«ЧВК Рёдан» қылмыстық ұйым ба?

Ақпанның соңында Ресей (1234), Беларусь пен Қазақстан мессенжерлерінде «Редан ЖӘК» (Редан жекеменшік әскери компаниясы) туралы ақпарат тарай бастады. Кей дереккөздер оны субмәдениет деп атаса, екіншілері қылмыстық топ деген. Сондай-ақ, топ басқа ұлт және субмәдениет өкілдерімен жаппай төбелес ұйымдастырады деп жазылған. Негізінен ата-аналар мен оқушылардың әлеуметтік желілердегі топтарында тарап жатқан хабарламада «Редан ЖӘК» қатысушылары балалардың қоғамға қарсы жүріс-тұрысын насихаттайтыны айтылады. Хабарламада осыған байланысты құқық қорғау органдары сауда орталықтарында жасөспірімдерге рейд жасап, оларды ұстап жатқаны жазылған. Ал ата-аналарды балаларын қайда және кіммен жүргенін мұқият бақылауға шақырды.

Factcheck.kz редакциясы «Редан ЖӘК» шынында жасөспірімдерге қауіп төндіретін агрессиялық топ па деген сауалдың жауабын іздеді.

Үкім: Жалған

  • «Рёдан ЖӘК» — субмәдениет, ұйым немесе банда емес, ол мәдени феноменге көбірек келеді. Топтың жекенменшік әскери компанияларға мүлдем қатысы жоқ, ал ЖӘК (ЧВК) аббревиатурасы қалжың ретінде қолданылған.
  • Мәскеу сауда орталықтарының бірінде болған жасөспірімдердің жаппай төбелесі мен интернеттегі талқылауларға дейін «Редан ЖӘК» ортақ қызығушылықтары бар (аниме, манга және т.б.) аз ғана қатысушыдан тұратын қауымдастық еді.
  • Медиада топтың сипаттамасы мен оның төбелестегі рөлі туралы ақпарат бұрмаланғандықтан (1, 2, 3), «Редан ЖӘК» көпшіліктің назарын аударды: бірнеше күн ішінде VK-дағы тобына мыңдаған жазылушы қосылды. Олардың арасында жаны ашығандар ғана емес, ызалы интернет қолданушылары да бар еді.
  • Желідегі асыра сілтеу Ресейдің бірнеше қаласындағы жасөспірімдердің жергілікті жанжалдарына ұласты. Ал Ресей, Украина, Беларусь пен Қазақстанның ІІМ, депутаттар мен мыңдаған ата-ана «Редан ЖӘК» деген «жастардың әскери ұйымы» бар екеніне сеніп қалды. Алдарыңызда моральдік дүрбелеңнің классикалық үлгісі тұр.

Басы: топ қалай пайда болды

Әуелде «Редан» қызығушылықтары бір достардың шағын бейресми тобы болатын. 2020 жылы топ мүшелерінің бірі Хикикомори Кай лақап аты бар дизайнер Hunter x Hunter манга мен анимесінен шабыт алып, киімдер желісін шығарды. Оның кейіпкерлерінің ішінде «Елес труппасы» немесе «Өрмекші» деген атпен танылған «Геней Рёдан» қылмыстық тобының мүшелері бар. «Рёдан» киімдер желісіндегі ақ-қара түсті толстовка, футболка мен худиде он екі табаны бар үлкен өрмекші бейнеленген.

«ЧВК Рёдан» қылмыстық ұйым ба?
«Рёдан» эмблемасы. Дереккөз: VK-дағы топ

«Холод» басылымының журналистері зерттеуінде Хикикомори Кайяның достары мен таныстарынан құралған жастар бір-бірімен араласқан, бірге концерттерге барған. Оларды музыка, аниме, видео ойын мен мемдер сынды ортақ қызығушылықтары біріктірген. Ортақ жиындарға олар «Редан» киімдерімен келген және көп ұзамай компаниядағы жасөспірімдердің көпшілігі өзін «өрмекші» деп атай бастаған.

Ресейде мобилизация басталған кезде қауымдастық мүшелерінің бірі енді оларды да шақыратынын, олар өздерінің «Рёдан» деп аталатын жеке әскери компаниясын құратынын айтып қалжыңдаған. Сөйтіп, 2023 жылдың 19 қаңтарында ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі топ атауына ЖӘК (жекеменшік әскери компания) аббревиатурасы қосылған. Атаудың қашан өзгергенін топ сипаттамасындағы өзгерістер тарихынан табуға болады.

Триггер мен салдары

19 ақпанда Мәскеудегі «Авиапарк» сауда орталығының фудкортында жасөспірімдердің екі тобы – «спортшылар» мен «өрмекшілер» арасында қақтығыс болды. Оған стөлдерге қатысты жанжал мен «өрмекшілердің» сырт бейнесі, яғни ұзын шаш, «Редан» символикасы бейнеленген ақ-қара түсті киім себеп болған. Олардың киімі қарсыластарына ұнамай қалған. Жастарды сауда орталығының күзетшілері ажыратқан, ал олардың төбелесінің видеожазбасы әлеуметтік желілерде кең тарап кетті – интернет қолданушылары «гопниктерге» төтеп берген «бейресмилерді» қолдаған.

Мәскеудегі «Авиапарк» сауда орталығындағы жаппай төбелес

«Редан ЖӘК» тобының VK-дағы парақшасына бірнеше күн ішінде мыңдаған адам жазылды, олардың қатарында жай қызығушылық танытқандармен қатар, агрессия танытқысы келетін «антиөрмекшілер» де бар. Қауымдастық мүшелері мен олардың оппоненттері, басқа да субмәдениет өкілдері бір-біріне тіл тигізе бастады. Соның салдарынан кейінгі бірнеше күнде сауда орталығында «өрмекшілер» мен «спортшылар» қатысуымен тағы да бірнеше рет жасөспірімдер қақтығысы болды. 22 ақпанда болған жаппай төбелес медиа мен күштік құрылымдардың назарын аударды. Оған қоса, журналистердің айтуынша, ақ-қара киімдегі жасөспірімдер көбіне агрессия құрбандарына айналған. Зардап шеккендердің бірінің айтуынша оған және оның достарына ызалы қатарластарының бір тобы шабуыл жасап, балалардың бірінің бетіне газ баллонын шашқан.

Жанжал БАҚ назарына іліккеннен кейін жастардың шағын тобы бір уақытта неонацистер, футбол фанаттары мен «орыс еместерге» қарсы тұрған «субмәдени әскери ұйымға» айналды. Жағдай моральдік дүрбелеңге бірден ұласты. 24-26 ақпанда полиция мен ЕММЖ (ерекше мақсаттағы полиция жасағы, ОМОН) Ресейдің бірнеше қаласындағы ірі сауда орталықтарында рейд жүргізіп (123), жасөспірімдерді ұстаған. Бірақ ұсталғандардың нешеуінің «Редан ЖӘК»-ке қатысы бар екені немесе төбелеске қатысқаны айтылмады.

Шенеуніктер мәселенің мәнісін түсінбей жатып, «Редан ЖӘК»-тен елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат еткен дұшпан елдердің көмекшілері мен қылмыстық топ деп күдіктенді. Тексеріс жүргізіп, «ұйымға» тыйым салу туралы ұсыныстар айтылды, ал мессенджер мен әлеуметтік желілерде ата-аналарға мұқият болып, балаларды қауіпті қозғалыстардан қорғауға шақырған хабар тарай бастады.

Ресейлік қауіпсіз интернет лигасының басшысы Екатерина Мизулина «Редан ЖӘК»-тің артында Украина мен Ұлыбритания арнайы қызметі тұр деп мәлімдеді:

Әлеуметтік желілерде «Редан» төңірегіндегі жанжалды насихаттауда халықаралық із бар екені анықталды. Қазір бұл бағытта талдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірақ ұлтшыл пікірлер, тіл тигізу мен зорлыққа шақырған тек қана Украинаның АПОО (ақпараттық-психологиялық операциялар орталығы) ғана емес екенін нақты айта аламыз. Бұл жұмыс Ұлыбритания сынды басқа елдер тарапынан да жүргізілген.

Е. Мизулина

Басқа саясаткерлер үдеп бара жатқан дүрлікпені тоқтатуға тырысты. Мәселен мемлекеттік думаның Ағарту комитеті төрағасының бірінші орынбасары Михаил Берулав «Редан ЖӘК» айналасындағы жағдайды әсірелемеуге шақырды:

Меніңше, мұның жаппай сипаты жоқ. Жастар келіспеді, төбелесті, бірақ бұл әлдебір топтар құрылып жатыр деген сөз емес. […] Мен Челябі облысының депутатымын, ол жақта маған мұндай жағдай мектептердің бірінде болғанын айтты. Шештік, тарадық, бәрі жақсы.

М. Берулава

Топ мүшелері атауындағы ЖӘК аббревиатурасын алып тастады (бірақ ол әлі парақшаның ID-інде бар), кешірім сұрап, көпшілікке оқиғаның қалай болғанын өз көзқарасы тұрғысынан жеткізуге тырысты.

«ЧВК Рёдан» қылмыстық ұйым ба?
Дереккөз: VK-дағы топ

Бірақ бұл уақытта оқиға бақылаудан шығып кеткен еді. Мәселен, Волгоградта мұғалімдерді полициямен бірге сауда орталықтарында кезекші болуға жібере бастады, ал Сургут пабликтерінде «Редан ЖӘК» мүшелері адам өлтіргені туралы фейк ақпарат тарай бастады. Омскіде ірі сауда орталығын тексеріп, жаппай ұстағаннан кейін, аты аталмаған полицейлер журналистерге «Редан ЖӘК» әкімшісін ұстаған сияқтымыз деп мәлімдеді. Олардың нұсқасы бойынша, әкімші Қазақстан Республикасының азаматтығы бар Омск жоғарғы оқу орындарының бірінің студенті болып шыққан.

«Редан ЖӘК»-тен хабары болмаған, бірақ бұрыннан түрі мен киіміне қатысты шабуыл мен тіл тигізгендерден шаршап, олармен есеп айырысқысы келіп жүрген жастар жәбірлегендерге есесін қайтарған мәскеулік жасөспірімдерден шабыт алды. Тинейджерлер интернетте сөзге келіп, сауда орталықтарында кездесу ұйымдастыра бастады. Бірақ 22 ақпанда болған жаппай төбелестен кейін бос жанжалдардан бөлек жасөспірімдердің қақтығысы туралы ақпарат түскен жоқ.

«Редан ЖӘК» агрессиясы мен арам ниеті туралы ешқандай дәлел болмағанына қарамастан, санаулы күн ішінде дүрбелең жаппай ғана емес, халықаралық сипатқа ие болды.

Шекарадан өту

26 мен 27 ақпанда Украинаның түрлі қалаларында жасөспірімдерді ұстай бастады. Күштік құрылымдардың ақпараты бойынша, өздерін «Редан ЖӘК» қатарына жатқызатын жастар жаппай төбелес ұйымдастырмақ болған. Бір қызығы, Украина полициясының өкілдері де, ресейлік әріптестері секілді «Редан ЖӘК» шетелдік, бұл жағдайда ресейлік провокаторлардың көмегімен жасанды түрде құрылған деп есептейді және олардың мақсаты – «кезекті ақпараттық-психологиялық операция жүргізіп, Украинаның ішкі жағдайын тұрақсыздандыруға балаларды пайдалану» деп ойлайды.

28 ақпанда Белорусь Күштік құрылымдары сауда орталықтарының бірінің алдынан 200 жасөспірімді ұстаған. Ақпарат бойынша, милиция оларды бөлімшеге әкеткен кезде жастардың кейбірі жай ғана сауда орталығында қыдырып, сауда жасап жүрген. Сондай-ақ Брестте де жасөспірімдерді ұстағаны хабарланды.

«ЧВК Рёдан» қылмыстық ұйым ба?
Белорусьтегі ата-аналар чатынан хабарлама. Дереккөз: «Зеркало» басылымы

Чатта бар Белорусь жасөспірімдерінің өзі сауда орталықтарындағы кездесу мен қозғалыс мақсатын трендте болуға және өзін көрсету құқын қорғауға деген ұмтылыс деп түсіндіреді:

Адамдар жай ғана Ресейдегі болып жатқан оқиғаның трендінде болғысы келеді. Кім, не, кім үшін екенін аса түсіне бермейді. Ештеңеден қорықпайтынын көрсеткісі келеді. Жай ғана «Hunter x Hunter» мультфильмін ұнататын, сол анименің фанаттары бар. Олар осы киім арқылы мерч жасаушыларды қолдайды. Кейбіреулер өздерін керемет қылып көрсеткісі келіп, осы киіммен көпшілік жиындарға «ұзын шаштылардың абыройын» қорғауға барады.

Минскілік Дмитрий

[…] Көптен бері бейресмилерді түрі, пирсиң мен ұзын шаштары үшін ренжітіп келді. «Редан ЖӘК» сырт келбеттің тәуелсіздігі үшін күреседі. Менің білуімше, олардың ұстанымына бірінші болып зиян келтірмеу кіреді, оларға шабуыл жасалса ғана төбелеске араласады. Олар тек [футбол фанаттарына] төбелеске провокация жасай алады.

Минскілік Кирилл

Ақпанның соңында «Редан ЖӘК» айналасындағы дүрбелең Қазақстанға жетті. БАҚ-та Қостанай мен Қарағандыдағы сауда орталықтарында төбелеске дайындалып жатқаны, сондай-ақ Орал, Атырау, Алматы және Павлодарда әлеуметтік желілерде бейресмилердің қауымдастығы пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар ата-аналар чатында да «Редан ЖӘК» туралы ескерту айтылған ақпарат пайда болды. Ал 4 наурызда Желі қолданушылары полиция Mega Almaty сауда орталығында аты аталмаған экстремистік ұйымға қатысы бар деген күдікпен бірнеше жасөспірімді ұстағанын хабарлады. Мәселенің мәнісін анықтауға ұмтылыстың жоқтығы «Kazakhstan Against Corruption» паблигінде Украинада соғысып жатқан «Вагнер» ЖӘК пен «Редан ЖӘК»-ті теңестіріп, кейінгілері Қазақстан жастарын соғысқа қатысуға үгіттеп жатыр деп мәлімдеме жасауға алып келді. Біз Қазақстанда жасөспірімдердің жаппай төбелесі болғаны туралы ақпарат таппадық. Қарағандыдағы жағдай бетпе-бет жанжал ұйымдастыру қаупі интернеттен ары қарай тарамауы мүмкін екенін көрсетті.

Factcheck.kz