Covid 19-ға қарсы вакцина салдарынан жыныс мүшелерінің аурулары 700%-ке өсті ме?

Әлеуметтік желіде коронавирусқа қарсы вакцинаның салдарынан жыныс мүшелерінің аурулары 700%-ке, онкологиялық аурулар 500%-ке, түсік 300%-тен астамға, ал туа біткен генетикалық аурулар саны да 275%-ке өскені туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). Видеода камера алдында сөйлеп тұрған адам бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі дегенді айтады.

Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Covid 19-ға қарсы вакцина салдарынан жыныс мүшелерінің аурулары 700%-ке өсті ме?
Instargam әлеуметтік желісінің скриншоты

Мәлімдеме: Ковид инъекциясынан кейін жыныс мүшелерінің аурулары 700%-ке дерлік өсті! Содан бері онкологиялық аурулар 500%-ке, түсік 300%-тен астамға өсті. Туа біткен генетикалық аурулар саны да 275%-ке артқан. Бұл ДДСҰ-ның VigiAccess деректер базасының талдау нәтижесі.

Тараған ақпараттан үзінді

Үкім: Жалған

Мұндай мәлімдеме дәлелденбеген, ал автор сілтейтін VigiAccess сайты қандай да бір мәлімдемеге дәлел бола алмайды. VigiAccess ресурсы ықтимал жанама әсерлерді жинайды. Ал ақпараттың алғашқы дереккөзі — AUF1 телеарнасы қастандық теориялары және жалған ақпарат тарататынымен белгілі. Автор адамдардың эмоциясына әсер ету үшін ауруларды 200%-тен 700%-ке дейін өсті дейді.

Толығырақ: VigiAccess деген қандай ресурс?

VigiAccess ресурсы 2015 жылы Дүниежүзілік денсулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) құрған. Сайттың жазуынша, мақсаты — ДДСҰ-ның дәрілердің ықтимал жанама әсері туралы жаһандық деректер базасына жол ашу, жалпы жұртқа қолжетімді қылу. VigiAccess деректері ұлттық фармбақылау орталықтарының ақпараты немесе дәрілік заттарды бақылайтын ұлттық органдар ақпаратымен жиналады.

Ресурста хабарланған ықтимал жанама әсер туралы дерек жиналады. Дегенмен, ресурста қанша адам қандай да бір дәріні қанша уақыт қабылдағаны, қанша адам қабылдағаны секілді маңызды факторларды ескермейді.

Сайттың ақпаратынша, VigiAccess ресурсының деректері дәрілер мен вакциналар туралы ақпарат алғысы келетін адамдарға пайдалы болғанымен, сайттың деректері себеп-салдарлық байланысты көрсетпейді. Яғни ресурстың ақпараттары қандай да бір дәрі (немесе вакцина) мен симптом арасында байланыс барына дәлел емес.

Себеп-салдарлық байланысты дәлелдеу — барлық ақпаратты мұқият талдап, ғылыми бақалауды қажет ететін күрделі процесс.

Қызығы, сайттың іздеу жолына «Covid-19 vaccine» деп жазсаңыз тараған ақпараттан мүлде бөлек деректер сөрсетеді. Мысалы, репродуктивті жүйенің және сүт безінің бұзылуы категориясы 2% деп көрсетілсе, онкологиялық ауруларға қатысты дерек жоқ, бала көтеру мен генетикалық аурулар 0% деп көрсетілген.

AUF1 қандай телеарна?

Mimikama ресурсындағы әріптестеріміздің жазуынша, AUF1 телернасы 2021 жылдың мамырында Штефан Магнет негізін қалаған неміс тілінде хабар тарататын аустриялық арна. Телеарна COVID-19-ға қатысты скептикалық репортажымен танымал. Мемлекеттік БАҚ туралы келісімнің бұзылуына байланысты неміс медиа реттеушісі AUF1-ді Германияда ақпаратты лицензиясыз таратқаны үшін 2023 жылдың қарашасында айыппұл салды.

Tagesschau.de сайтының жазуынша, AUF1 телеарнасы қайдан қаржы алатыны белгісіз. Арнаның өзінің дерегіне сай, медиа донат қаржысына өмір сүреді.

Қазір AUF1 сайтында коронавирус пен басқа да тақырыптар жөнінде түрлі күмәнді ақпарат бар.

Автор тағы не айтты?

Автор жоғарыдағы сандардан бөлек ScienceFiles сайтын айтып, оны ғылыми басылым дейді. «Бағалау мақсатында Германияның ең үлкен ғылыми блогы ScienceFiles 2021 жылдың мамырынан 2024 жылдың қазанына дейін жан-жақты зерттеу жасады» дейді автор. Дегенмен ScienceFiles сайтын ғылыми блог деп айтуға келмейді. Сайт мәтіндері күмәнді фактілерге сілтеп, эмоцианалды тіркестерді жиі пайдаланады.

Бұдан соң ресурс Pfizer-тің бұрынғы вице-президенті Майкл Йедонның атын атап, «ол COVID инъекцияларының улы және қасақана зиян екенін айтты» дейді. Дегенмен Йидоның мәлімдемелері де сын көтермейді.

Майкл Йедон — британдық фармаколог, Pfizer бұрынғы вице-президенті, Ziarco биотехнологиялық компаниясының негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры болған адам. Бірақ коронавирус пандемиясы кезінде вакцинаға қатысты көз-қарасы бірден өзгеріп, қастандық теориясын таратушылардың біріне айналды.

Factcheck.kz редакциясы да пандемия кезінде Майкл Йедон таратқан ақпараттарды тексеріп, олардың бұрмаланғанын және жалған екенін жазды (1, 2).

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz