Facebook әлеуметтік желісінде ZARA дүкендерінің акциясы туралы видеороликтер тарап жатыр. Авторлардың айтуынша, бұл масс-маркет жаңа топтама шығар алдында қоймаларын «босатып», кез келген адамға тауары бар «құпия қорапты» алуға мүмкіндік береді. Ол үшін тек 1086 теңге жеткізу ақысын төлеу жеткілікті (1, 2, 3, 4).

«Мен шок болдым! Қазақстанда ZARA-ның керемет акциясы жайлы көп адамның білмейтініне таңғалдым. Бұл акция аясында ескі топтамалардан киімдер тегін таратылады. Мен жыл сайын қатысамын және жаңа, мінсіз киімдер аламын – бұл ZARA ғой! Бар болғаны сайтқа кіріп, қысқа сауалнамадан өтіп, жеткізу ақысын төлесеңіз болды, сәнді киімдеріңіз сізге келеді. Бірақ саны шектеулі, сондықтан асығыңыз! Сілтеме – видеоның астында», – дейді видеодағы дауыс.
Қызығы, бұл хабарламада Қазақстанның орнына Қырғызстан туралы айтылатын нұсқалары да бар.
Factcheck.kz ZARA компаниясы шынымен осылай ескі топтамаларын «тарата ма» деген сұрақты тексерді.
Үкім: Алаяқтық
ZARA брендінің иесі Inditex компаниясының Алматыдағы ресми дистрибьюторы Factcheck.kz-ке бұл «акцияға» еш қатысы жоқ екенін және оның алаяқтық екенін мәлімдеді. Видеодағы адамдар мұндай мәлімдеме жасамаған – олардың видеолары рұқсатсыз қолданылып, дауыстары жасанды түрде ауыстырылған. Ал бұл видеоларды жариялаған аккаунттар басқа адамдардың фотосуреттерін пайдаланған.
Осындай ақпарат Испания мен Румынияда да тараған, онда да жергілікті фактчекерлер мен ZARA өкілдері бұл ақпараттың жалған екенін растаған.
Алаяқтықтың қандай белгілері бар
Видео сипаттамасында бірдей мәтін қолданылған, онда көрсетілген news.health-everyday.org сайты ZARA-ның ресми сайтына еш қатысы жоқ, оның интерфейсі де өзгеше. Сайт тек осы «акцияны» жарнамалау үшін жасалған, оның жоғарғы мәзіріндегі батырмалар жұмыс істемейді.
«Құпия қорапты» алу схемасы бұрынғы алаяқтық тәсілдерге өте ұқсас: пайдаланушыдан киім өлшемдері мен аксессуарларға қатысты сұрақтарға жауап беруді сұрайды, содан кейін «ұтыс ойыны» өтеді, бірақ сыйлық 100% кепілдендірілген. Кейін жеткізу мекенжайын енгізу қажет, бірақ жүйе кез келген қате мәліметті қабылдай береді. Соңында банк картасының деректерін сұрайды, оларды енгізуге болмайды – ақшаңызды жоғалту қаупі бар!



Акция астындағы пікірлер мен фотолар – өзге елдердегі аккаунттардан ұрланған суреттер.
Акцияны жарнамалаған аккаунттар бір мақсат үшін ашылған – пайдаланушыларды алдап, «акцияға» қатыстыру. Бұл парақшалар әуелі бірнеше жеке пост жариялап, содан кейін жалған ZARA акциясы туралы видеолар жүктейді.



Кері іздеу әдісі арқылы видеоны жариялаған аккаунттар жалған екені анықтатық: Аміна Абдуллаєва аккаунты Анна Арустамянның фотоларын пайдаланған. Айжан Кайсарова аккаунты Татьяна Старостинаның суреттерін қолданған. Діана Муқанова аккаунты Айнұр Садыхованың фотоларын алған.
Сондай-ақ, видеоларда блогерлер Айгүл Әбубәкірова мен Юлия Ченнің бейнелері қолданылған, бірақ олар бұл жарнамаға қатыспаған. Видеоға салынған дауыс – олардікі емес.
Айгүл Әбубәкірова өзінің Instagram парақшасында бұл видеоның алаяқтар тарапынан қолданылғанын, өзі ZARA-ның ешқандай акциясын жарнамаламағанын мәлімдеді.


Қаңтар айындағы алаяқтықтың қазақ тілді схемасы
Тексеру барысында біз ZARA-ға тиесілі емес Facebook парақшасына тап болдық. Бұл парақша қаңтар айының ортасында қазақ тілінде бірнеше жарияланым жасап, дәл осындай «ескі топтамалардан киім тарату» акциясын жарнамалаған. Қызығы, бұл жазбалардағы сілтемелерді ашқан кезде қазақша нұсқадағы сайт шығады, бірақ оның домені өзгеше — gift2store3.shop. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысу үшін төлеу керек делінген «сома» 1086 теңге емес, 1060 теңге екен.

Контекст
Осындай алаяқтық схема H&M брендіне қатысты да тараған. Компанияның PR-бөлімі Factcheck.kz-ке бұл алаяқтықтың қаңтар айының басында пайда болғанын, ал олар Facebook пен ВКонтакте желілеріндегі Stories арқылы бұл ақпаратты жоққа шығарғанын хабарлады.
Бұған дейін де ұқсас алаяқтық әрекет туралы қаңтарда жаздық. Алаяқтар Алматы әуежайында «жоғалған» чемодандарды 1099 теңгеге сатып алуды ұсынған. Бұл әрекет «қайырымдылық акциясы» ретінде көрсетілген, бірақ іс жүзінде алаяқтық схема болған.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.