Қаңтар айының ортасынан бастап желіде 9 жасар қыз бен 35 жастағы ер адамның үйлену тойы түсірілген видео кең тарай бастады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10). Пост авторлары бұл оқиғаны Ирак парламенті жақында қабылдаған заңмен байланыстырған. Құқық қорғаушылар бұл құжат балалар арасындағы некелерге жол ашуы мүмкін екенін айтады. Алайда видео интернетте заң жобасы мақұлданғанға дейін шыққан. Ролик бірнеше тілде тарап, миллиондаған қаралым жинады.

Factcheck.kz редакциясы видео мазмұнының сипаттамаға қаншалықты сәйкес келетінін тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
Видео Иракта емес, Ливияда түсірілген, ал ондағы қыз ер адамның қалыңдығы емес, қарындасы болып шықты. Бұл ақпаратты ирактық Tech4Peace фактчекерлері мен ливиялық She Checks фактчекерлері растаған.
Біз тапқан ең ерте жарияланған жалған контекстегі видео 29 желтоқсанда Facebook-тегі Kurdish Academy парақшасында пайда болған. Бір қызығы, бастапқыда ер адамның жасы 35 емес, 30 деп көрсетілген.
Толығырақ
Видеодағы ақпаратты тексеру барысында біз Ирактың Tech4Peace фактчекиң жобасының материалын таптық. Фактчекерлер ең алдымен видео фрагментіндегі көлікке назар аударды. Көліктің мемлекеттік нөмірі Ливияда қолданылатын нөмірлерге сәйкес келеді.


Ирактағы көлік нөмірлері айтарлықтай өзгеше және келесідей көрінеді:

Біз қосымша мәлімет алу үшін Tech4Peace ұйымымен байланыстық. Әріптестеріміз Facebook-те таралған видеодағы Махмуд әл-Варфали есімді ер адамның парақшасын жіберді. Ол бұл видеоға жалған контекст қойылғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Махмуд әл-Варфали She Checks ливиялық фактчекиң жобасының материалын бөліскен. Жоба өкілдері үйлену тойын түсірген фотограф Омар әл-Фаделмен байланысқан. Ол видеодағы қыз әл-Варфалидің қарындасы екенін растады. Әл-Фаделдің парақшасынан 13 желтоқсанда жарияланған видео бар. Онда әл-Варфалидің үйлену рәсіміне дайындалып жатқан сәттері көрсетілген, сондай-ақ желіде жалған жазумен тараған видео үзінділері де бар.
Махмуд әл-Варфали She Checks-ке қарындасы Якин әл-Варфалидің (ағасының қызы) онымен бірге үйлену залының кіреберісінде тұрғанын айтты. Фактчекерлер ер адамның осы қызбен бірге бұрын түсірілген басқа да фотосуреттерін ұсынды.

Махмуд әл-Варфалидің Facebook-тегі «Оқиғалар» бөлімінде оның 2024 жылғы 6 желтоқсанда Рихам Рхом есімді қызға үйленгені көрсетілген.
Контекст
Ливияда заң бойынша некеге тұру жасы 18-ден басталады, бірақ судьялар субъективті себептерге байланысты бұл ережені айналып өте алады. Сол себепті Ирактағыдай бұл елде де жасөспірімдердің неке қию мәселесі өзекті болып отыр.
21 қаңтарда Ирак парламенті 1959 жылы шыққан Жеке мәртебе туралы заңның неке мәселелеріне қатысты баптарына өзгерістер енгізді. Бұл шешім елде «тоғыз жасар қыздармен некелесуге рұқсат берілді» деген ақпарат толқынын тудырды. Factcheck.kz редакциясы жаңа өзгерістердің мәнін анықтап, құқық қорғаушылар бұл түзетулерді неліктен балалар некесін заңдастыру деп санайтынын талдап шықты.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.