Арно Кларсфельд «орыс әдебиетін өртеген Украинаға ЕО-да орын жоқ» дегені рас па?

Ресей медиасы француз мемлекеттік кеңесінің мүшесі Арно Кларсфельдтің «орыс әдебиетінің туындыларын өртеп жіберген Украинаға ЕО-да орын жоқ» деген мәлімдемесін таратты (медиада: 1, 2, 3, 4, 5, 6; әлеуметтік желіде: 1, 2 ). Factcheck.kz саясаткер расымен осындай ақпарат таратты ма, тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Украинада орыс классиктерінің кітаптарына тыйым салынуы және ол жерде Степан Бандера ескерткіштерінің орнатылуы оларға Еуроодақта орын жоқ екенін дәлелдейді, деп мәлімдеді Франция мемлекеттік кеңесінің мүшесі, заңгер Арно Кларсфельд 3 наурызда.

“Украинада [Степан] Бандераға ескерткіштер тұрғызылып, Пушкин, Достоевский мен Толстойдың кітаптарын “өртеп” жатыр. Мұндай Украинаның Еуроодаққа еш қатысы жоқ”,— деп жазды Кларсфельд X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter).

iz.ru жариялаған ақпарат

Үкім: Шындық

Француз заңгері және Мемлекеттік Кеңес мүшесі Арно Кларсфельд Х парақшасында (архив) осындай мәлімдеме жасағаны рас. Ол нацистік соғыс қылмыскерлеріне қарсы белсенділігімен, антисемитизмге қарсы насихатымен танымал. Дегенмен оның Украинаға қатысты позициясы даулы болып отыр. Мәселен, Кларсфельд украиналықтар он мыңдаған еврей отбасын нацистермен ынтымақтаса отырып жоюға көмектескен украин ұлтшылдарын дәріптеуді, аса құрмет көрсетуді тоқтатуы керек деп мәлімдеді.

Степан Бандераға арналған ескерткіш

Украинада 20 ғасырдағы «украин ұлтшылдық символы Степан Бандераға арналған бірнеше ескерткіш бар. Ең көрнектілерінің бірі Львов қаласында 2007 жылы қойылған.

Бандера өте даулы тұлға екенін атап өткен жөн. Кейбір украиндықтар оны ұлттық қаһарман ретінде таныса, Кремль пропагандасы оны «фашизмді жақтаған» қарсылас ретінде көрсетеді. «Deutsche Welle» жазуынша, ресейлік әскерилер Бандераның есімін өздері басып алған аумақтарда Бандераны жақтайтын украиндарды іздеп табу үшін пайдаланған.

Өртелген / тыйым салынған кітаптар

Ресейлік тарап не істеді? 2022 жылдың наурызында уақытша басып алынған Луганск, Донецк, Чернигов және Сумы облыстарының кітапханаларында «Кремль үгіт-насихатына сәйкес келмейтін» украиналық тарихи-көркем әдебиеттерді ресейлік «әскери полиция» тартып алған. 2022 жылдың маусымында орыс басқыншылары «Петро Могила» шіркеуінің кітапханасындағы барлық кітапты, соның ішінде украин тіліндегі бірегей кітаптарды өртеген. Украинаның ұлттық қарсыласу орталығының мәліметі бойынша, 2023 жылғы ақпанда ресейлік күштер Луганск облысындағы қоғамдық және мектеп кітапханаларындағы украин кітаптарын тартып алып, өртеп жіберген.

Украина ше? Украинада да орыстілді кітаптарға қарсы әрекеттер жасалғаны рас. Украина 2022 жылы орыс тіліндегі кітаптар мен басқа да материалдардың, әсіресе Украинаға қарсы агрессияны қолдайтын немесе орыс ұлтшылдығын насихаттайтын материалдардың болуын және таралуын шектеу шараларын қабылдады. Ресей азаматтары Ресей төлқұжатынан бас тартып, Украина азаматтығын алмаса, оларға Украинада кітап басып шығаруға тыйым салынады. Бұл 1991 жылы Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін Ресей азаматтығын алғандарға; Ресей, Беларусь және оккупацияланған Украина территориясында басылған кітаптарға қатысты.

Заңға сәйкес, Александр Пушкин немесе Лев Толстой секілді орыс классиктерінің туындылары Ресейде шығарылған болса, ол Украинаға әкелінбейді. Ал кез келген басқа елден орыс тіліндегі кітаптарды әкелу үшін арнайы рұқсат қажет.

DW жазуынша, Украина Білім министрлігінің жұмыс тобы Лев Толстой, Александр Пушкин, Федор Достоевский және Михаил Булгаков сияқты 40-қа жуық ресейлік немесе кеңестік жазушылар мен ақындарды мектеп бағдарламасынан алып тастауды ұсынған.

2023 жылдың ақпанында Украина өз кітапханаларынан кеңестік дәуірде немесе орыс тілінде шыққан 19 миллионға жуық кітапты алып тастады. 19 миллион кітаптың 11 миллионы орыс тілінде шыққан. Кеңес дәуіріндегі украин тіліндегі кейбір кітаптар да есептен шығарылған.

Украинаның Мәдениет және ақпараттық саясат министрлігіне қарасты Украин кітап институтының директоры Александра Ковальдің «Интерфакс-Украина» редакциясына берген 2023 жылдың мамырындағы сұхбатында «кітапханалардан орыс классиктерін алып тастау керек» дейді. Оның пікірінше, Александр Пушкин мен Федор Достоевский сияқты орыс ақындары мен жазушылары «орыс әлемі» мен орыс мессианизмінің негізін қалады.

ЕО-ның Украинаға қатысты позициясы

2023 жылдың желтоқсанында ЕО Украинамен ресми мүшелік келіссөздерін бастады, бұл Украинаның одаққа қосылу ниетіндегі маңызды қадам болды. Шешім Украинаның Еуропалық комиссия ұсынған реформаларды, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды және медиа заңнамасын ЕО стандарттарына сәйкестендіруді жүзеге асыруға шақырады.

2023 жылдың қарашасында халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңес жүргізген сауалнама Еуроодақтың кеңеюіне қоғамдық қолдауды артып келе жатқанын көрсетті. Украинаның ЕО-ға қосылуын Литва, Испания және Хорватия қолдаса, Франциядағы қоғамдық пікір әртүрлі болды.

Бұған дейін ЕО-ның кеңеюіне қарсы болған Франция континентті тұрақтандырудың стратегиялық маңыздылығын мойындап, Украина сияқты жаңа мүшені одаққа қосуды жақтап отыр. Макрон Украинаны «жеңіске дейін» қолдап, әскери көмек көрсетуде жетекшілік етуде.

Қорытынды

Арно Кларсфельд cекілді саясаткердің жеке көзқарасы мен мемлекеттің немесе халықаралық органдардың ресми ұстанымын ажырата білу маңызды. Өйткені, халықаралық мәселелерге қатысты көзқарас әдетте уәкілетті өкілдердің ресми мәлімдемелері арқылы беріледі. Сондықтан, Кларсфельдтің пікірі француз үкіметінің немесе жалпы ЕО-ның ұстанымын білдірмейді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz