Фактчек | Нұрманбетова компьютерсіз оқушылар және интернетке қосылу туралы

9 қыркүйекте Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова өтінішін айта отырып, интернетке қосылу мен онлайн білім беру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, жауапты министрліктердің қашықтан оқытуға қазақстандық 7 интернет-платформаның толық дайын екенін растағанына қарамастан пандемия кезеңінде оқушылардың қашықтан оқуы үзіліп қалды.

Атап айтқанда, депутат бүгінгі таңда 835 ауылды аймақта 55 мың оқушы интернетке қосыла алмай отырғанын және 1 миллионнан астам оқушының (30%) компьютері жоқ екенін мәлімдеді. Factcheck.kz бұл цифрлардың шындыққа қаншалықты жанасатынын тексерді.

Үкім: Үкім жоқ

Өкінішке қарай, ашық ақпарат көздерінде қанша ауылдың, тіпті, ондағы қанша оқушының интернетке қосыла алмайтындығы туралы статистика жоқ. Бұл жағдайда тек жауапты ведомство өкілдерінің ресми мәлімдемелеріне сүйене аламыз. Бұл қанша оқушының жеке компьютері жоқ екені туралы сұраққа да қатысты. Дегенмен біз жағдайды жалпылай қарастыра аламыз.

Мысалы, 26 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКК) өткен онлайн баспасөз конференциясында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко интернетке кең жолақты қолжетімдікті қамтамасыз ететін желілер қазірдің өзінде 4646 елдімекенде салынғанын айтты. Сонымен бірге, оның айтуынша, 883 елдімекен интернетке қосылмаған.

10 қыркүйекте ОКК-де өткен брифингіде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 4646 ауылды жер интернетке қосылғанын тағы айтты. Осыған сүйене отырып, интернеті жоқ ауылдардың саны Ярошенко бұл туралы айтқаннан кейін, шамамен өзгеріссіз қалды деп  болжауға болады.

Сонымен бірге, Нұрманбетова өтінішінде 835 ауылда интернет жоқ екенін айтты. 2 аптаның ішінде 48 ауылда интернет пайда болмаса, депутат есептен сәл қателесті деп болжаймыз.

Нақты қай ауылдарда интернеттің жоқ екенін және онда қанша оқушы тұратынын білу мүмкін болмай тұр. Өйткені мұндай ақпарат ашық дереккөздерде жоқ.

Дегенмен Ақпараттық-талдау орталығының «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі статистикасы» атты жыл сайынғы ұлттық есебінде республикадағы 7398 мектептің 7332-сі интернетке қосылғаны (99,1%) туралы жазылған. 7284 мектеп кең жолақты интернетке 512 кбит/с-тан жоғары жылдамдықпен, ал 6959 мектеп – 4 мбит/с-тан жоғары интернетке қосылған. Есепке сенсек, интернет, тіпті баяу болса да барлық дерлік мектепте бар. Дегенмен депутат сауалы мен жауапты ведомствоның деректері бірдей емес екенін көрсетеді.

Компьютерге қатысты мәселеде жауапты адамдардың мәлімдемелеріне сүйенуге тура келеді. Мынадай қызық нәрсе бар – тамыздың басындағы үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 3,3 миллион оқушының 185 мыңында дербес компьютер, планшет пен смартфон жоқ екенін хабарлады. Оған қоса, ол мұғалімдер мен оқушыларға 500 мың мектеп компьютерін үйде пайдалану үшін беру жоспарланып отырғанын айтты. Мектеп компьютері керек оқушылар саны мен беруді жоспарлап отырған компьютер санында не себепті айырмашылық бары түсініксіз.

Еске салайық, Нұрманбетова 1 миллионнан астам оқушының компьютері жоқ екенін айтады. Кімнің дұрыс цифр беріп жатқанын болжау қиын. Өкінішке қарай, депутат бұл ақпарат көзін хабарлаған жоқ. Айта кетейік, наурыз айының соңында Аймағамбетов 300 мың оқушыда дербес компьютер жоқ екенін мәлімдеді. Білім және ғылым министрлігі статистикасына сүйенсек, көктем мен жазда 115 мың мектеп оқушысына компьютер берілді немесе сатып алды.

Нұрманбетова келтірген статистикаға қайта оралсақ, 1 миллион мектеп оқушысы – барлық оқушының, шамамен 30%-і. Тек барлық оқушы оқу жылын қашықтан оқу форматында бастамағанын ескеру қажет, демек бәріне бірдей компьютерлер мен интернетке қосылу сондай бір қажет емес. 1 қыркүйектегі тікелей эфирде Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 2,6 миллион оқушы қашықтан оқуға кіріскенін айтты. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің сайтында эпидемиология режимі қолайлы шалғайдағы елдімекендердегі 1934 мектепте балалар әдеттегідей оқытылып жатқандығы туралы жазылған. Біздің болжам бойынша, оқушылардың компьютері жоқ белгілі бір бөлігі мектепке бару бақытына ие болды.

Контекст

  • Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елдегі 2,5 миллион адам компьютерлер арқылы жоғары жылдамдықты кең жолақты интернетке қол жеткізді. Солай бола тұра, интернетті негізгі тұтыну ұялы байланыс желілері арқылы жүреді. 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша интернетке мобайл кең жолақ арқылы қосылған абоненттер саны 14,9 миллион болған.
  • Бұған дейін біздің сайтта аймақтық сарапшы Жаслан Нұрбаевтың Қазақстандағы шағын жинақты мектептерді реформалаудың 5 проблемасы туралы мақаласы жарияланған еді. Онда автор ауыл мұғалімдерінің жалақысы, мектеп жабдықтары, интернетке қосылу және тағы басқа мәселелер туралы баяндады. Материалды мына жерден оқи аласыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz