Жақында Facebook әлеуметтік желісінде Алматы халықаралық әуежайының атынан ашылған парақшалар пайда болды. Онда сұраныссыз қалған/жоғалған багажды 1 099 теңгеге сату туралы қайырымдылық акциясы туралы хабарландырулар жарияланған (1, 2, 3).
«Жыл сайын қоймаларда жоғалған немесе ұмыт қалған шабадандар жиналып қалады. Әуежай ережелеріне сәйкес, 6 айдан астам уақыт тіркелмеген багажды жоюға құқығы бар, бірақ әуежай қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, оны 1,099 теңгеге сатып жатыр», — деп жазылған.
Жазбалар шабадандардың суреттерімен қоса жарияланған, тіпті олардың бірінде Алматы әуежайының логотипі мен 1,099 теңге деген баға көрсетілген тақтайша бар.


Жарияланымдар 100 мыңнан астам қаралым, жүздеген лайк жинаған. Пікірлерде акцияның шынымен бар екенін растап, тіпті алған шабадандардың суретін жариялаған қолданушылар да бар. Сонымен қатар, кейбіреулер күмән келтіріп, мұның алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін деп болжайды.


Factcheck.kz Алматы әуежайының пайдаланылмаған жүктен осылай құтылу шешімін тексереді.
Үкім: Алаяқтық
10 қаңтар кешке Алматы халықаралық әуежайы өздерінің ресми Facebook парақшасында мәлімдеме жасап, жоғалған шабадандарды сату туралы ақпаратты жоққа шығарды. Әуежай мұндай акциялар мен аукциондарды өткізбейтінін хабарлады. Шабадан алуға сілтеме жасайтын сайттың әуежайға еш қатысы жоқ және алаяқтық ресурстардың барлық белгілеріне сәйкес жасалғаны айтылды.
Суретті кері іздеу арқылы посттар мен пікірлерде пайдаланылған суреттердің бұрын түсірілгенін және шетелдік дереккөзден алынғанын анықтауға болады. Кейбір суреттерге Алматы әуежайының логотипі мен басқа да белгілер қосылып, өңделген.
Қазір осындай жалған ақпарат Астана халықаралық әуежайы туралы да тарап жатыр. Онда жоғалған жүк 1 060 теңгеге сатылатыны туралы жазылған. Бұл жағдайда да сайт Алматы тұрғындарын алдау үшін қолданылған сайтқа ұқсас, тек қазақ тілінде жазылған.
Сонымен қатар, шабадандарды сату туралы осындай алаяқтық схемалар әртүрлі елде де пайда болып, әлі күнге дейін жұмыс істейді (мысалдар: мында, мында және мына жерде).
Алаяқтықты қалай тануға болады?
«Қайырымдылық акциясы» туралы ақпарат жарияланған парақшалар жақында ғана ашылған. Олардың жазылушылары өте аз, әрі шабадандарды сату туралы хабарламадан басқа посттары жоқ. Мұндай жағдай әуежай секілді беделді мекемелерге тән емес.
Facebook-те «Алматы халықаралық әуежайы» деп іздесеңіз, 4 мың жазылушысы бар ресми парақшаны табасыз. Сол жерде жоғарыда аталған мәлімдемені оқуға болады.
Алматы әуежайының ресми сайтының домені — alaport.com. Ал жүктің сатылуы туралы хабарландырулардағы сілтеме almaty-airport-kz.offer-now.com сайтына сілтейді. Оған өткенде күмәнді insteadfor.shop адресіне ауысады. Егер әуежай шынымен акция өткізген болса, ол өз сайтында жариялайтын еді.
Негізгі бетінде тек ұшақ пен шабадандар бейнеленген сурет, Facebook посттарындағы мәтін, және акцияның аяқталуына 3 күн қалғанын көрсететін таймер бар (материал жазылған кезде). Жоғары бөлігінде Алматы әуежайының логотипі қойылған, ол сайттың шынайы көрінуіне арналған. Бұл белгілер мұндай хабарландырулардың шынайы емес екенін көрсетеді.

Әдеттегідей, алаяқтық схемаларда уақыт ешқашан аяқталмайды, кем дегенде, схема белсенді болып тұрғанша. Таймер келушіні тапсырысты тезірек жасауға итермелеу үшін қойылған.
Беттің төменгі бөлігінде, бұл да алаяқтық схемаларға тән, «жоғалған жүктің бақытты сатып алушыларының» пікірлері берілген. Олар бар болғаны 1 099 теңгеге қандай қымбат заттарды алғанын айтып мақтанады.

Осындай сайттарда пікір қалдырған адамдардың есімдеріне назар аударуды ұсынамыз — жергілікті тұрғын үшін олардың көбі оғаш әрі шынайы естілмейді, өйткені олар арнайы ойдан шығарылғандай көрінеді (негізінде солай да).
Сайтқа кіргендерге өзін жеке тұлға ретінде растау үшін: Қазақстаннан ба, Алматы әуежайынан бұрын-соңды жүк сатып алды ма және бұрын өз жүгін жоғалтқан ба деген үш сұрақтан тұратын сауалнамадан өту ұсынылады. Бұдан кейін оған 12 жабық қораптың ішінен 3 мүмкіндіктен жүлделі шабаданды табатын викторинаға қатысу ұсынылады. Біз бұл кезеңнен бірнеше рет өтіп көрдік, және бір қораптың ішінен міндетті түрде бір шабадан шығады.

Бұл алаяқтарға пайдаланушының әрі қарай өтіп, жеке ақпаратын толтыру үшін қажет. Онда «жеңімпаздан» аты-жөні, мекенжайы (электронды поштасы), сондай-ақ банк мәліметтері — карта иесінің аты, карта нөмірі, жарамдылық мерзімі және CVV-коды сұралады. Әрине, осы жерден тоқтау қажет. Одан кейінгі әрекет деректер мен қаражаттың жоғалуына әкелуі мүмкін.
Мұндай сайттарға ешқашан өзіңіздің (немесе басқа біреудің) жеке деректеріңізді жазбаңыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.