Ауыз судағы микропластик адам денсаулығына қауіпті емес пе?

2019 жылдың жазында көптеген медиа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сілтеп, ауыз судағы микропластик адам денсаулығы үшін қауіпті емес деген ақпарат (1234) таратты. ДДСҰ шынында осындай қорытынды жасады ма және қауіпсіздікке қатысты тұжырымның қаншалықты негізі бар екенін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Дәлелденбеген

Біз ДДСҰ есебі мен басқа да зерттеулерді мұқият тексеріп, журналистер адам ағзасындағы микропластиктің қауіпсіз екенін айтқанда тек екі фактіге назар аударғанын түсіндік. Олар: полимерлердің улы емесі мен белгілі бір көлемдегі бөлшектердің ағзадан шығуға қабілетті екені. Дегенмен ДДСҰ есебінде қазірдің өзінде алаңдайтындай басқа да мәселелер бар екенін жазған. Мәселен: қабынуды ушықтыру, құрамында улы қоспалардың бары, ағзадан ақуыз молекулаларын абсорбациялау, антибиотиктерге төзімді  саңырауқұлақ патогендерін, вирус пен бактерияларды тасымалдау. ДДСҰ өкілі Мария Нейренің есепті қорытындылай келе, мұндай тұжырым аз мәліметпен жасалғанын, ары қарай зерттеуді қажет ететінін атап өткені де бекер емес.

Ішімізде пластмасса бар екенін нақты білеміз

Микропластик дегеніміз – пластиктің 5 мм-ден кіші бөліктері. Олар адам ағзасына тыныс жолдары арқылы, тамақ пен судан, әсіресе пластик бөтелкелерден түседі. Нидерланды ғалымдары Environment International ғылыми журналында жарияланған зерттеуде, 22 адамнан құралған топқа зерттеу жүргізіп, қандағы бірнеше полимер бөліктерінің бар-жоғын тексерді. Зерттеу нәтижесі бойынша, 17 қатысушының сынамасынан PMMA (полиметилметакрилат) немесе органикалық әйнек, бір реттік ыдыс жасайтын PS (полистирол), қаптамаға арналған материал – PE (полиэтилен) және суға арналған кез келген бутылканы жасайтын PET (полиэтилентерефталат) бары анықталды.

Қандағы бұл бөлшектердің жалпы массасы (700-ден 500 000 нанометрге дейін):

  1. PET үшін миллилитріне 2,4 микрограмм;
  2. PS үшін миллилитріне 4,8 микрограмм;
  3. PE үшін миллилитріне 7,1 микрограмм.

PMMA шоғыры ғалымдар оны бағалай алмайтындай аз болып шықты. Бірде-бір сынамадан PP (полипропилена) анықталмады.

Ғалымдар микропластик қантамырлар жүйесінде иммун жасушаларының көмегімен тарауы мүмкін деп болжайды. Дәл сол Environment International журналында жарияланған италиялық зерттеу авторлары алдын ала зерттеу жүргізді: 6 әйелдің босанғаннан кейін бірден плацента үлгілерін алды, олардың 4-еуінде микропластиктің 12 бөлшегі бар болып шықты. Олардың көлемі шамамен 10 микрометр (екеуі – 5 микрометрден кіші) және плацентаның ана жақ бөлігінде де, нәресте жатқан бөлігінде де болған.

Микропластик қауіпті ме?

Әдеттегі пластик тәрізді микропластик бөліктері де бір-бірінен пішіні, көлемі және құрамына қарай ерекшеленеді. Пластмасса бөліктері адам денсаулығына қалай әсер ететінін анықтау үшін бөлшектердің барлық түрін жеке-жеке зерттеу қажет.

Жалпылай келе, ДДСҰ сарапшылары бұл полимерлердің уы аз екенін және ерімейтіндіктен ас қорыту кезінде сіңіп кетуі екіталай екенін мәлімдеді. Бұл мәселеде көлемі маңызды рөл атқарады: 150 микрометрден асатын бөлшектердің ағзадан нәжіспен шығып кету мүмкіндігі 90%-тен асады. Ал 150 мкм және одан да кіші полимерлер ішектен лимфа жүйесіне түсуі мүмкін деген болжам бар. 150 микрометр деген бағам иттерге жүргізілген тәжірибе негізінде, шектеулі мәліметке сүйеніп алынды.

Микропластиктің ағзаға түсу тәсілі де маңызды. ДДСҰ есебінің тақырыбына тікелей қатысы жоқ ғылыми жұмыстар ревюінде адам денесіндегі пластмасса протездер мен өкпеге ауадан түсетін полимерлердің де әсері ескеріледі. Біріншісінде бөлшектер тіндер некрозы мен ДНҚ-ның зақымдануына әкеп соғуы мүмкін. Екіншісінде микропластик және нанопластик полимерлер тыныс алу жүйесіне терең еніп, қабындырады (пластиктің өзі инертті, ілеспе фактор – басқа химикаттар мен металдарға әсері).

Пластмасса бөлшектерінің қаупі сол – оларда су мен тағамға түсіп, асқазан-ішек жолдары арқылы қорытылып кететін улы қоспалар болуы мүмкін. 2019 жылы Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің докторы Росс Хаузер зерттеулерге сілтеме жасап, косметиканың құрамындағы фталаттар мен бисфенол А адамның репродуктивті қызметіне кері әсер ететінін айтқан болатын. Зерттеу авторлары Environmental Research and Public Health журналында бұл заттарды қарастырып, пластиктегі қоспалардың эндокринді, жүрек-қантамыр және ас қорыту жүйесіне әсерін атап өткен. Мәселен, бисфенол А балалар арасындағы семіздік пен жүректің ишемиялық ауруының себебі ретінде қарастырылған.

Гидрофобиялық болғандықтан пластик бөлшектері химиялық заттарды (гидрофобиялық, мәселен, хлороорганикалық пестицидтер) қоршаған ортадан алып, оларды көбіне адамның қантамыр жүйесі арқылы тасымалдайды. Пластмасса бөлшектері биологиялық маңызы бар ақуыз бен молекулаларды ағзадан шығарып, абсорбациялай алады. Бірақ тасымалдау қызметі толық зерттелмеген және адам денсаулығына әсер етуі мүмкін, делінген ДДСҰ есебінде.

Сондай-ақ микропластик материал ретінде биоүлдір (биопленка) тудыратын микроағзалар шоғырын дамытуға сай келеді. Бұл құбылысты «платисфера» деп атады, процесс суда болады. Қаупі сол – пластик орта осы микроағзаларды, мәселен, энтеровирустарды үлкен қашықтыққа дейін таратуға және биоүлбірдегі басқа патогендерді жасыруға мүмкіндік береді. Жердің бетінде микропластик түрлі саңырауқұлақтардың шоғыры болып, өзінде саңырауқұлақ патогендерін тасымалдауға қабілетті. 2021 жылы Scientific Reports журналында зерттеу жарияланады, онда болашақта инфекциялардың көбіне экологиялық фактор себеп болатыны болжанған.

Сондай-ақ «пластисфераларға» антибиотиктерге төзімді штаммдар жабысады. ДДСҰ құжатында тазарту құрылғыларындағы зерттеу көрсетілген. Онда микропластикке қосылу антибиотиктерге төзімділігіне байланысты бактериялар мен олардың генінің аман қалуына септігін тигізетіні анықталған.

Десе де?

Қазір қолда бар зерттеулер бойынша түсінгеніміз, микропластик адам денсаулығына тікелей немесе жанама түрде кері әсерін тигізуі мүмкін. Ағзаға қауіпті деп біржақты айта алмаймыз, бірақ төнуі мүмкін қауіпті де ескеруіміз қажет. ДДСҰ микропластик бөлшектерінің денсаулыққа әсерін дәлелді түрде көрсету үшін зерттеушілерді бұл тақырыпты тереңірек талдауға шақырады.

Factcheck.kz