейтиңінде әлем бойынша көш бастағандар Румыния, Грузия, Латвия, Молдова елдері. Бір адамның жылына ең көп алкоголь тұтыну мөлшері Румынияда 17 литр. Ал алкоголь тұтынудың ең аз көрсеткіші Сомали, Йемен, Бангладеш, Ауғанстан, Мавритания, Судан, Ливия елдерінде тіркелген. Бұл елдің барлығында көрстекіші — 0 литр.
Материалды Нұрбибі Айтбайқызы дайындады