2024 жылғы 23 қаңтарда Science, Public Health Policy and the Law сайтында «Вакцинация және жүйке жүйесінің дамуындағы ақау: Medicaid бағдарламасына тіркелген тоғыз жастағы балаларды зерттеу» атты мақала жарияланды. Энтони Моусон мен Бину Джейкобтың бұл еңбегінде вакцина алған балаларда аутизм және басқа да даму бұзылыстары екпе алмаған балаларға қарағанда айтарлықтай жиі кездесетіні айтылған.
Зерттеушілер бұл тұжырымға 1999–2011 жылдары Флорида штатындағы Medicaid сақтандыру бағдарламасы аясында тоғыз жастағы балалардың деректерін талдау арқылы келген. Егер балалардың жазбаларында вакцинация үшін төлем кодтары болса, олар екпе алған деп есептелген. Бірақ деректерде нақты қандай вакцина қолданылғаны көрсетілмеген.
Авторлардың айтуынша, бір ғана екпе алған балаларда аутистикалық спектрінің бұзылысы (АСБ) диагнозының қойылу ықтималдығы екпе алмаған балаларға қарағанда 1,7 есе жоғары болған. Ал 11 немесе одан да көп вакцина жасалған балаларда АСБ диагнозының қойылу ықтималдығы 4,4 есе артқан.
«Ауқымды» және «рецензияланған» деп сипатталған бұл зерттеу орыс тілді интернет кеңістігінде кең тарады (1, 2, 3, 4, 5). Оның тарауына АҚШ сенаторы кіші Роберт Ф. Кеннеди өзінің денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрі лауазымына бекітілуіне арналған Сенат тыңдауында осы зерттеуге сілтеме жасауы ықпал етуі мүмкін.
Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы мақаланың дәлдігін тексерді.
Үкім: Жалған
Мақала ғылыми жарияланымның бірқатар негізгі ережелері бұзылған (1, 2): авторлардың бейтараптығы мен мүдделер қақтығысының болмауы, дұрыс таңдалған зерттеу үлгісі мен деректерді талдау әдісі, сондай-ақ зерттеу жарияланған басылымының сенімділігі. Бұл жұмыс ғылыми журналда емес, редакторы вакцинаға қарсы көзқарасымен танымал жүргізетін блогта жарияланған. Зерттеуді қаржыландырған ұйым бұрын бірнеше рет вакцинаға қарсы жалған нарратив пен дезинформация таратуымен көзге түскен. Ал авторлардың өздері вакцинаның зияны туралы ғылыми деңгейі төмен мақалаларымен сынға ұшыраған, олардың бірнеше жұмысы беделді ғылыми журналдардан кері қайтқан.
Мақаланың артында кімдер тұр?
23 қаңтарда Моусон мен Джейкобтың зерттеуі жарияланған Science, Public Health Policy and the Law сайты – ғылыми журнал емес, блог. Оның бас редакторы Джеймс Лайонс-Вайлер вакцинацияға қарсы көзқарастарымен белгілі. Сонымен қатар, блогтың ғылым және денсаулық сақтау саласындағы кеңесшілерінің көпшілігі де вакцинацияға қарсы тұлғалар.
Мақалада көрсетілген мәлімет бойынша, авторлар Энтони Моусон мен Бину Джейкоб Миссисипи штаты, Джексон қаласындағы Чалфонт ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейді. Алайда бұл институттың жарияланған бағдарламасы немесе миссиясы жоқ, сондай-ақ оның ресми сайты да жоқ. Ұйым тіркелген мекенжайда қарапайым тұрғын үй орналасқан, ал Чалфонт институтының штаб-пәтері немесе қызметкерлері туралы басқа мәліметтер табылмады.

Олардың вакцина қаупіне арналған алдыңғы еңбектері беделді ғылыми журналдардан бірнеше рет кері қайтарылған, себебі олардың әдістемесі қате және деректерді талдауы біржақты болған. Моусон мен Джейкобтың зерттеуін тәуелсіз ғалымдар тобы емес, жалғыз ғана адам – Питер Маккалоу рецензия жазған. Ол да вакцинацияға қарсы көзқарастарымен танымал, сонымен қатар COVID-19 вакциналары туралы да жалған ақпарат таратқан.
Моусон мен Джейкобтың жұмысына демеушілік еткен ұйым – «Ұлттық вакцина жөніндегі ақпараттық орталық» (National Vaccine Information Center, NVIC) деп аталатын коммерциялық емес ұйым. Ол вакцина туралы жалған ақпарат таратқаны үшін бірнеше рет сынға ұшыраған және пандемия кезінде Facebook-тегі COVID-19 туралы фейктердің негізгі дереккөздерінің бірі ретінде аталған. Бұл орталық сонымен қатар вакциналардың аутизмді тудыратыны туралы жалған мәлімдемелер жасаған (1, 2).
Осылайша, зерттеушілердің өздері де, мақаланың жазылуы мен жариялануына қатысқан барлық тұлға да бұл мәселеге бейтарап және объективті қарамайды. Бұл олардың әдістемесіне және деректерді таңдауға сөзсіз әсер еткен.
Фактілерді іріктеп ұсыну және чектегі диагноз
Жоғарыда айтылғандай, зерттеу деректері Флорида штатындағы Medicaid сақтандыру бағдарламасының базасынан алынған. Яғни, вакциналанған деп медициналық картасында вакцина қызметіне төлем жүргізілген балалар саналған. Бірақ авторлар пациенттің нақты қандай вакциналар алғанын және олардың басқа бағдарламалар бойынша немесе басқа штатта бұрын вакцина алған-алмағанын білмеген. Вакцина салудың нақты мәртебесі туралы ақпараттың болмауы кейінгі талдаудың барлығын жоққа шығарады. Бұған қоғам денсаулығы саласындағы доктор және Unbiased Science ғылыми-популярлық блогының авторы Дженнифер Стейер назар аударады.
Зерттеудің тағы бір негізгі кемшілігін – Пенсильвания университетінің Перельман медицина мектебінің биостатистика бөлімінің директоры Джеффри С. Моррис Factcheck.org-қа берген пікірінде түсіндіреді. Ол зерттеуде байланысты факторлар ескерілмегенін айтады. Ғылыми зерттеулерде әртүрлі айнымалыларды есепке алу – сапалы талдаудың негізгі талабы, ал оларды елемеу «кейін – демек, себеп болды» деген қате логикаға әкелуі мүмкін.
Балалардағы неврологиялық аурулардың көбеюіне екпенің нақты себепші болғанын дәлелдеу үшін зерттеушілер тек олардың Medicaid бағдарламасына қатысуын ғана емес, сонымен бірге нәсілдік ерекшеліктерін (өйткені аутизмді диагностикалау ерекшеліктері бар), генетиканы және отбасындағы медициналық тарихты да ескеруі керек еді. Medicaid сақтандыруы бар пациенттерді ғана пайдалану әлеуметтік-экономикалық фактор бойынша бұрмалауға алып келді, өйткені бұл ұлттық сақтандыру бағдарламасы негізінен тұрмысы төмен азаматтарға арналған.
Нәтижесінде, зерттеушілер 9 жасқа дейін вакцина алған балалардың 90%-ін, вакцина алмаған 10%-імен барлық жағынан бірдей деп қарастырып, тек екпені айырмашылық ретінде қарастырған.
Деректермен жұмыс істеудегі тағы бір қате – бұл жүйелі логикалық іріктеу қатесі: медициналық көмекке жиі жүгінетін адамдардың вакцина алу ықтималдығы да, сондай-ақ ауруларды диагностикалау және емдеу ықтималдығы да жоғары болатыны заңды құбылыс. Тиісінше, мұндай адамдардың арасында вакцина алғандар да, нейропсихологиялық ауруларға тексерілгендер де көбірек болады.
Зерттеушілер 9 жасар балалардың деректерін талдау кезінде аутизмнің ерте диагностикасын ескермеген және диагноздың алғашқы вакцинаға дейін немесе кейін қойылғанына түзету жасамаған. Бұл зерттеу дизайнын одан әрі әлсірете түсті.
Зерттеудің негізінде жатқан ғылыми әдебиеттер тізімі де күмән тудырады. Авторлар өздерінің бұрын кері қайтарылған мақаласын ғана емес, сонымен қатар олардың көзқарасына қайшы келетін бірде-бір ірі зерттеуді де келтірмеген.
Қорытынды
Зерттеу дизайны объективті гипотезаны тексеру үшін емес, белгілі бір заңдылықтарды «анықтау» үшін жасалғаны байқалады. Деректердің сапасының төмендігі, зерттеушілердің жеке наным-сенімдері және қате статистикалық әдістердің үйлесуі Энтони Моусон мен Бину Джейкобтың жұмысының нәтижелерін негізсіз етеді және оны ғылыми тұрғыдан мағынасыз зерттеуге айналдырады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.