Қарақұрт шаққан жерді сіріңкемен күйдіру керек пе?

Кейінгі кездері медиада қарақұрттың қаптап кеткені туралы жаңалық жиі жариялана бастады. Кейбір сайттар қарақұрттың адамды шаққаны туралы жазады (1, 2, 3).  Ал тағы бір сайттар қарақұрт шаққан жерді бірден сіріңкемен күйдіру қажет деген ақпарат жарялаған (1, 2).

Factcheck.kz редакциясы шынымен қарақұрт шаққан жерді сіріңкемен күйдіру қажет пе деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Үкім: Дәлелденбеген

Қарақұрт шаққан жерді сіріңкемен күйдіру қажет деген пікірге ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Бұл әдіске мамандар да қарсы. Желіде тараған ақпараттың көбінде бұл тәсілдің авторы Павел Мариковский екені жазылған. Дегенмен ғылыми тұрғыдан қарақұрттың уын залалсыздандырудың Павел Мариковский ұсынған әдісі түпкілікті дәлелденген деп айта алмаймыз. Оның үстіне, біз рецензияланған журналдардан (әдісті ғылыми дискурсқа енгізетін) ғалымның әдісінің түсіндірмесін таппадық. Ғалымның басқа да еңбегін жоққа шығармай, оның ғылыми-көпшілік жанрда жазылған кітабы осы әдістің тиімділігінің дәлелі емес екенін айтуымыз керек. Бұл әдіс басқа ғылыми деректерде айтылмаған және талданбайды. Осылайша, қарақұрт шаққан жерді күйдірудің тиімділігіне сену қиын.

Мариковскийдің әдісі 

Павел Мариковскийдің 1990 жылы Қарақұрт атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта автор Өзбекстан мен Қазақстандағы қарақұрт түрін қалай зерттегені жайлы баяндалған. Кітаптың әр бөлігінде қарақұрт уының күштілі туралы және басқа жануарларға жүргізген зерттеулері туралы жазылған. Сондай зерттеулерінің бірінде қарақұрт шаққан кезде алғашқы көмек ретінде не істеу қажет екені жөнінде айтылады. Автор сол зерттеуін былай сипаттайды. 

Қарақұрттың уы қыздырғанда бірден жойылады. Шаққан жерді күйдіруге бола ма? Халық арасында жылан шаққан жерді ыстық темірмен күйдіру әдісі бар. Дегенмен, бұл әдісті дұрыс қолданбау көбінесе уланудың өзінен гөрі көп зиян келтіреді.

Эксперимент жасап көрмекшімін. Бірінші теңіз шошқасының жүнін қырып, сіріңкенің қабына салып қойған қарақұртты шығарамын. Оны эксперимент жасап жүрген жануардың терісіне бастым. Сонда қарақұрт шақты. Сағат тілінде 5-10 минут уақыт өтеді. Қарақұрт шаққан жерді күйдіремін. Алайда бірнеше уақыт өткеннен кейін теңіз шошқасы өле бастайды. Алғашқы көмек ретінде денені күйдіру көмектеспеді. Бірақ менде сәл де болсын үміт бар. Мүмкін қарақұрт шаққан сәтте бірден күйдіру керек пе? Барлық қажетті затты дайындап, экспериментті қайта қайталадым. Осы жолы шаққан мезетте бірден күйдірдім. Екі сағат уақыт өткеннен кейін теңіз шошқасына ештеңе болмағандай секіріп жүрді. Мүмкін өрмекші дұрыс шаққан жоқ, әлде мүлдем улы болмады?

Үш күннен кейін елуінші нөмірлі тәжірибелер журналы пайда болады. Енді бұл нақты дәлелденді: күйдіру улануды жояды, бірақ ол шаққан сәттен бастап екі-үш минуттан кешіктірілмей жасалуы керек.

П. Мариковскийдің «Қарақұрт» кітабынан (Улы қарақұрт өрмекші және басқа өрмекші тұқымдастар туралы әңгіме)

Осыдан кейін автордың өзіне жасаған тәжірибесі туралы жазылған.

