Фактчек | Польшада 250 мың запастағы солдатты әскерге шақыру салдарынан миграция артты

2022 жылдың 8 желтоқсанында Польшаның Dziennik Polityczny басылымы Ұлттық қорғаныс министрлігі әскери қызметке 250 мың запастағы солдатты шақыруды жоспарлап отырғаны туралы материал жариялады. Кейінірек бұл жаңалық желінің орыстілді бөлігінде (123), оның ішінде қазақстандық БАҚ-та да тарай бастады. Мақалада әскерге шақыру 2023 жылға жоспарланғанымен, ер адамдарды әскери комиссариатқа шақырып, мобилизация туралы хабарлама табысталып жатқаны айтылған. Польшалық басылым журналистерінің сөзінше, осыған байланысты, бірнеше апта ішінде елден 70 мыңға жуық адам кеткен.

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.  

Польшаның қорғаныс министрлігі 250 мың запастағысолдатты әскерге шақыратынын хабарлады, соның салдарынан елде миграция артып кетті: бірнеше аптада 70 мыңға жуық адам отанын тастап кеткен.

Dziennik Polityczny

Үкім: Шындыққа жақын және дәлелденбеген

Шындығы мынада: 2023 жылы Польшаның қорғаныс министрлігі 300 мыңға жуық запастағы сарбаз бен солдатты әскерге шақыруды жоспарлаған. Айта кеткен жөн, бұл шақырылуы мүмкін сарбаз саны, ал шын мәнінде одан аз болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл айтарлықтай жаңалық емес. Польша әскер санын 2022 жылдың басынан арттыра бастады. Ол кезде 285 мыңға жуық адам әскерге шақырылған, сол уақытта медиа (12) бұл туралы жарыса жазған.

Ал әскерге шақыру қағазын алдын ала табыстау мен «миграция толқыны» туралы ақпарат дәлелденбеген. Материалда дереккөзге сілтеме көрсетілмеген, сондай-ақ 70 мың адам нақты қанша апта ішінде отанын тастап кеткені жазылмаған. Польша статистикалық кеңсесі баспасөз қызметінің Factcheck.kz редакциясына берген түсініктемесіне сай, «Тұрақты мекенжайға қатысты ішкі және сыртқы миграция туралы мәліметтер жергілікті банк деректер базасына тек 2023 жылдың маусымында шығады».

Толығырақ

2022 жылға дейін әскери қызметке шақырылатын резервтегі әскери қызметкерлер саны 45 мың адамнан аспайтын. 2022 жылдан бастап Польшаның қорғаныс министрлігі олардың санын 285 мың адамға дейін арттырды. Мұндай бастама 2022 жылдың наурызында қабылданған «Отан қорғау туралы акт» (ағылш. — Homeland Defence Act) негізінде жүзеге асты. Бұл акт елдің әскери күшін нығайтуға, белсенді әскери қызметкер санын 300 мың адамға арттыруға, әскер шығынын ЖІӨ-нің 3%-не дейін өсіруге, әскерді модернизациялау және ерікті базалық әскери қызметті енгізуге бағытталған. Акт аймақтағы ушығып бара жатқан геосаяси жағдайға жауап болды.

«Польшаның қарулы күштері болуы керек, бүгінгі күні біз кездесіп отырған жағдайға сәйкес – шабуылға тойтарыс бере алатын және шабуылдың алдын алатындай күшті болуы керек. Қарсыластың шабуыл жасауға деген құлшынысын қайтарып жіберетіндей жеткілікті күшке ие болуы қажет», – деп атап өтті Польша премьер-министрінің орынбасары Ярослав Качиньский.

2022 жылдың желтоқсанының соңында Польшаның қорғаныс министрлігі 2023 жылы әскери қызметке шақырылуы мүмкін және резервте қызмет ете алатын адамдардың саны туралы мәлімет жариялады.

  • Кәсіби әскери қызмет — әскери қызметке кәсіби сарбаз ретінде, оның ішінде оқу кезінде шақырылуы мүмкін 17 128 адамға дейін;
  • Әскери оқулар — запастағы 200 000 әскери қызметкер, оның ішінде 200-і запастағы офицерлік және унтер-офицерлік курсын оқу үшін, сондай-ақ запастағы әскери қызметкерге жатпайтын запасқа шығарылғандар;
  • Белсенді резерв – қызмет етіп жүрген 10 000 запастағы сарбаз;
  • Ерікті негізгі әскери қызмет – 28 580 адам;
  • Кәмелетке толған еріктілер біліктілігі мен біліміне қарамастан оқу процесіне қатыса алады;
  • Аймақтық әскери қызмет – 38 000 адамға дейін.

Контекст

Актіге сәйкес, Польшадағы әскери қызмет белсенді және пассивті болып бөлінеді:

  • Белсенді резерв – әскери дайындықтан өткен және ант қабылдаған, сондай-ақ әскери қызметтен өтуге ниет білдірген тұлғалардан тұрады.
  • Пассивті резерв – әскери дайындықтан өтіп, бірақ ант қабылдамаған және әскери дайындықтан өтіп, ант қабылдағанымен әскери қызметтен өтуге ниет білдірмеген тұлғалар;

Қазір Польша әскерінде 111,5 мың кәсіби сарбаз бен 32 мың аймақтық қорғаныс әскері бар.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz