Алпауыт брендтер расымен Израильді қаржылай қолдай ма?

2023 жылы қазанда басталған ХАМАС-Израиль қақтығысынан соң, әлеуметтік желіде әлемге танымал брендтердің Израильге қолдау білдіретіні жайлы ақпарат және оларға бойкот жариялауға үндейтін видеолар тарады (1, 2, 3, 4, 5). Белсенділер бойкот жариялауға шақырған брендтер тізімінде Coca-cola, Starbucks, Mcdonald’s, Zara және Dior сияқты танымал ірі компаниялар да бар.

Тик-ток және инстаграм желілерінде Палестинаны қолдайтын белсенділер Израильді қолдайтын барлық бренд пен компанияның өнімін сатып алудан бас тартуға шақырды. Олардың сөзінше, осы компания өнімдерін пайдалану арқылы, Израиль әскеріне инвестиция жасайды-мыс. 

Factcheck.kz деректерді тексеріп, брендтер расымен Израильге (әсіресе израильдік әскерге)  қолдау көрсетіп жатыр ма деген сұраққа жауап іздеді.

Дисклеймер: Редакция Израиль-ХАМАС қақтығысына қатысты бейтарап көзқарасты ұстанады. Материалдың мақсаты — желіде тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеру. Мақала 2023 жылы ХАМАС-Израиль қақтығысынан болған бойкот контексінде жазылған.

Қысқаша қорытынды: Әлеуметтік желіде бойкот жариялауға шақырған брендтердің Израиль әскеріне қаржылай қолдау жасайтынына дәлел жоқ. Компаниялардың жергілікті франшизалары ХАМАС шабуылынан кейін Израиль тұрғындарына көмек көрсеткен және зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберген. Дегенмен компаниялар ХАМАС-Израиль арасындағы соғыс жағдайына қатысты позицияларын ресми жарияламаған.

Ал енді негізгі брендтерді жеке-жеке қарасытрайық.

Starbucks компаниясы 

Starbucks ешқандай саяси көзқарас ұстанбайды, ешқашан Израильді қолдамағанын және қаржылай инвестиция жасамағанын мәлімдеді. 

Starbucks үлкен бойкоттық толқыннан кейін 2010 жылы жасаған Израильді қолдамайтына қатысты ресми мәлімдемесін жаңартты. Компанияның мәлімдеуінше, Starbucks саяси ұйым емес. Компания, оның президенті мен басқарушылары ешқашан Израильді қолдамағандарын және қаржылай инвестиция жасмағанын мәлімдеді. 

Starbucks-қа қарсы бойкот компанияға серіктес Starbucks қызметкерлер ұйымының (Starbucks workers united) Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа қатысты жазбасы жарияланғаннан кейін басталған. Ұйым X желісіне (бұрынғы twitter) “Ынтымақтастық Палестинамен бірге” (Solidarity with Palestine) деген жазба жариялаған. Бұл Sarbucks-тың ресми мәлімдемесі болмағандықтан, Starbucks бұл жазбамен келіспейтіндігін және террористік актілер мен зорлық-зомбылықтың күшеюін айыптайтынын жазды.

Мәлімдемеде компания 18 қазанда Starbucks АҚШ-тың Айова штатының Дэвенпорт қаласындағы аудандық сотына Workers United ұйымына Starbucks-тың аты мен логотипін пайдаланып мәлімдеме жасағаны үшін шағым түсірген.

McDonald’s 

Mcdonald’s-тың Израильдегі франшизасы ХАМАС әскери шабуылынан кейін израильдік әскерилерге тегін тамақ таратқан. Дегенмен компанияның басқа мұсылман мемлекеттерде орналасқан франшизалары Газаға гуманитарлық көмек жіберді. 

Mcdonald’s-тың Израильдегі франшизасы шабуылдан кейін күніне 4 000-ға жуық тамақ тегін таратылғаны жайында инстаграм парақшасында мәлімдеген. Оған қоса компанияның ресми парақшасында фастфуд мейрамханаларына келуші әскерилер мен құқық қорғаушыларға 50%-ке дейін жеңілдіктер қарастырылған. 

Қарсы пікірлерден кейін компанияның инстаграм парақшасы басқа мемлекет аумақтарында қолжетімсіз. Инстаграм парақшасында жарияланған фотолар мен ақпаратты мына видеодан көре аласыз.

Mcdonald’s-тың Израильдегі франшизасының қолдау білдірген жазбаларынан соң, компанияның басқа мұсылман мемлекеттерде орналасқан франшизалары Израильдегі Mcdonald’s-тың саяси пікірі басқа елдердегі компанияның шешімдеріне қатысты емес және Газамен бірге екенін мәлімдеді. 

Mcdonald’s-тың Түркиядағы франшизасы Газаға 1 млн. доллар көлемінде гуманитарлық көмек жіберуге уәде берді. Сонымен қатар Оман, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Египет, Бахрейн франчайзингтері Газада зардап шеккен палестиналықтарды қолдау үшін 3 млн. доллардан астам қаражат бөлетіндерін ресми мәлімдеді.

Burger King және KFC

Израильдегі Burger King франшизасы да ХАМАС шабуылынан кейін израильдік әскерилерге тегін тамақ таратқан және жапа шеккендердің отбасыларына гуманитарлық көмек жіберген. Бұл жайлы ресми парақшасында ақпарат жариялады

KFC  бұндай қайрымдылық шаралар ұйымдастырмаған және компания саяси жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасамады. 

Қазір KFC-дің Израильдегі кейбір филилалы жұмыс істемей тұр. Ресми сайттағы және әлеуметтік желілеріндегі парақшадағы ақпараттарға сәйкес, елдегі тұрақсыз жағдайға байланысты кей мейрамханалар уақытша жұмыс істемейді. 

Papa Johns 

Papa Johns Израильдегі франшизасының инстаграм парақшасында ХАМАС шабуылынан кейін, медицина қызметкерлеріне тегін тамақ таратқан фотолар жариялаған. Басқа елдердегі және негізгі Papa Johns компаниясы ресми мәлімдеме жасамады.

The Coca-cola company 

Израиль мен ХАМАС арасындағы әскери қақтығысқа қатысты компанияның позициясы белгісіз, компания бұған қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.

Бірақ басқа себепке байланысты бірнеше жыл қатарынан жалғасып келе жатқан бойкот бар: Coca-cola компаниясының Израильді қолдайтына қатысты деректер бірнеше жыл қатарынан тарады. Бойкот жариялаудың басты себебі — Coca-cola компаниясының Израильдегі франшизалық The Central Bottling компаниясы орналасқан жер. Компанияның өндіріс орны — Атарот өндіріс паркі. Белсенділер компанияның оккупация арқылы тартып алынған жерде пайда тауып отырғанына наразылық білдіріп, бойкот жариялауға шақырады. 

Атарот жері — Иерусалимдегі ірі өндіріс паркі. Мұнда Палестина интифадына (палестиналықтар мен израильдіктердің қақтығысы) дейін The Coca-cola, Mercedes-Benz, Israel Aircraft Industries сияқты 200-ге жуық ірі компания жұмыс істеген. Екінші интифад кезінде осы аумақтағы Атарот әуежайы және өндіріс паркі палестиналықтардың шабуыланан зақымдалған. Нәтижесінде әуежай жабылып, индустриалдық парк кейіннен қалпына келтірілді. 

Қазір Атаротта 160-қа жуық зауыт пен 4 000-ға жуық қызметкер бар. Қызметкерлердің төрттен үші палестиналықтар болса, қалған бір бөлігі еврейлер.

The Walt Disney

The Walt Disney компаниясы 12 қазанда Израильге жасалған террористік ХАМАС шабуылынан кейін Израильдегі гумманитарлық көмек көрсететін ұйымдарға 2 млн. доллар көлемінде қаржы бөлетінін мәлімдеген

Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай халықаралық ұйымына медициналық көмек көрсету мақсатында 1 млн. доллар және  балаларға көмек көрсететін басқада коммерциялық емес ұйымдарға 1 млн доллар қаржы бөлген. Компания Газа аумағындағы жапа шеккендерге қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.

Cән брендтері: Chanel, Dior, Inditex және H&M 

Chanel брендінің Израильді қолдайтыны туралы ақпаратқа дәлел жоқ. Компания өкілдерінің ресми сайтында және парақшаларында саяси жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.  

Желіде Chanel Израильге 4 млн. доллар қаржылық қолдау жасады деген ақпарат тараған. Жазбаларда бұл туралы компанияның атқарушы төрағасы Ален Вертхаймер және бас директоры Лина Наир әлеуметтік желідегі парақшаларында мәлімдеген деп хабарланған. Бірақ бұл құжат ресми жарияланбаған.

Dior бренді ХАМАС−Израиль қақтығысына қатысты ресми мәлімдеме жасамады.

Қақтығыс басталғаннан Dior танымал сән брендінің Израильді қолдайтынына қатысты ақпарат тарады. Бұл дерек 2021 жылы америкалық супермодель Изабе́лла Хаир Хади́д (Белла Хадид) “Палестинаға еркіндік” ұранымен маршқа қатысқанынан соң бренд модельмен келісім шартты бұзды деген ақпараттың тарауымен байланысты болды. Кейіннен келісім шартты бұзуға қатысты ақпараттың жалған екенін сән баспаларымен, модельдің жақындары мәлімдеген.

Материалды дайындау барысында сән брендіне және Белла Хадидке қатысты тағы бір жаңалық шықты (1, 2). Израильдік модель Май Тагердің қатысуымен Dior-дың мерекелік кампейні жарияланғаннан соң, желіде Dior палестиналық модель Белла Хадидті израильдік модель Май Тагерменге алмастырды деген ақпарат тарады. Дегенмен бұл оқиғаның ХАМАС-Израиль қақтығысына қатысы бар-жоғы белгісіз. Белла Хадид осыған дейін денсаулық жағдайына байланысты уақытша модельдік жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген-ді

Inditex және H&M  компаниялары саяси жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасамаған және қандайда бір көмек туралы мәліметтер жоқ.

Испаниялық Inditex компаниясы (Zara, Stradivarius, Pull&Bear, Bershka, Massimo Dutti) Израильдегі дүкендерінің уақытша жабылатын туралы ақпаратты Израильдіқ сайттарда жариялаған. Дегенмен, қазір дүкендердің ресми сайттары толық жұмыс істеп тұр. 

H&M дүкені Израильдегі ресми сайттарында “Қиын жағдайларға қарамастан біз сіздерге қызмет көрсетуге тырысамыз” деген жазба қалдырған және барлық тапсырыстарға жеңілдіктер қарастырылғаны туралы жазған. 

Puma

Puma бренді 2023 жылы қазанда болған қақтығысқа қатысты ресми позициясын білдірмеген.

Puma спорт киімдерін шығаратын неміс компаниясының бойкотқа ұшырауына Израиль фотбол командасына қаржылай демеуші болуы әсер еткен. 2017 жылы Израиль футбол ассоциациясы құрамаларына заңсыз окупацияланған жерлерде ойнайтын футбол командаларын қосып ФИФА заңдарын бұзғаны үшін адам құқықтарын қорғау ұйымдарының сынана қалған. 2018 жылға дейін Израиль фотбол командаларына Adidas бренді демеушілік жасаған, кейіннен әлемдік футбол ассоциациясы қарсы петиция жолдағаннан кейін демеушілікті тоқтатқан. 

2018 жылдан бастап Adidas-тың орнына Puma бренді Израиль футбол ассоциациясына бас демеуші болды.

Factcheck.kz