Фактчек | Тоқаев асыраушысынан айырылғанда берілетін төлем туралы

2023 жылы 29 наурызда Қазақстан Республикасы парламенті сенат пен мәжілісінің біріккен отырысы өтті. Жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылған азаматтардың жағдайы туралы сөз қозғады. Factcheck.kz редакциясы президенттің мәлімдемесін тексеріп көрді.

29.03.2023 күнгі парламенттің біріккен отырысы. Таймкод: 54:40

Мәлімдеме: … Осы орайда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, Қазақстанда 2021 жылғы есеп бойынша, 696 825 мүгедектігі бар адам болған.

Мәлімдеме: Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және оларды күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз керек. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5%-ға көбейтуді тапсырдым. Мұны биылғы 1 қыркүйектен қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Бұл мәлімдемеге қатысты нақты үкім шығаруға екі белгісіз жайт кедергі келтіреді:

  1. Тоқаев нақты қай өңір туралы айтып отырғанын нақтыламады. Бұл Орталық Азия елдері деген болжам жасауға болады. 
  2. Президент «Қазақстан – жалпы әлеуметтік көмек ұсынатын жалғыз ел» деп айтқысы келді ме, әлде «осындай көлемдегі әлеуметтік көмек беретін жалғыз ел» дегенді меңзеді ме – беймәлім.

Біз Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Ресейде асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы бар-жоғын және олардың мөлшерін қарап шықтық. Дегенмен оларды салыстыруға келмейтін де сияқты, себебі әр елде есептеу тәсілі әртүрлі.

Мәселен, Өзбекстанда жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушысының орташа жалақысына байланысты, ал ол жасы мен жұмыс өтіліне байланысты. Ал РФ-да ол асыраушысының неден қайтыс болғанына, асыраудағы адамның әлеуметтік жағдайы мен тіпті ЖОО-да тіркеуде бар-жоғына да байланысты.

Әр елге рет-ретімен тоқталайық.

Қазақстан

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстанда асыраушысынан айырылған 305 167 адам жәрдемақы алады. Жәрдемақы көлемі еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі, біреу болса күнкөріс минимумының 0.85-і (34 481 теңге), алты және одан да көп асыраудағы адам болса күнкөріс минимумының 2.11-і (85 596 теңге) болады.

Қырғызстан

Қырғыз Республикасының әлеуметтік қорының мәліметі бойынша, елде асыраушысынан айырылған балаларға жәрдемақы төлеу қарастырылған. 2022 жылы жәрдемақының базалық мөлшері ата-анасының біреуінен айырылса әр балаға – 2 000 сом, екеуі де болмаса – 6 000 сом.

Өзбекстан

Әділет министрлігі жанындағы «Адолат» Ұлттық құқықтық ақпарат орталығының дерегі бойынша, Өзбекстанда мемлекеттік жәрдемақының 3 түрі бар: жасына байланысты, мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты беріледі. Бірақ азаматтарға таңдауына қарай жәрдемақының біреуі ғана төленеді.

Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы отбасының жұмысқа қабілетсіз әр мүшесіне зейнетақы есептелетін орташа айлық жалақының 30%-і беріледі, бірақ жасына байланысты ең төменгі зейнетақының 50%-інен кем болмайды;

Фактчек | Тоқаев асыраушысынан айырылғанда берілетін төлем туралы

Ал орташа жалақы жасы мен қажетті жұмыс өтіліне тәуелді. Әр міндетті жыл үшін жұмысқа жарамсыз отбасы мүшесінің жәрдемақы мөлшері асыраушысының орташа жалақысынан 0.5%-ке көтеріліп отырады.

Тәжікстан

Тәжікстан Республикасы президенті жанындағы Ұлттық заңнама орталығының мәліметі бойынша, асыраушысынан айырылған жағдайда жұмысқа қабілетсіз отбасы мүшелеріне жәрдемақы тағайындалады. Олардың қатарына кәмелет жасына толмаған отбасы мүшелері ғана емес, білім алатын, мүгедектігі бар адамдар да кіреді.

Асыраушысынан айырылуына байланысты тағайындалатын жәрдемақы отбасының жұмысқа жарамсыз әр мүшесі үшін асыраушысы болған адамның айлығының 30% көлемінде беріледі, бірақ жасқа байланысты алатын зейнетақының ең төменгі көрсеткішінің 50%-тен кем болмауы керек. Асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақының ең жоғары мөлшері жұмысқа жарамсыз әр отбасы мүшесіне жасына байланысты берілетін ең төменгі зейнетақының бес еселенген көлемінен аспау керек.

Түрікменстан

«Әлеуметтік қамтамасыз ету» туралы заңға сәйкес, Түрікменстанда асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы қарастырылған. Жәрдемақы мөлшері қазақстандық есептеу жүйесіне ұқсас тәсілмен шығарылады. Бір асыраудағы адамға — базалық шаманың 0,7 еселігі, төрт не одан да көп болса — базалық шаманың 1,8 еселігі төленеді.

Ресей

Ресейдің Әлеуметтік қорының мәліметі бойынша, асыраушысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы қарастырылған. Олардың қатарына мүгедектігі бар адамдар мен ЖОО-да оқитын 18-ден асқан азаматтар да кіреді. Жәрдемақы мөлшері асыраушысының не себептен қайтыс болғанына қарай, сондай-ақ жәрдемақы алатын адамның санатына қарай әртүрлі есептеледі.

Халықаралық тәжірибе

Жалпы асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақы көптеген дамыған елде қалыпты төлем. Мәселен, ЭЫДҰ-ның 2018 жылғы зерттеуіне сәйкес, ұйымға мүше тоғыз елде ғана асыраушысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы төленбейді. Орташа есеппен, мүше елдер ЖІӨ-нің кемінде бір процентін осы жәрдемақыны төлеуге жұмсайды.

14,5% өсім – жеткілікті ме?

Сарапшылар 14,5% деген өсім тек процент күйінде ғана жақсы секілді көрінеді дейді. Егер нақты сандарды мысалға алсақ, бір жұмысқа жарамсыз адамның жәрдемақысы 4 999,88 теңгеге ғана көбейетінін байқаймыз.

Қазақстанда 2023 жылғы күнкөріс минимумы – 40 567 теңге. Осыған қарай, асыраушысынан айырылған бір жұмысқа жарамсыз адамның жәрдемақысы (0.85 ПМ) 34 481,95 теңге. 14,5% өсімді қоссақ 39 491,83 теңгеге жетеді. Яғни айырмашылық 4 999,88 теңге ғана.

Бұл туралы толығырақ жаңа әлеуметтік кодекс туралы материалда жаздық. Сарапшылар да жәрдемақыны АЕК арқылы есептеу инфляцияны, содан кейін қазақстандықтардың шынайы жалақысы мен мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескермейтінін атап өтті.

Factcheck.kz