Автор қарақұрттың уына арналған тәжірибесін тізесіне жасаған. Күйдірген кезде шаққан орында ауырсыну сезген және күйген терінің айналасы ісіген. Бірақ жануар мен адамды салыстырғанда адамның денесіндегі удың тарауы баяу жүреді деген ойға келеді. Сондықтан адамды шаққанда удың бетін қайтару кезінде уақыт ұтуға болады дейді.

Алайда бұл әдістің ғылыми дәлелі жоқ. Бұл әдіс қауіпті болуы мүмкін.

Медицина не дейді?

Бұл әдіс тәсілдің ғылыми тұрғыда дәлелі болмағандықтан біз Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасынан сұрастырып білуді жөн көрдік. 

Алматы қаласы қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері, токсиколог маман Ерлан Оңғарбектің айтуынша, қарақұрт шаққан орынды күйдіру ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. 

Шаққан жерді сіріңкемен күйдіру удың тарауын тоқтатпайды, керісінше терінің қосымша жарақаттануына, күюіне және инфекция түсуіне алып келуі мүмкін. Бұл тәсіл науқастың жағдайын одан сайын нашарлатады, себебі у ары қарай тарай береді. Бұл тәсілді қолданғаннан кейін терінің күйген орнын да емдеу қажет болады. Сондықтан науқас бірден медициналық көмекке жүгінуі қажет “,- дейді Ерлан Оңғарбек, Factcheck kz сайтына берген сұхбатында.

Менің 20 жылдан астам тәжірибемде, мұндай тәсілді қолданған науқас кездеспеді. Алайда көбінесе науқастар шаққан кезде өздерін өздері емдеуге тырысады“,-  деп жалғады токсиколог маман. 

Маман қарақұрт шаққан кезде не істеу керек екенін де айта кетті. 

  • Барынша сабыр сақтау керек.
  • Физикалық белсенділікті азайту қажет
  • Мүмкін болған жағдайда таза сумен жараның орнын жуыңыз.
  • Егер мүмкіндік болса, арнайы медициналық таңғышпен таңу қажет
  • Жараның орны ісіп кетпес үшін сақина, білезік және басқа да денені қысып тұратын заттарды шешу қажет.
  • Ауруды және ісінуді басу үшін салқын компресс жараның орнына басу қажет.
  • Уды өзіңіз шығаруға тырыспағаныңыз жөн.
  • Көбірек су ішіп, алкогольді сусындар ішпеу керек.
  • Бірден медициналық көмекке жүгіну қажет.
  • Қатты ауырсыну кезінде ауруды басатын дәріні ішу керек.

Егерде елді мекенннен алыс жерде қарақұрт шағып алса, маман осы әдіс тәсілдерді ұстану керек және бірден көмек шақыру қажет дейді. Ерлан Онғарбектің айтуынша қарақұрт шаққаннан кейін, жағдай қиындауы мүмкін, сол үшін 2-3 сағат аралығында медициналық көмек алу керек.

Қызығы, интернеттің орыс және қазақ тіліндегі сегментінен тыс Мариковскийдің әдісі белгісіз секілді. Ағылшын тіліндегі ғылыми мақалалардан бұл әдіске қатысты ақпарат жоқ.

Клиуленд клиникасы, Мейо клиникасы, Сидарс-Синай медициналық орталығы, Синай тауының денсаулық жүйесі, Джонс Хопкинс медицинасы сияқты танымал медициналық және зерттеу ұйымдары қарақұрт шаққан жерді күйдіру туралы айтпайды. Олардың барлығы ұқсас әрекеттер алгоритмін ұсынады:

  • тістеген жерді сабындап жуыңыз;
  • тістеген жерге салқын компресс немесе шүберекке оралған мұз жағыңыз;
  • мүмкін болса, ісінуді азайту үшін тістелген қолды не аяқты көтеру қажет;
  • қажет болған жағдайда ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдау;
  • және дереу шұғыл көмекке жүгіну керек.

Мақаланың қазақ тіліндегі нұсқасын дайындауға атсалысқан — Айсұлу Даңғылқызы

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz