Аптап ыстық кезінде арыстандар күніне 40 рет жұптаса ма?

Әлеуметтік желілерде және табиғат пен қызық деректерге арналған түрлі парақшаларда бірнеше жылдан бері арыстандардың ерекше жыныстық белсенділігі туралы мәлімдеме тарап келеді.

«Аптап ыстық кезінде ұрғашы арыстан тоқтаусыз күніне 40 ретке дейін жыныстық қатынасқа түседі. Арыстан шаршаса, одан қатынасты жалғастыруды талап етеді. Ол бас тартса, арыстанды аталық безінен тістейді», — деп жазылған жазбаларда (мысалдар: осында, осында, осында және осында).

Бұл жазбаларға қоса Роттердамдағы хайуанаттар бағында Жоан Кок түсірген суреттер беріледі.

Аптап ыстық кезінде арыстандар күніне 40 рет жұптаса ма?
Постпен қатар жарияланған сурет

Factcheck.kz бұл мәлімдеменің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Аптап ыстық кезінде ұрғашы арыстан күніне 40 ретке дейін жыныстық қатынасқа түседі. Арыстан шаршаса, оны аталық безінен тістейді.

Үкім: Жалған ақпараты басым

Бұл мәлімдемеде «ыстық» сөзі қате аударылған. Ағылшын тіліндегі when in heat тіркесі «күйлеу кезінде» деген мағынаны білдіреді. Бұл кезде ұрғашы арыстандар күніне 50, тіпті 100 ретке дейін жұптасуы мүмкін. Алайда бұл әрекет «тоқтаусыз» емес, үзілістермен жүзеге асады. Сонымен қатар арыстанды аталық безінен тістейді деген бөлігі ойдан шығарылған сияқты — мұндай мінез-құлықтың жұптасу кезінде болатынын растайтын дәлелдер табылған жоқ. Жарияланған фотосуреттердің де бұл жазбаларға қатысы жоқ.

Хабарлама алғаш рет ағылшын тілді интернет кеңістікте шамамен 2020 жылдың шілдесінде тарай бастайды (мысалдар: осында және осында). Орыс тіліндегі жазбалар ағылшын мәтінін сөзбе-сөз аударған. Бұл when in heat тіркесінің дұрыс аударылмауына және күлкілі жағдайға әкелген.

2020 жылдың 27 шілдесінде IFLScience сайты осы мәлімдемеге фактчек жариялап, ұрғашы арыстандардың (және арыстандардың) «шамадан тыс жиі жұптасуы мүмкін» екенін атап өтті. Алайда, арыстан «шаршағандықтан» оның аталық безінен тістейді деген бөлік шындыққа жанаспайтын әзіл болуы ықтимал. Бұл мінез-құлықтың жұптасу кезіндегі қалыпты жағдай екенін растайтын дәлелдер жоқ.

Britannica энциклопедиясында ұрғашы арыстандардың жұптасу кезеңі 3-4 күнге созылатын репродуктивті циклге сәйкес келетіні айтылған. Осы уақыт ішінде жұп әр 20-30 минут сайын жұптаса алады. Бұл күніне шамамен 50 ретке дейін жетуі мүмкін. Ұрғашылар, әдетте, бір немесе екі аталықпен шектеледі.

ALERT (африкалық арыстандар мен олардың экожүйелерін сақтау ұйымы) сайтында да жыртқыштардың жұптасу тәртібі туралы ағартушылық мақала бар. Онда ұрғашы арыстанның күніне 100 ретке дейін жұптасуы мүмкін екені және орташа интервалдың 17 минутты құрайтыны (диапазон: 4-148 минут) айтылған. Әрбір жұптасу шамамен 21 секундқа созылады (диапазон: 8-68 секунд).

Осылайша, ұрғашы арыстандардың күніне 40, 50, тіпті 100 ретке дейін жұптасуы мүмкін деу қате болмайды. Бұл көрсеткіш әртүрлі факторларға байланысты басқа болуы да мүмкін. Сондықтан ғылыми дереккөздер көбіне жұптасу санына емес, олардың арасындағы интервалға назар аударады, ал бұл интервал, әдетте, 15 минуттан кем болмайды.

Фотосурет туралы не айтуға болады?

Азиаттық арыстандар бейнеленген фотосуреттерді расымен де фотограф Жоан (Сафи) Кок Роттердамдағы Бляйдорп зообағында түсіріп, 2020 жылдың қаңтарында өзінің жеке парақшасында жариялаған. Алайда, суретте жұптасу сәті емес, арыстан мен арланның ойыны бейнеленген. Бұл туралы IFLScience ресурсы хабарлаған.

Жалпы, қазіргі кезде желіде күлкі тудыру үшін жарияланып жүргеніне қарамастан, фотоның тарихы аянышты. Суреттегі арыстанның аты Аапель болатын. Фото түсірілген уақытта ол ұзақ уақыт бойы (бірнеше жыл) ауырған. 2020 жылдың тамызында, фотосурет түсірілгеннен 8 ай өткен соң, зообақ әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында оның өліп қалғанын хабарлаған.

Аапель мен Лалананың үш арланы болған: Аша, Рина және Метте. Фотосуретте бейнеленген күшіктің бірі әкесін тістеп, ойнап жатқан сәті түсірілген. Өкінішке орай, олардың барлығы да неврологиялық аурулардан зардап шеккен. Уақыт өте олардың жағдайы нашарлап, зообақ оларды ұйықтатуға мәжбүр болған. Меттенің өлімі туралы зообақ 2023 жылдың 12 шілдесінде, Ашаның өлімі туралы 2023 жылдың 30 қарашасында, ал Ринаның өлімі туралы 2024 жылдың 9 қыркүйегінде хабарлады.

Осы мақала жазылғанда Лалана әлі де Бляйдорп зообағында тұрып жатты.

Материал Factcheck Dive курсының түлегі Мәлік Сұлтановпен бірге дайындалды

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz