«Израиль мектептерінде балаларға не үйретеді»: видеоны тексереміз

Қазанның бірінші жартысында желіде «Израиль мектептерінде балаларға не үйретеді» деген жазуы бар видео тарады. Роликте әйел жасөспірімдерге иврит тілінде түрлі сұрақтар қояды, оның ішінде арабтар мен діншіл емес еврейлерге қатысты сұрақ бар. Балалар араб баласын кездестіргенде «ашуланып, ызаланатынын» айтып, он жылдан кейін Иерусалимде «бәрі діншіл еврей, ал арабтар құл болады» дейді.

Кілт сөздер бойынша және суреттер арқылы кері іздеу ролик желіде кемінде 2016 жылдың 13 маусымынан бастап, «Израиль мектептерінде не үйрететінін қараңыз» деген мәндес түрлі тақырыппен тарағанын көрсетті. Видео Израильге ХАМАС қозғалысы шабуыл жасап, артынша соғыс қимылдары басталған сәтте тіптен танымал болып кетті. Ол, негізінен орыс және басқа да тілді әлеуметтік желілер арқылы тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9).

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы роликті тексеріп, оның қандай жағдайда түсірілгенін анықтады.

Үкім: Манипуляция

Видеода сабақ емес, израильдік N12 телеарнасының тілшісі Дана Вайстың Иерусалимдегі ультра-ортодоксал діни мектебінің 7-сынып оқушыларымен әңгімесінен үзінді таспаланған. Балалар өшпенділік тілін сабақтан үйренді ме – белгісіз, бірақ мекеме басшылығы оған жол беріп отырған тәрізді. Соған қарамастан ультра-ортодоксал мектептер елдегі білім беру жүйесінің 1/5 бөлігін не иврит тілінде білім берудің ¼ бөлігін құрайтынын ескерсек, видео израильдік  мектептерде арабтарды жек көруге үйрететініне дәлел бола алмайды. Бұл – әсіре жалпылау арқылы манипуляция жасаудың классикалық үлгісі.

Видео үзіндісіндегі тағы бір маңызды манипуляция бөлігін DigFind фактчекерлері анықтап, иврит тілі бойынша жеке сарапшыларымыз растады, субтитрдегі аударманың негізгі тұстары бұрмаланған.

Осылайша, видео түпнұсқасында балалар «Араб баланы кездестіргенде қандай сезімде боласың?» деген сұраққа ашуланатынын айтып, содан кейін тарап кеткен видео үзіндісіндегідей «Оны өлтіргім келетінін сеземін» деп емес, «Ол мені өлтіргісі келеді» деп жауап береді.

Толығырақ

Тараған ролик – Иерусалимдегі түрлі мектеп оқушылары қаласының және елінің болашағын қалай елестететіні туралы «Келесі буынның Иерусалимі» атты үлкен репортаждың үзіндісі ғана. Жоба эфирге 2016 жылдың 4 маусымында шықты. Репортажда журналистер Иерусалимдегі түрлі мектептерге, оның ішінде араб мектептеріне де барып, еврей ультра-ортодоксал, зайырлы және мұсылман отбасыдан шыққан балалардың әлемі қандай екенін, он жылдан кейін өмірін қалай елестететінін білу үшін мектеп әкімшілігімен, мұғалімдер және оқушылармен сөйлеседі.

Жобаны жасаған журналист Дана Вайс мектептердегі индоктринацияға сынмен қарайтынын айта кеткен жөн. Репортаж жарияланған телеарна сайтындағы жазбада ол Иерусалим тіпті білім беруде де бөлініп кеткенін айтып, «мұндай қарқынмен он жылдан кейін кедей, бөлінген және қанға толы, тұрғындарын ертеңгі күнге қажет құралдармен жабдықтамаған қала болады» деп қайғыра жазған.

Дәл сол жазбада Вайс Израильдің жаңа бірігу формуласы ретінде бір-бірін қолдап өмір сүруді (арабтармен – ред.) ұсынады. Бірақ, оның сөзінше, ол үшін саясаткерлер болашақты ойлап, саясатты сынып пен оқулықтардан алшақ ұстауға келісуі қажет.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz