АҚШ саясаткері педофилияны «қылмыс емес» деді ме?

Ақпан айының соңында желінің орыс тілді сегментінде (әлеуметтік желіде: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9; сайттарда: 1, 2, 3; блогтарда: 1, 2) АҚШ саясаткері, демократ Кэти Портердің педофилияны «қылмыс емес» дегені туралы ақпарат тарады. Жазбаға орысша субтитрлері бар видео бекітілген. Онда конгресумен педофилияны «жеке идентификацияның бір түріне» жатқызады екен-міс.

Factcheck.kz редакциясы саясаткер расымен мұндай мәлімдеме жасады ма, тексеріп көрді.

Мәлімдеме: “Педофилия — қылмыс емес. Бұл жеке идентификацияның бір түрі”.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

Конгресумен Кэти Портер педофилияны «қылмыс емес» деген жоқ, сондай-ақ педофил болу «гендерлік идентификацияның бір түрі» деп те айтқан жоқ. Бұл ақпарат Портер сөйлеп тұрған видеоның контекстінен жұлынып алынып, бұрмаланған. Шын мәнінде саясаткер ЛГБТК+ өкілдерін балаларға «қауіп» ретінде танытатын қате нарративтерді талқылады.

Түпнұсқа видео 2022 жылдың 14 желтоқсанында АҚШ федералды үкіметі мен қоғамдық бағдарламалар туралы ақпарат тарататын Cable-Stellite Public Affairs Network (C-SPAN) телеарнасының сайтында жарияланды. Портердің мәлімдемесі 2 сағат 49 минутта басталады.

Конгресумен 2022 жылы 19 қарашада Колорадо-Спрингстегі «Club Q» гей-клубында болған атыста аман қалғандармен сұхбаттасқан. Портер кейбір ЛГБТК+ өкілдерінің әлеуметтік желіде негізсіз «грумер» немесе «педофил» деп аталып кеткенін айтып, ЛГБТК+ қауымдастығына қатысты қате нарративтерді талқылады.

Бұл ақпарат орыс тілді медиада 2022 жылдың желтоқсанында да тараған (алғаш болып 16 желтоқсанда жариялаған — eadaily.com сайты, одан басқа: 1, 2, 3, 4). Сол жылы Snopes және Politifact фактчекерлері ақпаратты тексеріп, Портердің сөзі бұрмаланғанын жазды. Snopes жазуынша, бұл фейкті 15 желтоқсанда алғаш таратқан Х желісінің (сол кезде Twitter) қолданушысы.

Контекст

2022 жылдың 19-20 қарашасында АҚШ-тағы Колорадо-Спрингс қаласында «Club Q» гей-барында қайғылы оқиға болды. ЛГБТК+ қауымдастығына қарсы бағытталған атыс нәтижесінде бес адам қаза тауып, 25 адам жараланған. Оқ атқан Андерсон Ли Олдричке айып тағылып, қамауға алынды. 2023 жылдың 26 маусымында ол кінәсін мойындап, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігінсіз өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 2024 жылдың 16 қаңтарында Олдричке 50 өшпенділік қылмысы үшін қосымша айып тағылды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz