«Халықты дәріханалар арқылы қырып-жою. Провизордың сыры»: вирусты хабарламаны талдаймыз

WhatsApp мессенжерінде «Халықты дәріханалар арқылы қырып-жою. Провизордың сыры» деген тақырып қойылған хабарлама қайта-қайта тарап жатыр. Онда дәрілер тізімі мен олардың неліктен пайдасыз немесе қауіпті екені жазылған.

«Халықты дәріханалар арқылы қырып-жою. Провизордың сыры»: вирусты хабарламаны талдаймыз
Хабарламаның WhatsApp мессенжеріндегі скриншоты

Алғаш рет хабарлама әлеуметтік желілерде 2019 жылы тараған. Оны YouTube видео  форматында да, мәтін ретінде де әлеуметтік желілерде ғана емес, баспасөз құралдарында да, Пациенттерді қорғау лигасының, тіпті Денсаулық сақтауды ұйымдастыру және басқарудың жоғары мектебінің сайттарында да шыққан. Видеолардың бірінің сипаттамасында «провизор сырының» мазмұны жазылған Google Drive құжатына да сілтеме берілген. Қысқаша мазмұндаманы «Правовед ТВ» дайындаған, олар өздері туралы былай жазады: «мемлекетті басқару құпиясын, ақшаның, әлемдік банкирлер мен корпорациялардың сырын білгісі келетіндерге арналған танымдық арна».

Материал авторы — провизор ретінде Георгий Демидов таныстырылған. Желіде оның курстары туралы ақпарат көп. Мысалы, «Қартаюды тоқтатыңыз» немесе «Жастар курсы». Екеуі де бір жылға созылады. Демидов БАД ішу арқылы «биохимиялық, гормоналды және органогенді» жасартуға уәде береді.

Factcheck.kz редакциясы хабарламадағы әр пункті тексеріп, оны дәлелдейтін немесе теріске шығаратын ұғымдарды іздеп көрді. Назар аударыңыздар: тексеріліп отырған мәлімдемелердің орфографиясы мен пунктуациясы сақталған.

Мәлімдеме: Георгий Демидов дәріханаларда провизор болып 25 жылдан артық жұмыс істеген. Ол әр дәріханада бар 4000 медикаменттің ішінде: 1500-і плацебо (плаце‌бо — дәрілік заттардың имитациясы ретінде қолданылатын емдік қасиеті жоқ заттар); өмірге қауіпті 286 препарат; әскери улаушы заттар — 83 препарат!!!

Хабарламадан

Үкім: Дәлелденбеген

Көрсетілген сандар мен деректердің шын екенін айту үшін қандай да бір құжатты дәлелдер келтіру керек, бірақ хабарламада ондай жоқ. Тек біз әрі қарай талдайтын бірнеше препараттың сипаттамасы бар.

Мәлімдеме: ТАЛИДОМИД препараты АҚШ-та өндірілген. Оны жүкті әйелдерге тағайындайды. АҚШ-та мұндай препаратты ішкен соң білек пен табаны иық пен саннан өсіп шыққан 40 мыңнан астам бала дүниеге келді. Яғни, сирағы мен саны жоқ. Ауыр жарымжандық. АҚШ территориясында оған тыйым салынған, өте улы саналады. Ресейден басқа еш жерде сыймады. Бізде ол ұйықтататын дәрі ретінде жүреді. Сонымен қатар оны жүрегі ауыратын және онкологиялық ауруға шалдыққандарға жазып береді.

Георгий Демидов

Үкім: Манипуляция

Препаратты 1950 жылдары жасаған және жүкті әйелдерге ұйықтататын немесе жүрегі айнығанын басатын дәрі ретінде берген. 1956-1961 жылдары талидомид сатылымда болған, бірақ оның қауіпсіз емес екені туралы медициналық шағымдардан соң тыйым салынған. Дәрінің ауыр кері әсерінен фокомедиясы (физикалық деформация және генді мутация) бар балалар дүниеге келген. Препаратты дұрыс қолданбау нәтижесінде әртүрлі деректер бойынша 8–12 мың бала дүниеге келген. Талидомид трагедиясы туралы ғылыми мақалалар әлі күнге дейін шығып тұрады. Десе де, талидомидті зерттеу жалғасып, оның қай ауруларға тиімді әсері бары туралы деректер шыға бастады. Мысалы, 2004 жылы Lancet журналында талидомидті рак пен қабыну ауруларын емдеуде қолданылатынын айтатын мақала шықты. Британия дерматологтар ассоциациясы 2022 жылы талидомидтің дерматологияда қолданылу мүмкіндігі туралы жазды. АҚШ-та препарат 1998 жылы лепраны емдеуге жіберілді. Азық-түлік өнімдері мен медикаменттер сапасын санитарлық бақылау басқармасының сайтында талидомид миеломаға қарсы дәрі ретінде көрсетілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз кезегінде 2006 жылы тератогенді әсері үшін талидомидті лепраны емдеу үшін пайдаланбауды ұсынып, талидомидті балалар тууы жалғасып жатқанын, бұл талидомидті дәрігерлердің бақылауынсыз ішу және реттеудің жетіспеушілігін көрсететінін атап өтті. Препараттың Ресейде ұйықтататын дәрі ретінде сатылатынына дәлел таба алған жоқпыз, дәрілік препараттар реестрінде де тіркелмеген.

Мәлімдеме: ГЛЮКОЗАМИН СУЛЬФАТ — болмайтын препарат. Адамдар оны үш айлап ішеді және ешбір емдік қасиеті дәлелденбеген.

Георгий Демидов

Үкім: Шындық

Бұл расымен «Пайдасыз дәрілік заттардың тізбесіне» — ғылыми дереккөздер ешқандай әсері жоқ екенін дәлелдеген дәрілер базасына енген. Кокрейн деректер базасындағы шолуға сәйкес, сынақ кезінде глюкозамин ішкен адамдар плацебо ішкен адамдар секілді ауырсынудың басылғанын айтқан. Кей зерттеулерде глюкозамин ішкенде буындарының қызметі жақсарғанын жеткізген, бірақ бағалау әдісі өзгерген кезде керісінше нәтиже шыққан.

Мәлімдеме: ПАРАЦЕТАМОЛ препараты — бұл дәрі емес, мұнай өнімінің қалдықтары. 13 грамм парацетамол өкпеге орта деңгейлі сары ауру секілді әсер етеді.

Георгий Демидов

Үкім: Манипуляция

Парацетамол ғана емес, басқа да дәрілер мұнай химиясы көмегімен өндіріледі. Сонымен қатар медициналық жабдықтар мен протездердің көбі мұнай мен мұнай өнімдерінен жасалады. Сондықтан автордың бұл деректі қорқынышты жаңалық ретінде беруі 13 гр. парацетамолды орта дәрежелі сары аурумен салыстыруы секілді манипуляцияға жатады. Ең алдымен, ақыл-есі түзу ешбір адам парацетамолдың мұндай көлемін ішпейді. 13 гр. бұл — 26 таблетка. Көп көлемде ішу ағзаға, оның ішінде өкпеге зиян тигізуі мүмкін екені анық. Алайда кез келген дәрі мен басқа да өнімдерді артығымен ішу сондай нәтижеге әкеледі. Әр дәрінің кері көрсетілімдері мен әсері, сонымен қатар ішу нормасы болады. Дені сау адамның парацетамолды терапевтік дозада ішуі — қауіпсіз және тиімді саналады.

Препаратты жасау әдісі туралы айта кетсек: 2023 жылғы шілдеде қызық жаңалық шықты. Бат университеті зерттеушілері (Ұлыбритания) ибупрофен мен парацетамол секілді ауырсынуды басатын препараттарды қағаз өндірісі арқылы алу жолдарын тапты. Георгия Демидов өзін «табиғи» медицина өкілі ретінде айтатындықтан, оларды бұл қуанта қоймас. Бірақ дәлелді медицинаны жақтаушылар үшін бұл назар аударуға тұрарлық кейс.

Мәлімдеме: Ауыр және улы препарат — КАГОЦЕЛ… Бұл препаратқа 1998 жылы әрине, Ресейден басқа, қалыпты елдердің бәрінде тыйым салынған. КАГОЦЕЛ ХАЛЫҚТЫ СТЕРИЛЬДЕУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ. Ол имунды жүйеге әсер етпейді, оның адамдарды стерилдейтін кері әсері бар. Дәрігерлердің өзі алегоспремия болуы мүмкін екенін айтады, бірақ бір жылда ол қайта қалпына келеді. Бірақ іс жүзінде олай емес. Ол да тағайындамау мүмкін емес «өмірлік маңызы бар» препараттарға жатады.

Георгий Демидов

Үкім: Манипуляция

«Кагоцелдің» пайдасы жоқ, бірақ улы емес. Ол да «Пайдасыз дәрілік препараттардың тізімінде» бар. Оның иммуностимулятор және вирусқа қарсы дәрі ретіндегі тиімділігі дәлелденбеген. Дәрі посткеңестік елдерде ғана жарнамаланады және сатылады. Батыста оған тайым салынбақ түгілі, тіркелмеген де. Ол ДДСҰ негізгі дәрілік препараттар тізімінде де жоқ. «Кагоцел» қауіпсіздігінің тиімділігін зерттеу халықаралық журналдарда жоқ. Ресейде оны 2019 жылға дейін қажет және маңызды дәрілік препараттар тізіміне енгізген, сондықтан Демидовтің бұл тұжырымы ішінара дұрыс деуге болады. Алайда 2023 жылғы тізімде «Кагоцел» жоқ.

«Кагоцелдің» ерлердің репродуктивті жүйесіне әсері мәселесі әлі даулы. 2020 жылғы ақпанда Росздравнадзор препараттың қауіпсіз екенін айтып, дәріні жасаушылардың жануарларға жасаған зерттеуіне және жағымсыз әсерінің жоғына сілтеме жасаған. Кейінірек қарашада «Кагоцел» өкілдері сот ісін жеңіп шығып, госсипол еркін түрде препарат құрамына кірмейтінін және өзі ешқашан контрацепцияға арналмағанын дәлелдеді.

Бұл жерде бірнеше проблема бар. Біріншіден, өндіруші компания жүргізген зерттеулер мүдде қайшылығын қамтиды, яғни, жалғыз дәлел бола алмайды. Екіншіден, сперматогенезге ықпалын бірден байқау мүмкін емес, яғни, оны препаратты қолданумен байланыстыру да қиын. Үшіншіден, препараттағы госсиполдың құрамы мен оның ағзаға ықпалы да күмән туғызады. 2014 жылдың өзінде медицина ғылымдарының докторы Елена Ушкалова мен ғылым кандидаты Наталья Чухарева рецептсіз сатылатын препараттар сатылымының қауіпсіздік проблемасы туралы мақалада «Кагоцел» қолдану салдары туралы зерттеулердің жоқ екенін, фармакокинетикаға сәйкес, госсипол ағзаға тарай алады, ал препараттағы құрамы өндіруші компания мен патентке қарағанда әртүрлі екенін айтты.

Осылайша, сарапшылар ер адамдарға, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге вирусқа қарсы басқа препараттарды қолдану қауіпсіздеу саналады деген қорытындыға келеді.

Мәлімдеме: Жылқыларды ФИНИЛБУТАЗОН препаратымен емдейді, ол рак ісігін 14-39 есе қоздырады. Адамдарға байқамай жылқы етін береді. Бір жарым жылдан соң да есіңде қалатындай шу болды. РЕОПИРИН препараты —260 руб. — 250 мг капсула немесе ампула. Фармакологиялық атауын оқимыз — ФИНИЛБУТАЗОН. Яғни, адамдарда рак тудыратын препарат. Еуропалықтар қорқатын нәрсе бізде улы дәрі түрінде сатылып жатыр.

Георгий Демидов

Үкім: Манипуляция

Реопирин — құрамына фенилбутазон кіретін қабынуға қарсы препарат. Оның терапевтік мақсаттағы дозасы адамдарда рак ісігін дамытатыны туралы деректер табылмады. Рактың пайда болу қауіптері туралы тышқандарға жасалған екі жылдық зерттеу канцерогенен тышқандарда рак тудыратынын айтқан. Бірақ препараттың адамдарға да солай әсер етеді деуге болмайды.

Жылқы еті дауы расымен болған. 2013 жылдың басында БАҚ Ирландия мен Британия супермаркеттерінде сиыр еті ретінде сатылған етте жылқы еті, шошқа етінің ДНҚ-сы табылғанын хабарлады. Бұдан бөлек бұл факт діни топтардың ашуын туғызды. Тұтынушылар етте анальгетик ретінде ветеринарияда қолданылатын және жеуге арналған етте тыйым салынған фенилбутазонның болуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Британияда 2013 жылғы 30 қаңтар мен 7 ақпан аралығында көмілген жылқының 206 өлігін зерттеу олардың сегізі фенилбутазон жұқтырғанны, олардың алтауы Франциядан жіберілгенін көрсетті. Ұлыбритания бас дәрігері Салли Дэвис 1,9 мг/кг көрсететін ластану деңгейі «адам өмірі үшін үлкен қауіп төндіретінін» мәлімдеді. Ол адамға тәуліктік терапевтік дозаны алу үшін фенилбутазонның осындай мөлшерін қамтитын жылқы етінен жасалған 500-600 гамбургер жеу керек болады деді.

Азаматтардың алаңдаушылығы фенилбутазонның «у» екеніне емес, басқа препараттар секілді оның қолдану нұсқаулығы бар екеніне, азық-түлік құрамында болмауы керегіне қатысты болды. Еуропада фенилбутазон медицинада ештеңе көмектеспеген кезде қабыну жағдайларын емдеу үшін белгілі бір мөлшерде қолданылады.

Мәлімдеме: АРБИДОЛ — туфта препарат, клиникалық әсері мүлдем дәлелденбеген. Суық тиюге еш мәні жоқ.

Георгий Демидов

Үкім: Шындық

Бұл препараттың тиімділігі расымен дәлелденбеген және ол да «Кагоцелмен» бірге «Пайдасыз дәрілік препараттардың тізбегінде» бар.

Мәлімдеме: Қышымаға қарсы КАРБЕНДАЗИМ препараты – у. Таблеткадағы МЕДАМИН. Ол бүкіл әлемде өте улы препарат ретінде белгілі. Бірақ біздің елде оны ішек құрттарына қарсы дәрі ретінде енгізді. Менде химия дипломы бар, бұл препараттың құрттарға қарсы әсері бар екенін біреу дәлелдесе, дипломымды жеп қояйын. БҰЛ ЖАЙ ҒАНА УДЫ САТУ.

Георгий Демидов

Үкім: Дәлелденбеген

«Медамин» препараты расымен бар (Ресейде ғана емес, кемінде Украина мен Өзбекстанда) және антигельминтті ретінде жүреді. Оның негізгі құрамы карбендацим саналады. Ғылыми әдебиетте карбендацим үнемі ауыл шаруашылығында қолданылатын және өсімдіктерге, жауанрларға, адамдарға әсері зерттелетін фунгицид (1, 2) ретінде айтылды. Карбендацим — улы зат. Экологиялық қауіп болғандықтан, оны ауыл шаруашылығында қолдану қажеттілігі күмән туғызады. «Карбендацим» кілт сөзі бар ғылыми жарияланымдар іздеген кезде оның медициналық тұрғыда қарастыратын материалдар бірен-саран ғана. Мысалы, Anti-Cancer Agents in Medicinal Chemistry журналындағы 2018 жылғы материалда карбендацим ракқа қарсы дәрі ретінде сипатталады.

Ғылыми әдебиетте «медамин» сөзі сирек, көбіне П. Г. Сергиев атындағы орталықтың «Медициналық паразитология және паразитті аурулар» журналында (1, 2) кездеседі. Бұл таң қалдырмайды: ғылыми мақалалардың бірінде айтылғандай, «Медамин» – КСРО денсаулық сақтау министрлігі медициналық паразитология институты мен Өзбек КСР Ғылыми академиясы өсімдіктер химиясы институты жасаған кеңестік препарат. «Медамин» тиімділігі журнал жазбаларында айтылады, алайда олардың бәрі жиырма жыл бұрын жарияланған. Сонымен қатар «Медаминнің» басқа журналдардағы медициналық сипаттары анализі жоқ екені байқалады. Оған қоса, Демидовтың «медаминнің» улы екені туралы сөзінде дәлел келтірілмеген. Сондықтан біз «дәлелденбеген» деген үкім қоямыз.

Мәлімдеме: Қарапайым аскорбин қышқылымен сіз атерослерозды жарты жылда 50%-ке емдей аласыз.

Георгий Демидов

Үкім: Дәлелденбеген

Кей зерттеулерге сәйкес, аскорбин қышқылы атерослероздың алдын алуға көмектеседі (1, 2, 3). Алайда атерослерозды емдейтін жалғыз дәрі ретінде аскорбин қышқылының тиімділігі дәлелденбеген.

Түйін

Тексерілген хабарламада шын мәлімдемелер болғанына қарамастан, жалпы ол манипцляцияға келеді және аудиторияның дәрілік препараттар туралы бұрмаланған ой қалыптастыруына және дәстүрлі медиицинаға жағымсыз көзқарас тудыруына бағытталған. Дәлелденбеген ақпараттан бөлек, мәтінде оқырмандардың бойында үрей тудыратын эмоциялық реңкі бар сөздерн қолданылған. Бұл әдіс емдеудің күмәнді әдістері мен препараттарды сатуға тырысатын алаяқтар арасында кең танымал.

Factcheck.kz