2023 жылғы жаһандық гендер алшақтығы баяндамасы: Қазақстанда не өзгерді

2023 жылдың маусымында Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандық гендер алшақтығына (ағылш. — The Global Gender Gap Report) арналған баяндамасы жарық көрді. Баяндамада авторлар әлемдегі гендер теңдігі жағдайын талдаған. Зерттеу жүргізуге Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), ЮНЕСКО және т.б. деректері пайдаланылды.

Factcheck.kz редакциясы баяндама қорытындысын саралап, есепте Қазақстанда 2022 жылмен салыстырғанда қандай өзгеріс барын айтады.

Әлемге ортақ үрдістер

146 елді қамтыған жаңа есеп гендер теңдігі деңгейі 68,4% болғанын, ол 2022 жылдың көрсеткішімен (68,1%) салыстырғанда 0,3%-ке көп екенін көрсетті.

Есеп деректері бойынша, 146 ел үшін денсаулық сақтау мен күнкөріс саласындағы гендер теңдігі былтырғы 95,8%-пен салыстырғанда 96%-ке, білім саласы — 95,2%-ке (2022 жылы — 94,4%) өскен, экономикаға қатысуы — 60,1%-ке төмендеді (2022 жылы — 60,3% ), ал саясатқа қатысуы – 22,1%-ке (2022 жылы — 22%) жетті.

ДЭФ сарапшыларының болжамынша, саясаттағы гендер айырмашылығын жою үшін әлі 162 жыл, экономика саласына – 169 жыл, білім саласындағы айырмашылықты болдырмас үшін 16 жыл қажет. Денсаулық сақтау мен күнкөріс саласындағы теңсіздікті жоюға қанша уақыт қажет болатыны белгісіз.

2021 мен 2022 жылғы 145 ел бойынша нәтижелерді салыстырсақ, гендер теңдігінің жалпы көрсеткіші 67,9%-тен 68,1%-ке артқаны байқалды. «Экономикалық қатысу мен мүмкіндіктер» ішкі индексі 58,7%-тен 60,3%-ке, «Денсаулық пен күнкөріс» — 95,7%-тен 95,8%-ке артқан. «Білім беру» ішкі индексі 95,2%-тен 94,4%-ке азайса, «Саяси құқық пен мүмкіндік» ішкі индексі бұрынғы 22% деңгейінде қалды.

Ешбір ел толықтай гендер теңдігіне жетпегенімен, қазіргі ең жоғарғы көрсеткіш – 80%-тен асқан не соған жетеғабыл ондаған ел бар:

  1. Исландия (91.2%)
  2. Норвегия (87.9%)
  3. Финляндия (86.3%)
  4. Жаңа Зеландия (85.6%)
  5. Швеция (81.5%)
  6. Германия (81.5%)
  7. Никарагуа (81%)
  8. Намибия (80%)
  9. Литва (80%)
  10. Бельгия (79%)

Бұл индекс елдердегі қолжетімді ресурс деңгейін емес, ондағы ресурс пен мүмкіндіктерге қол жеткізудегі гендер теңсіздігін өлшейді.

Қазақстандағы жалпы үрдіс

Биыл Қазақстан 72,1% индексімен рейтингтің 62-қатарына (146 елдің ішінде) орналасты. 2022 жылмен салыстырғанда (71,9%) ел индексі 0,28%-ке өскен. Қазақстан көрсеткіштері 2006 жылдан бері қалай өзгергені туралы біз 2022 жылғы баяндаманы талдауда толығырақ жаздық.

Санаттар бойынша Қазақстандағы гендер теңдігі

«Экономикалық белсенділік пен мүмкіндіктер» ішкі индесінде Қазақстан 76,5% есеппен 28-орында тұр, былтыр еліміз 75,6% есебімен 29 қатарда болған (ең жоғарғы көрсеткіш Либерияда — 89,5%, ең төменгі бұрынғыша Ауғанстанда — 18,8%).

Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) дерегінше, еңбек нарығында 4,3 млн әйел жұмыспен қамтылған. Әйелдердің көбі білім саласында еңбек етеді – 872,9 мың адам, 866,9 мыңы көтерме және бөлшек саудамен айналысады, 453,1 мың әйел ауылшаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылған, 406,9 мың әйел денсаулық сақтау мен тұрғындарға әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істейді, 373,3 мыңы өнеркәсіп, 128,8 мыңы құрылыс секторында еңбек етеді. Тек 74,3 мың әйел ғана өнер, ойын-сауық және демалыс саласында қызмет атқарады.

Төртінші кестеде 2000 жылдан бастап білім саласындағы басшы-әйел саны қалай өзгергені көрсетілген. 2000 жылы 1 424 басшы-ерге қарсы 872 мың басшы-әйел болған. Уақыт өте келе басшы-әйел саны біртіндеп өсе берді. 2022 жылы олардың саны еркектерге жуықтап, 1 772-ге жетті. Ерлердікі — 1 801. Дегенмен жалпы алғанда, басшылық қызметтегі әйелдер үлесі бәрібір айтарлықтай төмен. Қазақстандағы еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бойынша, 2022 жылы оның саны 41% болған. Ал басшы-еркек саны – 59%. Оған қоса басшы-еркектің орташа жалақысы әйел-басшыға қарағанда 12,4%-ке көп.

2021 жылы Қазақстан президенті әйел еңбегіне қатысты өзгертулер енгізілген Еңбек кодесіне қол қойды. Енді қазақстандық қыздарға жұмысқа тұруда еш шектеу жоқ, дегенмен ауыр затты қолмен тасуға қатысты норматив болады (10 келіден аспауы керек). Бұған дейін әйелдерге тыйым салынған кәсіп тізімінде 229 қызмет түрі болған.

Білімнің қолжетімділігі

«Білімге қолжетімділік» ішкі индексінде Қазақстан былтырғыдай 100% (тағы 30 елдің индексі осындай) индекспен 27-орында тұр. Жалпы кейінгі бірнеше жылда бұл санат бойынша ел көрсеткіштері 99,5% пен 100% аралығында құбылып тұрады.

ҰСБ дерегінше, жоғарғы біліммен жалпы қамту 2019 жылғы 66,98% максимал индекстен кейін жыл сайын төмендей беріп, 2021 жылы 62,64%-ке түсті. Соған қарамастан бұл көрсеткіш ерлерге (56,34%) қарағанда әйелдерде (69,24%) айтарлықтай жоғары.

Жоғарғы біліммен жалпы қамту – техникалық және кәсіптік білім алатын ұйымдар мен ЖОО білім алатындар санының (жасына қарамастан) 18-22 жас аралығындағы тұрғындар санына қатынасы.

Сонымен қатар академиялық біліктілігін арттырып, ғылым саласында жұмыс істейтін әйел саны артып келеді. 2016 жылы зерттеуші-мамандардың 53,3%-і әйел, 46,7%-і ер болған. Ал 2021 жылы 54,5% әйел және 45,5% ерді көрсетті.

Демография көрсеткіштері

«Денсаулықты қорғау мен күнкөріс» ішкі индексінде Қазақстан 97,5% нәтижесімен Мьянмамен бірге 47-қатарға орналасыпты. Былтыр Қазақстан мен Беларусь 97,7% есебімен рейтингте 44-орында болған.

Бірінші кестеде 2000 жылдан бастап Қазақстан халқының саны қалай өзгергені көрсетілген. Әдеттегідей, әйел саны ерлерге қарағанда көп. Биыл жыл басындағы есеп бойынша, 10,1 млн әйел, 9,7 млн еркек бар. Дегенмен аман-есен дүниеге келген ұлдар саны (екінші кестені қараңыз), әдетте, жоғары. 2022 жылы 208,1 мың ұл өмір есігін ашқан, ал қыздар саны 195,7 мың адам болды.

Әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы (үшінші кестені қараңыз) 2021 жылы 74 болса, 2022 жылы 78,4 жас болған. Ер адамдар арасында да көрсеткіш өскен – 70,2 жас. Бұған дейін кейінгі 24 жыл бойы 68,8 жастан аспаған еді.

Туған кездегі өмір сүру ұзақтығы – сол жылы дүниеге келген адамның орташа өмір сүретін жасы. Бірақ өмір бойы өлімнің жас-жыныс көрсеткіштері туған кезіндегідей – нақты бір жылы, нақты бір елде болуы керек.

Мемлекеттік қызметтегі әйелдер

«Саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» санатында Қазақстан 14,6% көрсеткішімен 100-орында тұр. Былтыр Қазақстан 103-қатарда (14,3%) болатын. Бір қызығы, еліміз 2016 жылы 15,3% нәтижесімен 77-орын иеленген. Бірақ содан кейінгі жылдары көрсеткіш төмендеп, 2017-2020 жылдары бар болғаны 13% боп қалды. Кейін 2021 жылы қайта біртіндеп өсе бастады (14,1%) және биыл көрсеткіш тағы да 0,2%-ке көтерілді.

2006 жылдан бастап қазірге дейін үкіметтегі министр-әйел саны 5-тен аспаған. 2023 жылдың үшінші тоқсанындағы жағдай бойынша, олардың саны – үш адам. Ал үкіметтегі тағы бір әйел – Тамара Дүйсенова – премьер-министрдің орынбасары

2022 жылы үкіметте 2 әйел болды – денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният; сол жылы сәуір басында Серік Шапкенов еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметінен кетіп, оның орнына Тамара Дүйсенова келді.

Парламенттегі (сенат пен мәжіліс) әйелдер үлесіне келсек, 2000 жылдан бастап 2021 жылға дейін біртіндеп 11,3%-тен 24,7%-ке өсті.

Контекст

The Global Gender Gap Report — гендер теңсіздігі индексі есептелетін Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы есебі. Есепте гендер теңдігіне қаншалықты жақындағанына қарай елдерге белгілі бір баға беріледі. Нәтижелер 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша есептеледі және теңдікке жету жолындағы қашықтық деп көрсетілуі мүмкін. Мұнда 100 -толық гендер теңдігін көрсетеді. The Global Gender Gap Report зерттеулерді 2006 жылдан бері жүргізеді.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz