2025 жылдың мамыр айының басында мессенжерлерде, әлеуметтік желілер мен түрлі форумдарда (1, 2, 3, 4, 5, 6) «Бүгіннен бастап 9 мамыр мерекесі аяқталғанға дейін» кейбір еріктілер іс-шаралар кезінде уланған су мен тәттілер таратып жатыр деген мазмұндағы хабарлама кең тарады. Оның авторы (немесе авторлары) бұл әрекетті «Улау операциясы» деп атап, жұртты тегін ұсынылған сусын мен тәтті тағамдарды алмауға шақырады.

Factcheck.kz редакциясы бұл ақпаратты тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
Бұл уланған заттар туралы ескі аңыздың жаңа нұсқасы. Мұндай оқиғаның расымен болғанын дәлелдейтін ешбір айғақ жоқ. Хабарлама алдымен Ресейдің интернет кеңістігінде пайда болып, кейін Қазақстанда тараған.
Хабарламада күмән тудыратын бірнеше «қызыл жалау» (яғни, жалған ақпарат белгілері) бар: леп белгілерінің шамадан тыс көп болуы, бас әріппен жазылған сөздер, грамматикалық қателер, эмоцияға құрылған сөздер, хабарламаны таратуға шақыру, нақты дереккөздердің болмауы және автордың (немесе авторлардың) аты-жөнінің көрсетілмеуі. Бұдан бөлек, оқиға қай жерде және қай күні болғаны туралы ақпарат жоқ — «еріктілердің» нақты қай қалада әрекет етіп жатқаны, «бүгін» дегеннің қай күн екені белгісіз.
Сондай-ақ, жалған ақпаратты анықтауға көмектесетін тағы бір белгі — ксенофобиялық, қорлайтын немесе өшпенділік тілдің қолданылуы. Мұндай лексика ресми ескертулерде кездеспейді. Олар көбіне адамның эмоциясына әсер етіп, ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау қабілетін төмендетеді.
Толығырақ
Бұл фейктің таралуына екі жаңалық түрткі болуы мүмкін.
Әлеуметтік антрополог Александра Архипова Telegram парақшасында 5 мамырда интернетте Ямало-Ненец автономды округі бойынша Ресей ТЖМ Бас басқармасының бастығы, генерал-майор Олег Гилев қол қойған ішкі құжат пайда болғанын жазған (1, 2). Онда 9 мамырға орай Украина арнайы қызметтері маркетплейстер мен дүкендерге у салынған капсуласы бар әскери фляжкаларды жібергені туралы айтылған. Осыған байланысты жеке құрамға оларды сатып алмауға және сыйға тартпауға кеңес беріледі.
Келесі күні, 6 мамырда, интернетте дәл осы мазмұндағы, бірақ Украина арнайы қызметтері жайлы айтылмаған ұқсас құжат тарады. Бұл жолы ол Камчатка өлкесі бойынша Ресей ТЖМ Бас басқармасынан, генерал-майор Игорь Михно қол қойған нұсқада ұсынылған.


Аталған екі құжаттың да, ондағы мәліметтер де ресми түрде расталмаған. Соған қарамастан, 6 мамырдан бастап интернетте уланған су құйылған бөтелкелер мен фляжкалар, сондай-ақ у қосылған кәмпит пен шоколад таралып жатыр деген хабарламалар жаппай тарай бастады. Архипованың айтуынша, бұл жолы мессенджерлердегі хабарламаларда ақпарат тіпті қарапайым түрде берілген: капсула салынған фляжкалар туралы нақтылау жоқ, тек уланған су мен тәтті тағамдар туралы ғана айтылған. Эмоциялық әсерді күшейту үшін «у бір-екі сағат ішінде өлтіреді» деген мәлімет қосылған.
«Бұл қорқынышты оқиғаның сюжеті жаңалық емес. Бұл — уланған киім-кешек немесе заттар (джинсы, сағыз және т.б.) туралы ескі аңыздың жалғасы. 1952 жылы яһудилер мектептердегі суға у қосты делінсе, 1956 жылы Мәскеу билігі жастар мен студенттердің фестивалі қарсаңында капиталистер жергілікті тұрғындарға у енгізетін микроинъекциялар жасайды деп қауіптенген. 1970-жылдары туристер уланған кәмпит таратты делінді. Ал 1980 жылғы Олимпиада алдында америкалықтар кеңестік оқушыларға уланған сағыз, қалам және шамдар ұсыныпты деген қауесет тараған», —
деп жазады Александра Архипова.
Хабарламаның алғашқы нұсқасында бұл ақпарат «қызметтестерден» алынғаны айтылғанын ескерте кету керек. Біз талдап отырған нұсқада бұл деталь да, у салынған фляжкалар да жоқ.
7 мамырда Ресей ІІМ мен өңірлік құқық қорғау органдарына сілтеме жасай отырып бұл ақпаратты жоққа шығаратын мәлімдемелер жарық көре бастады (1, 2).
Factcheck.kz редакциясы бұған дейін де «уланған әтір» немесе «уланған кәмпит» туралы таралған хабарламаларды бірнеше рет талдаған еді (1, 2, 3, 4). Олардың ешбірі расталмаған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.