Фактчек | Жамаубаев мемлекеттік даму бағдарламаларының нәтижелері туралы

Біз ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың 9 маусымда Мәжілісте жасаған мәлімдемелерін тексеруді жалғастырамыз. Бұл жолы министрдің 2020 жылға арналған ең маңызды мемлекеттік даму бағдарламаларының нәтижелері туралы мәлімдемелерін тексеріп көреміз.

Мәлімдеме: …«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында транзиттік жүк көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 20%-ға артып, 23,5 млн тоннаға жетті.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Шындық

Шынында да, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың есебінде 2020 жылдың соңына қарай транзиттік жүк тасымалдау көлемі 23,5 миллион тоннаға жеткені айтылған. 2020 жылғы қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы Қазақстан арқылы 19,4 миллион тонна жүк тасымалданды деп хабарлады. Осылайша транзиттік жүк көлемі 21,1%-ға артқан.

Мәлімдеме: «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайдалануға 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй берілді.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Шындық

Ресми дереккөздерге (ҚР премьер-министрінің сайтына) сүйенсек, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8%-ға өсіп, 15,3 млн шаршы метр болған. Мұны Ұлттық статистика бюросы да растайды.

Мәлімдеме: Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 105 мыңға жуық жұмыс орны сақталды және пайда болды.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Манипуляция

Бұл жерде спикердің тұжырымдамасы өңдеу өнеркәсібі саласындағы жұмыспен қамту деңгейін нақты көрсетпейді, ал негізі аталған бағдарлама осы саланы дамытуға бағытталған еді. Жекелеген бағыттар мен өндірістерде жаңа жұмыс орындары пайда болды (сақталды) делік, алайда жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны азайды.

«Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері» атты статистикалық бюллетенін қарап көрейік. Отандық статистика мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштеріне сүйене отырып, өңдеу өнеркәсібінде «жұмыспен қамтылған» барлық азаматтардың саны, керісінше, азайғанын айтады. Бұл ретте кәсіпорындардың саны артып, соның арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болуы керек еді. Айта кетейік, бұл жерде әңгіме дәл осы өңдеу өнеркәсібіндегі жұмыс орындарына қатысты болып отыр, себебі бұл аталған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бір бағыты еді.

  • Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтіндер саны: 2019 жылы – 583,6 мың адам, 2020 жылы – 581,8 мың адам.
  • Қызметкерлердің нақты саны (металлургия, фармацевтика, құрылыс материалдары өндірісі, химия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп): 2019 жылы – 207,6 мың адам, 2020 жылы – 200,5 мың адам.
  • Өңдеу өнеркәсібіндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны: 2019 жылы – 15803, 2020 жылы – 16862.
Фактчек | Жамаубаев мемлекеттік даму бағдарламаларының нәтижелері туралы
* Металлургиядағы, фармацевтикадағы, құрылыс материалдары өндірісіндегі, химиядағы, машина жасаудағы, жеңіл өнеркәсіптегі қызметкерлердің нақты саны. Дереккөз: «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері» бюллетені.

Мәлімдеме: Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық субсидиялармен 29 мыңнан астам жоба қамтылды.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Техникалық қателік

Пандемияға байланысты агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған мемлекеттік қолдау артты деп айтуға болады. Нақты инвестициялық субсидияға келетін болсақ, Kazinform ақпарат агенттігі жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми ақпаратына сілтеме жасай отырып былай деп  хабарлады: инвестициялық субсидия алуға өтінімдер саны 2019 жылы 22,7 мың болып, 2020 жылы 26,2 мыңға дейін артты.

2019 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін инвестициялық субсидиялауға республикалық бюджеттен 107,6 млрд теңге, 2020 жылы 112,3 млрд теңге бөлінді. Еске сала кетейік, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы АӨК субъектілерінің шығындарының 25%-ын өтеуге бағытталған, ол үшін олар инвестициялық салымдар тартуы қажет.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz