Алкогольге тәуелді әйелдердің саны артып жатыр ма?

Сәуірдің басында Astana телеарнасы “қоғамда ішімдік ішетін әйелдер көбейіп бара жатқаны” туралы материал жариялады. Сюжетте алкогольге тәуелді әйелдер көрсеткіші үш есе артқаны айтылады. Ақпаратты басқа сайттар көшіріп (1, 2), кейін әлеуметтік желіде де тарай бастады.

Astana телеарнасының сюжеті

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Қоғамда ішімдік ішетін әйелдер де көбейіп барады. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда үш есе артқан. 

Astana TV

Үкім: Жалған

Мұндай мәлімдеме түбегейлі жалған. Денсаулық сақтау министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, біріншіден, 2022 жылдың алғашқы 3 айында алкоголь тұтынуына байланысты диспансерлік есепте тұрған әйелдер саны 15 189 болса, 2023 жылы осы уақытта бұл көрсеткіш 15 265-ке өскен. Яғни еселеп өсу туралы сөз де жоқ. Екіншіден, кейінгі 5 жылдағы тенденцияны қарасақ, көрсеткіш тоқтаусыз азайып жатыр.

Мәлімдеме: Жас мөлшері де жылдан-жылға жасаруда. Бұрын наркологиялық орталыққа емделуге елуді еңсергендер барса, қазір 25-30 жас аралығындағылар дертіне дауа іздеп жүр.

Astana TV

Үкім: Жалған

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сай, кейінгі 5 жылда алкоголь тұтынуына байланысты диспансерлік есепте тұрған 25-29 жас аралығындағы адам саны 2018 жылы 4 893 адам болса, олардың саны 2022 жылы 2 560-қа түскен (-47%). 50-54 жас аралығындағы адам санында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды: 2018 жылы — 12 728, 2022 жылы — 12 552 адам.

Мәлімдеме: Олар алкагольді қабылдағаннан кейін бір бутылка ішті, екіншісін ішті, одан кейін оған қалыпты жағдай болып есептеледі де организм сұрайды. Ер адамдар әйел адамдарға қарағанда стресске, күйзеліске тұрақты болып келеді. Әйел адамдар нәзік жанды болғандықтан, тәуелділікке тез кіріп кетеді.

Меруерт Баулы, терапевт

Үкім: Шындыққа жақын

Әйелдер ерлерге қарағанда стресстің жоғары деңгейі туралы жиі хабарлайтыны рас, бұл қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымындағы гендерге қысымымен байланысты: әйелдер ақысыз еңбекпен көбірек айналысады және әйелдерге қоғам тарапынан көбірек талап қойылады. Яғни “ерлерді стресске төзімді” деуге де келмейді. Оның үстіне стрессті әйелдер алкогольизмінің жалғыз және негізгі себебі деуге болмайды. Мысалы, әйелдер ерлерге қарағанда стрессті жақсы жеңеді. Ал алкоголизмнің стресстен басқа себептері келесідей болуы мүмкін: ата-анаңыздың алкоголге қатысты проблемасы болса; психикалық ауытқулар; өзін төмен бағалау; алкоголь тұтыну қалыпты саналатын мәдениет және т.б.

Дегенмен ерлермен салыстырғанда әйелдердің алкогольге қатысты проблемасы тезірек пайда болатыны және олардың тезірек тәуелді болатыны рас. Бұл әйелдердің дене бітімінің кішілігіне ғана байланысты емес, сонымен қатар әйелдерге метаболизм (зат алмасу) үшін көп уақыт қажет. Бұдан бөлек, алкоголь денедегі суда болады, ал әдетте әйелдердің денесінде су ерлерге қарағанда азырақ. Яғни әйелдің ішкен алкоголь көлемі мен дене салмағы еркектікімен бірдей болса да, оның қанындағы алкоголь концентрациясы көбірек келеді. Мысалы, ерлермен бірдей көлемде алкоголь тұтынса да әйелдерде (ерлермен салыстырғанда) масаңдықтың салдары (похмелье), есін жоғалту жиі кездеседі (1, 2).

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

*Басты беттегі сурет Bing AI көмегімен салынды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz