ДДСҰ аспартам тәттілендіргішін ракқа ұшырататын канцерогенге жатқызды ма?

14 шілдеде әлеуметтік желілер мен кейбір баспасөз құралдарында (1, 2) «ДДСҰ аспартам тәттілендіргішін ракқа ұшырататын канцерогенге жатқызды» деген тақырып қойылған материалдар пайда болды. Мәселе “Coca Cola Zero” секілді сусындар мен тамақтарда қолданылатын танымал қант алмастырғыш туралы болып отыр. Жаңалық әсіресе, Telegram желісінде (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7) кең тарады. Онда материалды ақпарат ресурстары ғана емес, дұрыс тамақтану мен сұлулыққа арналған түрлі блогтар да бөлісті.

Factcheck.kz редакциясы хабарламаның рас-өтірігін тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандандырылған органы Халықаралық ракті зерттеу агенттігі (ХРЗА) аспартам қант алмастырғышын адамдарға рак тудыруы мүмкін заттар категориясына енгізілгенін мәлімдеді. Қорытынды шектеулі деректерге (адамдарға қатысты да, жануарларға қатысты да) негізделген, соған байланысты сарапшылар тағы да зерттеу қажет екенін айтады. ФАО/ДДСҰ тағам қоспалары жөніндегі бірлескен комитеті (JECFA) аспартам тұтыну мен адамдардың ракқа ұшырауы арасындағы байланысты сенімсіз деп атады және әзірге тәттілендіргіштің бұрынғы тұтыну нормасын өзгертудің қажеті жоқ деп шешті.

Толығырақ

Газды сусындардағы қант алмастырғыштар мен рак туралы деректерді зерттей отырып, агенттік аспартамды 2В тобына жатқызып, «адамда рак тудыруы мүмкін» деген санатқа кіргізді.

2В канцерогендер категориясын агенттік адамдарда рак тудыратыны туралы шектеулі, ал жануарларда сенімді емес дәлелдер бар жағдайда береді. Қазір бұл категорияда адам папилломасы вирусының кейбір түрлері, бензинмен жүретін көліктерден шығатын газ, дизель отыны, алоэ жапырақтарының экстракті, сонымен қатар азиялық маринадталған көкөністері бар. Салыстыру үшін айта кетсек, Агенттік алкоголь сусындары мен өңделген етті, мысалы, шұжықтарды (1-категория), сонымен қатар қызыл ет пен оңтүстік америкалық мате сусынын (2-А категория) одан да күштірек канцероген санайды.

ДДСҰ баспасөз хабарласында айтқандай, агенттік классификациясы оның адамдарда рак тудыруы мүмкін екені туралы ғылыми дәлелдердің нақтылығын көрсетеді, бірақ олар белгіленген мөлшерде оның рак тудыру қаупі бар екенін білдірмейді.

ХРЗА қарастырған аспартамның бауырға әсері туралы зерттеулердің тек үшеуінде жасанды тәттілендіргіші бар сусындар тұтыну бауыр рагінің пайда болуына жанама әсер ететіні мүмкін екені айтылған. Агенттік байланыс кездейсоқ болуы мүмкін екенін, нақты дәлел жоқ екенін айтады. Сонымен қатар Агенттіктің жұмыс тобы ықпал ететін факторлардың бәрін ескермегендіктен, тышқандарға жүргізілген зерттеу нәтижелерін нақты емес деп санаған. ХРЗА толық шолуы «The Lancet. Oncology» журналында жарияланған.

Өз кезегінде, JECFA алынған деректер бауыр рагі мен аспартам қолдану арасында байланыс бар деуге негіз болмайды деген қорытынды жасайды. Комитет тәттілендіргіштің бұрын енгізілген тәуліктік дозасын растаған. Мәні – дене массасының 0-40 мг/кг, яғни, 85 кг салмағы бар адам үшін бұл нормадан асыру үшін әрқайсысыеда 200 мг аспартам бар алкогольсіз газды сусынның 17 банкасын ішуі керек.

Комитет ХРЗА қорытындысы тәуліктік норманы ескермейтініне де назар аударған. JECFA дерегінше, ол норманы орындаған жағдайда асқазанда аспартам бөлінетін плазмада (фенилаланин, аспарагин қышқылы мен метранол) метаболиттер саны өспейді.

«Аспартамды бағалау әдетте қолданылатын дозада қауіпсіздік алаңдаушылық тудырмаса да, толығырақ және қосымша зерттеулер жүргізуге татитын эффектілер бар екенін көрсетті» деп мәлімдеді ДДСҰ Тамақтану және тамақ қауіпсіздігі департаментінің директоры Франческо Бранка.

«Бізге ұзақ бақылау мен қайта сауалнама алу арқылы сапалырақ зерттеулер керек. Инсулинді реттеу, әсіресе канцерогендерге қатысты метаболистік синдром мен диабетге қатысы бар механизмдерді зерттеу, рандомды бақылау сынақтары керек» деді ДДСҰ ғылым стандарттары мен азық-түлік пен тамақтануға қатысты ұсыныстар жөніндегі бөлім басшысы Моэз Санаа.

Агенттіктің сынға ұшырауы

Аспартам жағдайы туралы шолуда Reuters агенттігі ХРЗА бірнеше мәрте сынға ұшыраған дейді. Қоғамға канцерогенділікті бағалау жүйесі толық түсінікті болмаған соң, Агенттіктің бұрынғы мәлімдемелері тұтынушылардың үрейін арттырып, сотқа арыз беру мен белгілі бір затты пайдаланатын өндірушілерге қысым көрсетуге алып келген.

ХРЗА-ға жақын дереккөздер Reuters агенттігіне аспартамның канцерогендер тізіміне енгізілуі оның қауіпсіздігін одан әрі зерттеуге, сонымен қатар агенттіктерге, тұтынушылар мен өндірушілерге қант алмастырғыштарды қолдануға қатысты нақыт қорытынды жасауға  ынталандыруы керек екенін айтқан.

Ал өндірушілер табыстың артып, шығынның ұлғаятынына дайындалып жатыр: тәттілендіргішұтерді «құбыжықтай» көрсету диеталық лимонадтарға сұраныстың төмендеуіне, ал рецептін өзгерту мен аспартамның орнын алмастыратын зат табу компаниялардың қосымша шығынға ұшырауына алып келеді.

29 маусымда аспартамның қауіпсіз емес екені туралы өсек тарай бастағанда, Қант алмастырғыштарды өндірушілер ассоциациясы (ISA) ресми мәлімдеме жасап, онда ХРЗА деректерін спекуляция деп атады. Онда Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі агенттікке (EFSA)  сілтеме жасап аспартамның ең жақсы зерттелген қоспа екені айтылған. Расымен, EFSA 2013 жылы қант алмастырғыштарды тұтынудан болуы мүмкін қауіптерді анализдеп, ол денсаулық үшін қауіпсіз деген қорытындыға келген.

АҚШ азық-түлік пен медикаменттер сапасын санитарлық бақылау басқармасы (FDA) да мәлімдеме жариялап, онда ХРЗА қорытындысына келіспейтінін айтып, агенттік сүйенетін зерттеулердің кемшіліктері бар екенін атап өткен. Басқарма сарапшылары рұқсат етілген мөлшерде аспартамның қаупі жоқ екенін хабарлаған.

Factcheck.kz