Cи Цзиньпин Ресей жалғыз өзі 50-ден астам елді жеңеді деді ме?

Маусымның бірінші жартысында желінің орыс тіліндегі бөлігінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин айтты деген сөз пайда болды (1, 2, 3, 4, 5):

Қытайды айыптауды тоқтатыңдар. Қытай Ресей Федерациясына көмектеспейді, егер көмектесетін болса сіздерге Құдай да көмектесе алмайды. Украинаға бүкіл әлем көмектесіп жатыр. Егер біз Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін екенін байқасақ, РФ-ға көмектесеміз. Ал әзірге алаңдамай, Ресей әлемнің 50-ден астам елін жалғыз өзі қалай жеңіп жатқанын бақылаңыз.

Instagram-дағы пост үлгісі

Instagram-дағы ludigovorat парақшасындағы бір посттың өзі 28 мыңнан астам лүпіл жинады. Ары қарай хабарлама әлеуметтік желінің ағылшын тілді бөлігінде (1, 2, 3), сонымен қатар испан, француз, неміс, венгер, поляк тілдерінде тарай бастады.

Factcheck.kz редакциясы Қытай басшысы расында осындай мәлімдеме жасады ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Фейк

Біз жаңалықтың қайдан шыққанын да, Си Цзиньпин мәлімдемесінің сенімді дереккөзін де таппадық. Тексеріп отырған хабарламалардың алғашқы дереккөзі де, ҚХР басшысы мұндай сөзді қандай жағдайда айтқаны туралы да мүлдем ақпарат жоқ. Бұдан бөлек, хабарлама мазмұнының өзі күмәнді, себебі Құдайды атап өту Қытайдың Коммунистік партиясының ресми саясатына қайшы келеді, себебі оның мүшелері атеист болуы керек. ҚХР-дың Украинадағы соғысқа көзқарасына келеск, сарапшылар олардың бақылаушы немесе оппортунистік көзқараста екенін айтты.

Толығырақ

«Проверено» сайтындағы әріптестеріміз ақпараттың ең ертеректе жарияланған нұсқасын тапты – ВКонтактеде чех тіліндегі Donald Trump a vítězství světla парақшасындағы 2023 жылдың 19 мамырындағы посты (архив). Бір қызығы постта ҚХР төрағасының аты ағылшын тілінде жазылған. Желінің орыс тіліндегі бөлігінде бұл туралы ақпарат, болжам бойынша, ең алғаш 10 маусым таңертең Сергей Лебедевтің «Лохматый» Telegram-арнасында жарияланған (архив). Кейбір Telegram-арналар (1, 2) оны алғашқы дереккөз ретінде көрсеткен. Біздің білуімізше, олай емес. Оған қоса алғашқы дереккөз чех тіліндегі жазба деп айту қиын. Бұл фактчекерлер тапқан ең ерте жарияланған жазба. Хабарламаны z-пабликтер әдейі таратты ма, әлде белгісіз желі қолданушысының ойдан шығарғаны ма – белгісіз. 

11 маусымда әлеуметтік желілерде осы тақырыпта жарияланған хабарламалардың бәрі бірдей безендірілген. Бұдан ақпарат әдейі тарату мақсатында жасалуы мүмкін деген ой түйеміз.

  • Cи Цзиньпин Ресей жалғыз өзі 50-ден астам елді жеңеді деді ме?
  • Cи Цзиньпин Ресей жалғыз өзі 50-ден астам елді жеңеді деді ме?
  • Cи Цзиньпин Ресей жалғыз өзі 50-ден астам елді жеңеді деді ме?
  • Cи Цзиньпин Ресей жалғыз өзі 50-ден астам елді жеңеді деді ме?
  • Cи Цзиньпин Ресей жалғыз өзі 50-ден астам елді жеңеді деді ме?

Дінге келсек, Қытай Конституциясында дін еркіндігі жазылғанымен, елде тек бес дін ресми мойындалады: буддизм, даосизм, ислам, католицизм және протестанизм. Дегенмен Коммунистік партия Марксизм идеясын ұстанатындықтан оның мүшелерінің бәрі ресми түрде – атеистер. Оған қоса 2015 жылы Си Цзиньпиннің өзі партияластарынан «сенімді марксистік атеист» болуды талап етті. Осы жағдайларды ескере отырып, қытай көшбасшысының діни мотивті қана емес, монотеистік Құдай туралы айтуы біртүрлі болар еді.

АҚШ Конгресі жанындағы Экономика және қауіпсіздік мәселелерін бақылайтын америка-қытай комиссиясы Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты Қытай көзқарасы туралы баяндаманы тұрақты түрде жаңартып отырады. Баяндамада саясаткерлердің ресми сөздері, баспасөз конференциялары, халықаралық қауымдастыққа жазылған хаттар, медиадағы жариялымдар мен тіпті Коммунистік партияның жаңалық агенттіктері мен пропагандалық БАҚ-қа «тарап кеткен» редакциялық тапсырмалары бар. Бірақ ол жерде де ҚХР көшбасшысы айтты делінген мәлімдеме жоқ.

Ең кейінгі айтулы оқиға – Си Цзиньпиннің Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесуі 2023 жылдың 26 сәуірінде болған. Ал 2023 жылдың 21 сәуіріндегі даулы мәлімдемені Франциядағы Қытай елшісі Лю Шайе айтты. Zakon.kz жазуынша, «LCI телеарнасының эфирінде ол Қырым әуелден Ресейге тиесілі болғанын, ал Украина КСР құрамына тек 1954 жылы Никита Хрущевтің қалауымен қосылғанын мәлімдеді. Елші посткеңестік елдердің халықаралық құқықта тиімді дәрежесі жоқ, себебі олардың тәуелсіз мемлекет дәрежесін нақтылайтын тиісті келісімі жоқ деп атап өтті.

Қытайдың ресми көзқарасы

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін ресми Қытай Ресейге салынған санкцияларға қосылған жоқ, бірақ Владимир Путиннің әрекеттеріне ашық қолдау да көрсетпеді. Осы арқылы бейтарап екенін көрсетті. Дегенмен бақылаушылардың сөзінше, Украинада болсын, одан тыс аймақта болсын Си Цзиньпиннің Украинадағы жанжалға көзқарасы бейтарапқа қарағанда оппортунистік тәрізді. Қытай Ресеймен де, Батыспен де тұрақты қарым-қатынасын сақтап қалуға тырысып, жағдайды өз мүддесіне пайдалануға тырысады.

2023 жылдың 24 ақпанында Қытай Сыртқы істер министрлігі «Украина дағдарысын саяси реттеудегі Қытай көзқарасы» құжатын жариялады. Құжатта ел басшылығы орындауды ұсынған 12 пункт тізілген. Олардың қатарында барлық елдің егемендігін құрметтеу, «қырғи-қабақ соғыс ойынынан» бас тартып, соғыс әрекеттерін тоқтатып, бейбіт келісімді бастау бар. Бірақ Қытайды зерттеуші Темур Умаров ВВС-ге берген сұхбатында Қытайдың Ресей мен Украинаны келіссөз үстеліне отырғызу ниеті бар екені күмәнді екенін айтты:

Қытай бұл жанжалға белсене араласпайды және Ресей мен Украинаны келіссөз үстеліне отырғызатын позицияда болмайды. Бейжің өзі үшін ең тиімді бақылаушы позициясын таңдады. Сол себепті бұл құжаттардың бәрі Қытайдың жай мемлекет емес, беделді әлем ойыншысы екенінің символы. Ол осылайша бірдеңе істеп жатыр.

Темур Умаров, Карнеги атындағы Берлин орталығының Ресей мен Еуразияны зерттеу бойынша ғылыми қызметкері
Factcheck.kz