Алманың барлық сортын жеп көруге 20 жыл қажет пе?

Көптен бері интернетте және медиада “Әлемде алманың сорты көп. Алманың барлық сортының дәмін татып көру үшін, күніне бір түрінен 20 жыл бойы жеп көру керек” деген мәлімдеме тарап жүр (1, 2, 3). Factcheck.kz деректі тексеріп көрді.

Үкім: Жартылай шындық

Google-дан дүниежүзіндегі алмалардың сортының санын жазған бірнеше дереккөзді таптық. Мәдени өсімдіктерге арналған нұсқаулықта бұл жемістің 7,5 мың түрі бар екені айтылған. Адам күніне бір түрінен жесе, 20 жылда 7300 түрін жеп көреді екен. Бірақ кейбір мақалада коммерциялық мақсатта бірнеше алма сорты өсірілетіні айтылған. Бұл дегеніміз адам алманың барлық сортын жеп көре алмайтынын білдіреді.

Алманың барлық сортының дәмін татып көру үшін, күніне бір түрінен 20 жыл бойы жеп көру керек” деген ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін қарапайым әдіс арқылы есептеп көрейік. Бір жылда бар 365 күнді 20-ға көбейтеміз. Сонда 7300 күн шығады, яғни 20 жыл күнде бір сорттың түрі жесе, жалпы 7300 түрін жейді екен. Бұл ғылыми журналдар мен заметкаларда келтірілген дерекке жақын.

Алайда біз тағы басқа дереккөздерден алма сортының бұдан да көп екені туралы ақпаратты байқадық. Мысалы, Agri Benchnark сайтында (түрлі елдің ауылшаруашылық мамандарын біріктіріп, ең жақсыларын анықтау үшін егіншілік тәжірибесін сараптайтын коммерциялық емес ұйым) әлемде алманың 30 мың түрі бар екені айтылған. Дегенмен автор Кэтрин Стром коммерциялық мақсатта тек 20-40 сорты өсірілетінін атап өтті.

Plant Science журналындағы «Алманың SSR генотипіне арналған жаңа бір түтіктік реакция жинағы» деген материалда алманың 30 мыңнан астам түрі бар екені жазылған.

Алма ағаштарының 10 мыңнан астам сорттары бар екені “Алма өсіру – шығу тегінен гендік инженерияға дейін; Жеміс, көкөніс және дәнді дақылдар ғылымы және биотехнология” деген ғылыми басылымда да айтылған. Мұнда да коммерциялық мақсатты санаулы түрі ғана қолданылатыны, өсірілетіні жазылған.

Деректердің неге әртүрлі екені белгісіз. Оған нақты жауап таппадық. Тек бір ағылшын тіліндегі сайтта “жалпы алманың 30 мың сорты, ал 7,5 мың мәдениті түрі бар” деп жазған. Дегенмен нанымды дереккөзге сілтеме көрсетпейді.

Factcheck.kz