Әлеуметтік желіде танымалдыққа ие болған «детокс-бағдарламалары» көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Мұндай бағдарламаларды насихаттаушылардың айтуынша, олар артық салмақтан құтылуға, иммундық жүйені күшейтуге, теріні жақсартуға, ағзаны токсиндер мен зиянды қалдықтардан тазартуға, тіпті бедеулік мәселесін шешуге ықпал етеді. (1, 2, 3, 4).
Әр күн сайын денсаулыққа қатысты жаңа трендтер мен кеңестер пайда болып жатқан заманда, олардың қайсысы шынымен тиімді екенін анықтау маңызды. Осы себепті, Factcheck.kz редакциясы ағзамызға токсиндерді шығару үшін қосымша көмектің қажеті бар-жоғын анықтауды ұйғарды.
Үкім: Жалған
Ағзамызда бауыр, бүйрек және басқа органдар арқылы токсиндерді табиғи жолмен шығару механизмдері бар. Денсаулығы жақсы адамға арнайы детоксикация қажет емес. Ерекшелік тек бауыр немесе бүйрек аурулары бар адамдарға қатысты – мұндай жағдайларда кәсіби медициналық көмек қажет болады. Сонымен қатар, кең таралған және жиі экстремалды детоксикация әдістері денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
«Токсин» дегеніміз не?
Табиғаттағы токсиндер – өсімдіктер мен жануарлардан пайда болып, адам ағзасына улы әсер ететін заттар. Алайда, детоксикация бағдарламаларында айтылатын «токсин» немесе «қалдықтар» көбінесе ағзада жиналатын тағам қалдықтары немесе қоршаған ортадағы химиялық зат ретінде сипатталады.
Зерттеушілер мен денсаулық сақтау ұйымдары мұндай құбылыстың ғылыми негізі жоқ екенін айтады.
«Егер ағзада жиналатын кейбір заттар туралы айтатын болсақ, оларға қатысты «жинақтаушы улану» деген арнайы термин бар (қорғасын немесе сынап). Бірақ, егер сіз арнайы өндірісте жұмыс істемесеңіз, мұндай уланудың денеңізде жиналуы екіталай», – деп түсіндіреді Factcheck.kz-ке берген түсініктемесінде химик, «Айналадағы және іштегі у» кітабының авторы Сақина Зейналова.
«Детокс» көмектесе ме?
Түрлі «детоксикация» диеталары, режимі мен әдістері (қысқаша «детокс») ағзадан токсиндерді шығару, салмақ тастау және денсаулықты жақсарту жолдары ретінде ұсынылып жүр.
«Детоксикация» бағдарламаларына шырындар мен тағамдық қоспаларды, шөп пен шайларды ішу, майларды қолдану, клизмалар мен іш өткізетін дәрілер арқылы ішекті тазарту, сондай-ақ сауналар мен моншаға бару сияқты әдістер кіреді. Бұл процедуралар кейде денеге ерекше әсер етпей, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
Мысалдарды талдап көрейік.
Тағамдық қоспалар мен шөптер. Джонс Хопкинс университетінің медициналық кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы Тинси Амбачеу Ворета, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) детоксикация үшін қолданылатын тағамдық қоспалар мен шөптерді қатаң реттемейтінін және олар клиникалық сынақтан өтпейтінін айтады. Кейбір ингредиенттер, мысалы, сүт ошаған бауырдың қабынуын азайтып, куркума сығындысы бауырды зақымданудан қорғауы мүмкін. Дегенмен, адамдарда бұл қоспаларға клиникалық сынақтар жеткіліксіз, сондықтан олардың қауіпсіздігі туралы нақты деректер жоқ.
Сауналар арқылы детоксикация. UAMS отбасылық медицина дәрігері доктор Чарльз Смиттің айтуынша, тер негізінен 99% судан тұрады, ал құрамында аз мөлшерде тұз, ақуыз, көмірсу және несепнәр бар. Демек, терде токсиндер жоқ, және терлеу арқылы ағзаны тазарту туралы пікір – бұл тек миф.
Шырын бағдарламалары. Кейбір шырындар құрамында өсімдіктерде табиғи кездесетін оксалаттар (мысалы, тұз бен қымыздың қышқылы) бар. Мұндай шырындарды артық мөлшерде тұтыну бүйрек ауруларының қаупін арттыруы мүмкін.
2013 жылы «The American Journal of Medicine» журналы оксалатқа бай шырындарды ішкеннен кейін жедел бүйрек жеткіліксіздігі болған пациенттің жағдайын және 1985–2010 жылдар аралығында Майо клиникасында кальций оксалаты кристалдары бар созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен тіркелген 65 пациенттің деректерін жариялады.
Клизма (колонотерапия). Клизманы жиі қолдану ішектің табиғи флорасын бұзып, оның қызметін қиындатуы мүмкін.
Біріншіден, клизма сіздің ішектеріңіздегі пайдалы бактерияларды жойып жіберуі мүмкін. Оларды қолдану өте сирек кездеседі және көбінесе колоноскопия сияқты арнайы медициналық процедураларға дайындық барысында ғана пайдаланылады. Екіншіден, кейбір адамдар арнайы клиникаларда жоғары қысыммен тоқ ішекке ондаған литр су жіберу арқылы токсиндерден тазаруды қалайды. Алайда мұндай «емханаларда» науқастардың ішегінің жыртылу жағдайлары кездескені туралы дәрігер Ботагөз Кәукенова Instagram парақшасында мәлімдеді.
Іш жүргізетін курстар іш қату кезінде пайдалы болуы мүмкін, бірақ оларды шамадан тыс немесе дұрыс пайдаланбау ішектің қалыпты жұмысын бұзуы және дәрі-дәрмектерге тәуелділік тудыруы мүмкін.
Ресми ғылым тек қауіпті заттармен улану нәтижесінде пайда болатын интоксикацияның бір түрін ғана таниды: бұл заттардың артық дозалануын, өндірістік апаттарды немесе алкогольдің жоғары дозасын қамтиды. Мұндай детоксикация стационарлық медициналық мекемелерде жүргізіледі. – дейді химик, «Айналадағы және іштегі у» кітабының авторы Сақина Зейналова.
Адам ағзасы токсиндерді қалай шығарады?
Біздің ағзамызда токсиндерді жоюдың табиғи механизмдері бар. Мысалы, біз көмірқышқыл газын шығаруда, улы өнімдер несеп пен нәжіспен шығарылады. Токсиндерді жоюға көмектесетін органдар қатарына бауыр, тері, бүйрек, ішек, лимфа түйіндері және қан тамырлары кіреді.
- Ащы ішек адам жеген тағамнан қоректік заттарды сіңіргеннен кейін, тоқ ішек тек қалған қалдықтарды нәжіс ретінде шығарады.
- Бауыр ас қорытуда маңызды рөл атқарып, көптеген басқа функцияларды да орындайды. Раш университетінің медицина орталығының гепатологы, медицина ғылымдарының докторы Нэнси Рио: «Сіз не жесеңіз, не теріңізге жағып, не деммен жұтсаңыз да, қанға кіретін заттың бәрін бауыр өңдейді», – деп түсіндіреді.
- Сау бүйрек минутына жарты кесе қанды сүзіп, несеп түзу үшін қалдықтар мен артық суды шығарады. Оның бірі – зиянды заттарды бейтараптандыру және ағзаны олардан арылту үшін қанды сүзу.
«Дегенмен, бауыр немесе бүйрек ауруы немесе зақымдануы бар адамдарда, дененің табиғи детоксикация жүйелерін бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда зардап шеккен адамдар токсиндерді ағзадан шығару үшін көмекке мұқтаж», – дейді медецина докторы, Канзас денсаулық ғылымдары орталығының профессоры Майкл Фенстер. Бірақ мұндай жағдайларда тек аппараттық детоксикация немесе тазарту ғана емес, одан кейін дәрігердің бақылауымен емделу де қажет.
Ресми медицинада плазмаферез, гемосорбция және гемодиализ сияқты экстракорпоральды детоксикация әдістері тек бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігімен байланысты жағдайларда, сондай-ақ кейбір дәрілік немесе улы заттармен улану кезінде қолданылады. Алайда мұндай процедуралардың мифтік «ағзаның шлактануына» ешқандай қатысы жоқ.
Қорытынды
Кейбір адамдар «детоксикация» курсынан кейін өздерін жақсы сезінетіндерін айтады, бірақ экстремалды тазарту режимдеріне байланысты бірнеше маңызды қауіптер бар:
- Қоректік заттардың жетіспеушілігі. Ұзақ мерзімді аштық немесе қатал диеталар организмге қажетті маңызды қоректік заттардың жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін.
- Электролиттік теңгерімсіздік. Тазарту барысында суды шамадан тыс тұтыну өмірлік маңызды электролиттердің сұйылуына себеп болып, денсаулыққа қатысты мәселелер тудыруы мүмкін.
- Ас қорыту проблемалары. Іш жүргізетін препараттарды шамадан тыс қолдану ішектің қалыпты микрофлорасын бұзып, ас қорыту бұзылыстарына себеп болуы ықтимал.
- Денсаулықтың нашарлауы. Медициналық жағдайлары (мысалы, қант диабеті немесе асқазан-ішек аурулары) бар адамдарға дәрігермен кеңесу қажет.
Мартериалды Factcheck.kz тағылымдамадан өтуші Арайлым Сейпилова дайындады