Ғажайып пен қуаныш сезімін сыйлайтын фейерверктер жаңа жыл мерекесінің ажырамас бөлігі. Алайда олардың танымалдылығын ескере отырып, маңызды сұрақ туындайды: фейерверктер ауаның сапасына әсер ете ме, егер әсер етсе, қалай?
Factcheck.kz фейерверктер ауаны шынымен ластай ма, жоқ па соны тексеріп көрді.
Үкім: Шындық
Фейерверктердің көптеп шашылуы көмірқышқыл газы, көміртек оксиді, азот, күкірт диоксиді және қатты бөлшектер сияқты көптеген ластаушы заттың шығарылуына әкеледі, бұл қысқа мерзімде ауаның сапасына өте теріс әсер етеді.
Фейерверктердің қоршаған ортаға әсері кең мағынада ұзақ мерзімді болуы мүмкін, егер фейерверктердің іске қосылуынан туындайтын ластаушы заттардың адамдардың, жануарлардың, топырақтың және су көздерінің денсаулығына тигізетін зияны ескерілсе. Бірақ бұл материалда бұл аспектілерге тоқталмаймыз.
Толығырақ
Фейерверктің негізгі құрамы — 75% калий нитраты, 15% ағаш көмірі және 10% күкірттен тұратын барут, деп түсіндіріледі Earth.org экологиялық ресурсының сайтындағы мақалада. Бұл барут сыртқы қабықшаға салынып, фитиль арқылы тұтандырылғанда химиялық реакция — жарылыс пайда болады.
Жарылыс түрлі-түсті және әсем болу үшін барутқа стронций, натрий, барий, мыс сияқты басқа минералды элементтер қосылады. Сонымен қатар, өнімге көмір, күкірт, алюминий, марганец, перхлораттар қосылады, олар стабилизаторлар мен тотықтырғыштар ретінде әрекет етеді.
Фейерверктің жарылысы көмірқышқыл газы, көміртек оксиді, азот оксиді, күкірт диоксиді және қатты бөлшектер сияқты түрлі химиялық заттардың шығуына әкеледі.
Қатты бөлшектер (PM — Particulate Matter) — ауадан, мысалы, түтін немесе шаңнан алынған микроскопиялық қатты бөлшектер мен сұйықтық тамшыларынан тұратын қоспа. Олар ауаның ең қауіпті ластаушы заттары болып саналады және адамның денсаулығына қауіпті. Бөлшектер әртүрлі өлшемдерде болады, бірақ әдетте екі түрі бөлінеді — PM10 және PM2.5, яғни 10 микрометр және 2,5 микрометр өлшемді бөлшектер (салыстыру үшін, адам шашының диаметрі 70 микрометр).
BBC-дің АҚШ-тағы мерекелер кезінде фейерверктердің ауаның сапасына әсері туралы мақаласында, фейерверктердің жаппай атылуы кезінде ауадағы PM2.5 бөлшектерінің концентрациясының (15 есеге дейін) күрт жоғарылауы туралы бірнеше зерттеулер келтіріледі.
Earth.org, Atmospheric Environment журналында жарияланған зерттеуге сілтеме жасап, Үндістанда түрлі мерекелер кезінде салюттардан ауадағы қатты бөлшектер концентрациясы 35 есе артатынын жазады.
Ұқсас зерттеулер басқа елдерде де жүргізілген, мұнда ғалымдар мерекелік фейерверктердің ауадағы қатты бөлшектердің деңгейін арттыратынын анықтаған (1, 2).
Аталған зерттеулер әдетте фейерверктердің ауаны ластау әсерінің қысқа мерзімді сипатта болатынын айтады. Бұл фейерверктердің шашылуы — қысқа мерзімді, салыстырмалы түрде сирек және аумақтық шектеулі әрекет екенін түсіндіреді. Дегенмен, жоғарыда айтылғандай, қоршаған ортаға әсері кең мағынада ұзақ әрі айтарлықтай болуы мүмкін.
Сонымен қатар, фейерверктер экологияға жанама түрде зиян тигізуі мүмкін, мысалы, орман өртінің себебі болуы мүмкін.
Шешімдер қандай
Кейбір елдердің билігі тыйым салатын шараларға жүгініп жатыр. Earth.org Қытайды мысалға келтіреді, онда кейбір қалаларда ауаның сапасын жақсарту мақсатында фейерверктерге тыйым салу тәжірибесі бар және мұндай шаралар ақталып шықты.
Сондай-ақ, қазіргі таңда экологиялық таза фейерверктер бар, олар азот негізіндегі таза жанатын отынмен жасалады. Мұндай өнімдердің өндірушілері перхлораттар деңгейін төмендетуге, ауыр металдарды қаупі аз заттармен алмастыруға тырысады. Дегенмен, бұл өнімдер толықтай экологиялық таза емес екені анық.
Бүгінде лазерлік шоу мен дрон шоулары көбірек танымал. Олар да кем түспейтін әсем көрініс береді, және кейбір американдық штаттар мерекелерде ауа ластануын азайту және өрт қауіпін төмендету үшін соларды қолдана бастады. Мүмкін, болашақта олар фейерверктердің орнын толық басатын шығар.
Материалды Factcheck Dive түлегі Артём Ермоленко дайындады