А. Құспан банктердің пайыздық мөлшері туралы рас айтты ма?

14 маусымда мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловқа “Қазақстан халқы кредитті неге 16,75% мөлшерінде алады” деген сарында сауал жолдады. Сонымен қатар, ол Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен пайыздық мөлшерді басқа елдермен салыстырды. Factcheck.kz депутат мәлімдемесінде келтірген деректердің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Депутат мәлімдемесінен үзінді (тайм-код: 2:35:45)

Мәлімдеме: Take-profit.org биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болады. Дереккөздерінде Қазақстан Ұлттық банкі жылдық орташа пайыз мөлшері 16,75 пайызбен 159 елдің ішінде 143-болып тұр екенбіз. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия, – 3.75%, Англияда – 4,25% деңгейінде белгіленген.

Абзал Құспан

Үкім: Шындық

Расымен, take-profit.org әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпарат бар. Сонымен қатар, ашық деректерге сай, депутат мысалға келтірген елдерде банктегі пайыздық мөлшер туралы ақпарат рас.

Депутат мысалға келтірген елддердің деретері анау айтқандай қате емес. Мәселен Trading Economics (196 ел бойынша, тек ресми дерекке негізделген, экономикалық ақпарат көрсетеді) дерегінше, банктегі пайыздық көрсеткіш Оңтүстік Кореяда3,5%, Қытайда3,55%, Германияда 4%, ал Англияда –– 5%. Ал Қазақстанда расымен пайыздық мөлшер — 16,75%.

Мәлімдеме: Енді өзімізбен деңгейлес посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14% пайыз құраса, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9% пайыз деңгейінде. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері 0,25% пайызды құраса, Камбоджада 0,88% пайыз екен. Сонда жерінің асты байлыққа тұңған Қазақстан халқы кредитті 16,75% пайыз мөлшерінде неге алады? Бұған не себеп?

Абзал Құспан

Үкім: Шындық

Расымен, депутат посткеңестік елдерге қатысты дерегінде қателеспеді. Өзбекстан Ұлттық банкінің дерегінше, банктердің пайыздық мөлшер наурыздан бері 14%-ті, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, ал Әзірбайжанда – 9%.

Сонымен қатар, Фиджиде банктердің пайыздық мөлшері 0,25%, ал Камбоджада 0,88%. Бірақ Камбоджаның Ұлттық банкі ресми пайыздық мөлшерді бекітпейтінін ескеру қажет. Пайыздық мөлшер жинақ салымының орташа мөлшерімен бекітіледі.

“Екінші деңгейлі банктердің ел дамуына үлесі”

Депутат өзінің сауалында екінші деңгейдегі банктердің елдің дамуына әлем елдерінде банк саласы кіші және орта бизнесті дамытуға үлес қосып жатқанын және екінші деңгейлі банктердің елдің дамуына шешуші рөл атқаратынын айтты. Біз қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтан екінші деңгейлі банктердің елдің дамуына қалай үлес қосатынын сұрадық?

Банк жеке бизнеске несие береді. Егер банктің ресурсы жеткілікті болса, шағын және орта бизнесті, сонымен қатар, ірі кәсіпорындарды қолдау өте маңызды. Бұл бизнес саласының дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, банк ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Олар нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі және бұл ұлттық валютаның бағамы мен сеніміне әсер етеді. Алайда, еліміздегі банктер бұл міндеттерін ішінара ғана орындайды деп айтуға болады. Теңгенің қатты әлсіреуіне байланысты және ұлттық валютаға деген сенімге қатысты кейбір мәселелер туындайды, бірақ жалпы жағдай тұрақты. Осылайша, біздің елімізде банктер бизнестің дамуына ықпал етеді, бірақ кейбір шектеулер бар екенін ескерген жөн.

Расул Рысмамбетов

Сонымен қатар, сарапшы банктердің рөлі мен әсері белгілі бір елге және қаржы жүйесіне байланысты өзгеруі мүмкін екенін айтты.

Банктердің рөлі саяси контекстке де байланысты. Қазіргі уақытта тәуелділік аздап өзгерді, бірақ әлі де бар. Біз мемлекеттің банктік бизнеспен белсенді айналысып жатқанын көріп отырмыз. Меніңше, бұл жақсы белгі емес. Мемлекет мұның бәрін бақылауға тырысады. Біз Өзбекстанның банктік моделіне көшіп жатырмыз. Ол жақта банктер мемлекетке тым тәуелді және мемлекет оларды қаржыландыруға және қолдауға мәжбүр. Қазақстан 7-8 жыл бұрын, банктерге күштеп ақша бере бастады. Мемлекет үшін бұл банктерді, олардың акционерлерін бақылауға және олигархтардың ақшасын орталықтандыруға мүмкіндік болды. Орталықтандыру неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекет банктерді бақылауды қалайды. Орталықтандыру неғұрлым аз болса, мемлекет банк жүйесіне соғұрлым аз қатысады. Кей жағдайларда банк акционерлері өз банктері арқылы мемлекетке ықпал етуге тырысатынын ұмытпаған жөн.

Расул Рысмамбетов

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz