Әлеуметтік желіде Үлкен ауылдық округінің жанынан Атом электр станциясы салына басталғаны туралы видео тарап жатыр (1, 2, 3, 4). Видео авторы мұның дәлелі ретінде Google Maps онлайн сервисы арқылы құрылыс объектілерін көрсетеді. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Жалған
Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін Үлкен ауылдық округінің әкімдігіне хабарласып, ақпараттың жалған екенін анықтады.
Бейнежазбада көрсетілген нысан Балқаш жылу электр орталығы құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде салынған инфрақұрылым. Расымен, Google Earth платформасынан құрылыс нысандарының алғаш рет 2016 жылы наурыз айында пайда болғанын байқауға болады. Ол уақытта Үлкен ауылдық округінің маңында АЭС салу туралы шешім де қабылданбаған-ды. Оның үстіне АЭС салу халықаралық ұйымдар тарапынан қатаң бақыланатын күрделі құрылыс екенін айта кеткен жөн. Біз WNA мен МАГАТЭ ұйымдарының сайтынан ақпарат таппадық.


Дереккөз: Google Earth
Атом электр станциясы құрылысына қолайлы аймақ ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының аумағы таңдалғаны туралы энергетика министрлігі 2023 жылы ғана хабарлағанын айта кеткен жөн. «Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды» деп жазды министрлік.
Үлкен ауылдық округінің әкімдігінің дерегінше, Балқаш жылу электр орталығын салу кезінде тиісті инфрақұрылымның, соның ішінде жұмысшыларға арналған тұрғын кенттің құрылысы басталған.
Дегенмен бұл тұста да сәйкессіздік байқалады: Үлкен ауылдық округінің әкімдігінің ақпаратынша, құрылыс 2011 жылы салынған, бірақ жоғарыда жазғанымыздай, көк шатырлы ғимараттар тек 2016 жылы суретке алғаш рет түскен.
Әкімдік бұған қатысты «Онлайн-сервистің картографиялық деректеріне түзетулер енгізу және жалған ақпараттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) өтінім жіберілді» деп хабарлады.
Әзірше Алматы облысының әкімдігі ғимараттардың жанына түсірілген суреттерді таратты.


Оның үстіне жоғарыда жазғанымыздай, АЭС құрылысын халықаралық ұйымдар қатаң бақылап, кеңес пен рекомендация ұсынып отырады. Соның бірі World Nuclear Association ұйымының сайтында Қазақстанға қатысты реактор құрылысы «қарастырылып жатыр» («proposed») деп көрсетілген. Мысалы үшін кейбір ел «жоспарлап отыр» («planned») деп белгіленеді. Бұл тұста:
Жоспарлап отыр — рұқсаты, міндеттемелері я болмаса қаржыландыру бар және көп жағдайда алдағы 15 жыл ішінде жұмысы басталады деп күтіліп отыр;
Қарастырылып жатыр — бағдарлама не нысанға арналған ұсыныстар бар; уақыты айтарлықтай белгісіз.
Ал МАГАТЭ сайтында Қазақстанда қандай да бір құрылыстың басталғаны туралы ақпарат мүлде жоқ.
Қазақстан электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес 2007 жылы Балқаш жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. «Самұрық-Энерго» АҚ Балқаш жылу электр станциясын салуға арналған учаске ретінде Балқаш қаласынан оңтүстікке қарай 200 шақырым жерде, Алматы облысының аумағында, Үлкен ауылында салуды жоспарлаған. Оған дейін ол жерге Оңтүстік Қазақстан электр станциясының құрылысы жоспарланған-ды.
2012 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттері Балқаш жылу электр орталығының бірінші модулін салу жобасын іске қосты. Медианың жазуынша, жобаны тоқтату туралы шешім 2016 жылы қабылданған. Дегенмен «Балқаш ЖЭС» АҚ сол жылы қыркүйекте 60 күн ішінде жобаны қолдау мәселелері бойынша инвесторлармен қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндігі бар екенін хабарлаған. Жобаның тоқтағанына қарағанда, АҚ мәселені шешпегенге ұқсайды. Бірақ АҚ салық төлеп келе жатқанын ескерсек, заңды тұлға жұмысын тоқтатпаған.

Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.