2024 жылдың 12 желтоқсан күні Алматы қаласы әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жыл басынан бері қаладағы қылмыс деңгейі 10-15%-ке төмендеді деген хабарлама жарияланды.
Factcheck.kz редакциясы 2024 жылдың 11 айы туралы айтылған деректің қаншалықты рас екенін тексердә.
Мәлімдеме: Жыл басынан бері Алматыда қылмыс саны 10-15% төмендеді.
Алматы қаласының әкімдігі
Тексеруге кіріспес бұрын, мынаны атап өтейік: мәлімдемеде «қылмыс» сөзі қолданылғанымен, әкімдік нақты қылмыстарды немесе жалпы құқық бұзушылықтарды айтып отырғаны түсініксіз. Өйткені мәтіннің кейінгі бөлігінде бұл екі ұғым өзара алма-кезек пайдаланылған. Бұл маңызды, себебі ресми статистикада «құқық бұзушылықтарға» «қылмыстар» мен «қылмыстық теріс қылықтар» кіреді. Осыған байланысты нақты қорытынды жасау үшін біз екі категориядағы өзгерістерді тексереміз.
Үкім: Шындыққа жақын
Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Алматыда 23 343 құқық бұзушылық тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (25 778 құқық бұзушылық), көрсеткіштің 9,45%-ке төмендегенін байқауға болады.
Қылмыстық теріс қылықтарды есепке алмастан, тек қылмыстарға тоқталсақ, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында олардың саны 19 280, ал өткен жылдың сол кезеңінде — 22 446 болды. Осылайша, көрсеткіш 14,1%-ке төмендеді.
Бұл екі көрсеткіш те әкімдік атап өткен диапазонға жақын болғандықтан, «Шындыққа жақын» деген үкім қоямыз.
Төменде 2023 және 2024 жылдардың 11 айындағы Алматыда тіркелген құқық бұзушылықтар санын көрсететін график берілген.
Назар аударыңыз: Әр айда жыл басынан бері тіркелген жалпы құқық бұзушылықтар саны көрсетілген.

Бір қызығы, өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қаңтар-қарашасында адам өлтіру, ұрлық, тонау, бопсалау және зорлау қылмыстарының саны азайған. Сонымен қатар алаяқтық, қарақшылық, бұзақылық және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың артқаны байқалады.
Кейінгі 10 жылдағы жағдай қалай өзгерді
Кейінгі 10 жыл ішінде Қазақстан мен Алматыдағы қылмыс деңгейіне көз жүгіртсек, төмендеу тренді байқалады (графикте қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтар ескерілген).

Соған қарамастан, Алматы елдегі ең «қылмыс көп» қала болып қалып отыр. 2020 және 2021 жылдары (11 айлық деректерге сүйенсек) елімізде тіркелген әр алтыншы құқық бұзушылық оңтүстік астанада болса, 2022 және 2023 жылдары бұл көрсеткіш әр бесінші құқық бұзушылыққа жуықтады. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында елдегі барлық құқық бұзушылықтың шамамен 18%-і Алматыда тіркелген.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.