Фейк: көгершіннің қаны көкжөтелді емдейді

Көкжөтел — балаларда біршама күн болатын булықпа жөтелмен сипатталатын бактериалды сипаты бар ауру. Қазір желіде оны емдеудің оғаш түрін кездестіруге болады: кейбір интернет қолданушылар көгершіннің қаны көкжөтелді емдей алатынын жазып жүр.

«Екі баламда да көкжөтел бар. Үлкен балам (4 жаста) қараша айынан бері, ал кішім (2 жаста) желтоқсаннан бері ауырады. Өте ауыр жағдай. Булығып, құсқанша жөтеледі. Ешбір педиатр көмектесе алмайды. Сосын екеуіне де бір шай қасықтан күніне бір рет көгершіннің қанын бердік», — деп жазылған Instagram-да 2024 жылғы 10 қаңтарда пайда болған жазбада (архив сілтеме).

Бұл әдіс Қазақстанда ғана танымал емес сияқты.

Baby.ru деген ресейлік форумда 2016 жылы экзотикалық ем түрінің тиімділігі туралы сұрақ кездеседі (архив сілтеме).

«Қыздар, көкжөтелді көгершінмен емдеп көрдіңдер ме? Оны көгершіннің қанымен және сорпасымен емдеуге болады дейді ғой. Әрине, жабайы естіледі, бірақ балаң үшін не істемейсің…» — деп жазылған жазбада.

Kidstaff.com.ua деген украиналық сайтта 2012 жылы жазылған көкжөтел туралы жазбаның астында дәстүрлі емес ем түрлері туралы пікірі жазғандар да бар.

«Құрбымды көкжөтелден емдегенде күнде таңертең ерте шық тұрғанда далаға алып шығатын. Ең қызығы, тіпті, көгершін беріп, көгершіннің қанымен емдеген сияқты. Анасы солай аман қалғанын айтып отыратын» деп жазылған сайт қолданушысының хабарламасында (архив сілтеме).

Factcheck.kz редакциясы қауіпті аурумен күресуге халық емі бар-жоғын тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Ғылыми тұрғыда көгершін қаны көкжөтелге қарсы тиімді ем түрі емес, тіпті, кесірін тигізуі де мүмкін. Заманауи диагностикада антибиотиктер жақсы нәтиже беруі мүмкін. Бірақ баланы көкжөтелден қорғаудың ең жақсы жолы — вакцина салу.

Толығырақ

Біз Страсбург университеті молекулярлы биология және вирусология саласындағы PhD докторы, ғалым Әсел Мұсабековадан көкжөтелді көгершін қанымен емдеу туралы сұрадық.  

«Бұл тиімді әдіс емес, себебі әртүрлі инфекция жұқтыру қаупі бар. Жалпы әртүрлі инфекция қаупі болғандықтан, құстарға артық жақындамаған жөн» деді Мұсабекова біздің сұрақтарға жауап бере отырып.  

«Әдетте лицензия алмаған, қандай да бір қан өнімдерін қолдануға ешқандай жағдай жасалмаған мекемелер емделудің осындай дәстүрлі емес жолдарын ұсынып жатады. Мұның бәрі қауіпсіз емес. Бұл неліктен тиімсіз? Көкжөтел Bordetella pertussis бактериясын тудырады [ауырып қалған жағдайда] көмектесетін жалғыз жол — антибиотик, оның өзінің әсері аз уақытқа ғана созылады» — деді ол.

Сарапшы көкжөтел кейде «жүз күндік жөтел» деп те аталатынын айтты. Ауру әдетте асқынусыз өтетін ересектерге қарағанда, балаларда тыныс алу жолдары кішірейетіндіктен, аурудың қауіпті әрі ауыр салдары болуы мүмкін. Жағдай тіпті өлімге апарып, тыныс алуы тоқтауы немесе бала құсығына шашалып қалуы да мүмкін.

Фейк: көгершіннің қаны көкжөтелді емдейді
Дереккөз: Vlast.kz

Мұсабекованың сөзінше, көкжөтел бактериялары мидағы жөтел орталығын 2-3 айға белсенді етеді. Содан кейін ағзадағы бактериялардың болуы немесе болмауы оған әсер етпейді — бактерияны антибиотикпен жойса да, «жөтел орталығының белсенді болуы 3 айға дейін созылатын ұзақ жөтелге әкеледі».

Вирусолог айтқандай, Қазақстанда дәрігерлер ауруды көбіне әдеттегі ЖРВИ-мен шатастырады. Енді түсінген кезде, диагностикадан соң алғашқы апталарда көмектесуі мүмкін антибиотиктер пайдасыз болып қалады. Тағы бір проблема  — «көкжөтел бактериялары асықпай резистенттілік қалыптастырады (антибиотикке тұрақтылық— ред.) дейді Мұсабекова. Сондықтан, антибиотикпен емдеу де көмектеспеуі мүмкін.

Көкжөтелдің алдын алатын жалғыз жол — көкжөтелге қарсы вакцина алу.

Вакцина күнтізбесіне сәйкес, бізде екпе баланың 2, 3 және 4 айында, одан кейін 1,5 жасында алуы керек. Бұл вакциналаудың бірінші кешені. Бір доза жетпейді, толық курс керек. Одан кейін 6 жаста бір рет қайталанады.  Бұл жастан кейін мемлекет төлейтін екпе қарастырылмаған, бірақ қалауы бойынша одан әрі де екпе жасатуға болады. Бірақ бұған дейін айтқанымыздай, 6, 10 жастан соң көкжөтел аса қауіпті емес.

Әсел Мұсабекова

Ғылыми зерттеулердің қолжетімді базасынан көкжөтелді көгершін қанымен емдеу туралы ештеңе таба алған жоқпыз.

Контекст

2023 жылы Қазақстанда көкжөтел жұқтырған 393 жағдай тіркелген. Ал 2022 жылы тек үш жағдай болған деп хабарлайды «Власть» интернет басылымы денсаулық сақтау министрлігінің санитарлы-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің дерегінше, ауру қарқыны «жоспарлы вакцина алмау және вакцинадан бас тарту себебінен ұжымдық иммунитеттің төмендеуінен» артқан.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz