13-14 ақпан күндері әлеуметтік желілерде Алматы мен Астанадағы «Азаттық радиосы» кеңселерінде, сондай-ақ басқа елдердегі «Азаттық радиосы» («Радио Свобода») редакцияларында тінту жүргізіліп жатқаны туралы видео мен хабарламалар тарады (мысалдар: осында, осында және осында). Видеода бұл тексерулердің салық заңнамасын бұзуға қатысты тергеумен байланысты болуы мүмкін екені айтылған. Сондай-ақ Илон Масктың «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» радиостанцияларын жабу туралы мәлімдемесі де аталған.
Factcheck.kz редакциясы тінтулер туралы ақпаратты тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
Бұл хабарлама әлеуметтік желілердегі күмәнді аккаунттар арқылы тараған кезекті жалған ақпарат. Алматыдағы «Азаттық радиосы» бюросы Factcheck.kz-ке берген жауабында кеңселерінде ешқандай тінту жүргізілмегенін растады. Видеода көрсетілген орын «Азаттық радиосының» кеңсесі емес, ал кадрдағы адамдар – оның қызметкерлері емес. Басылым жұмысын бұрынғыдай жалғастырып жатыр.
Толығырақ
Қызығы, бұл жалған ақпарат бір-бірін толықтыратын үш компоненттен тұрады. 13 ақпан күні түстен кейін, бір жарым сағаттың ішінде (16:31-ден 17:56-ға дейін) Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтарына арналған бірнеше Facebook қауымдастығында бірдей мәтінмен видео жарияланды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14).
Жаңалықтар сюжеті ретінде ұсынылған бұл видео шын мәнінде ешбір БАҚ-та жарияланбаған. Роликтегі кадрлар «Америка дауысы» мен «Азаттық радиосының» 2021 жылы Минскіде Тәуелсіз журналистер қауымдастығының таратылуы және 2018 жылы Forbes.kz пен Ratel.kz редакцияларын тінту туралы жаңалықтар сюжеттерінен алынған.
Біз анықтаған 14 жазба 13 түрлі топта жарияланып, төрт қолданушының атынан тараған: Талғат Қойбағаров, Гүлжайна Сайлаубаева, Қызғалдақ Нағашыбайқызы және Айгерім Айдынова. Бұл аккаунттардың барлығы – жалған мәлімет тарату мақсатында ғана ашылған фейктер болуы мүмкін.




Қолданушылардың парақшаларында жеке ақпарат мүлде жоқ, не өте аз және сенімсіз. Әйгерім Айдынова мен Қызғалдақ Нағашыбайқызының профильдеріндегі фотосуреттер басқа адамдарға тиесілі, ал Гүлжайна Сайлаубаева есімді адамның КТК телеарнасында жұмыс істейтіні туралы ашық дереккөздерде ешқандай мәлімет жоқ.
Facebook қауымдастықтарындағы жазбалар белсенді қаралмаған. 14 ақпанға қараған түні видео «Тураров казах за Россию!» атты Telegram арнасына жүктеліп, 15 минуттан кейін «Бахтияр Тураров» арнасы оны бөлісті. Жалпы аудиториясы 20 мыңнан астам адамды құрайтын бұл екі ресурс бір блогерге тиесілі екені байқалады.
14 ақпан күні күндіз видео info_today атты TikTok аккаунтында жарияланып, шамамен 20 мың қаралым жинады. Бір қызығы, бұл парақша өзін ақпараттық ресурс ретінде көрсеткенімен, онда осы жарияланым ғана болған.
Жалған ақпарат тарату схемасының келесі бөлігі «Азаттық радиосы» атынан ҚР Ішкі істер министрлігіне және ҚР Қаржылық мониториң агенттігіне жіберілген хат болды. Онда тінту жүргізу ісіне қатысты «ресми түсініктеме беру» сұралған.

14 ақпанда құжатты жариялаған дереккөздер (1, 2, 3) egovpress ресурсына сілтеме жасаған, (оның электрондық үкіметке еш қатысы жоқ). Сонымен қатар egovpress деген белгі құжат бейнесінің өзінде де көрінеді.
Алайда, egovpress аккаунттарында бұл хатқа қатысты жазбалар табылмады. Жазбалар не жойылған, не мүлде жарияланбаған болуы мүмкін.
Қисынға салсақ, ешқандай тінту жүргізілмегендіктен, хаттың өзі де жалған деуге негіз бар.
Ақырында, дәл осы 14 ақпан күні әлеуметтік желілерде Telegram арқылы қазақстандық журналистердің чатының скриншоты тарады. Онда өзін «Азаттық радиосының» редакторы Дархан деп таныстырған адам («Азаттық радиосының» астаналық бюросының жетекшісі Дархан Өмірбек болуы ықтимал) тінтулер туралы хабарлаған (1, 2).

Алайда, журналистер чатында мұндай хабарлама жоқ. Сурет қолдан жасалған болуы мүмкін.
Осылайша, жалған хаттың фотосуреті мен «чаттың скриншоты» видеодағы тінту туралы жалған ақпаратты растау үшін дайындалғанға ұқсайды. Айта кетерлігі, бұл видеоролик те, одан кейінгі жалған ақпарат та кең тарамады. Сондай-ақ, видеоның ең алғашқы жарияланған уақытын анықтау мүмкін болса, қалған екі жағдайда бастапқы дереккөз нақты белгісіз, ал оларды бөліскен аккаунттар шынайы қолданушыларға тиесілі.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.