“Проверено” басылымының мәліметінше, “өлім матчы” деп аталып кеткен КСРО мен Үшінші Рейхтің соғысы кезіндегі футбол командаларының қарсыласуы — кеңестік футбол тарихындағы ең танымал ойынның бірі. Фактчекерлер Киев футболшыларының неміс командасын жеңгені үшін атылғаны туралы ақпаратты тексерді.
“Өлім матчы” туралы аңыз орыс әдебиетінде, кинода, беллетристикада, медиада кездеседі (фильмдер – «Третий тайм» (1962), «Матч» (2012), «Российская газета», «Коммерсант», «Мир 24» жарияланымдарында).
Фактчекерлер тарихта “өлім матчы” ретінде есте қалған ойынның 1942 жылы 9 тамызда нацистік әскерлер басып алған Киевте өткенін анықтады. Матчқа “Динамо” емес, сол жылғы мамырда №1 Киев нан зауыты аясында құрылған “Старт” клубы қатысты. “Старт” құрамасы үшін әртүрлі себеппен басып алынған қалада жүрген Киев командаларының бұрынғы футболшылары, атап айтқанда “Динамо” және “Локомотив” ойыншылары ойнады. 1942 жылғы маусым мен тамыз аралығында “Старт” үнемі оккупанттардың командаларына (немістер мен венгрлер) және Киев клубтарына қарсы ойнады.
1942 жылғы 6 тамызда “Старт” құрамасы неміс Flakelf командасымен ойнап, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Немістер құрамына үздіктерді жинап, 9 тамызға реванш тағайындады. Тараған ақпаратқа сәйкес, ойын басталмас бұрын неміс офицері “Старт” құрамасының киім ауыстыратын бөлмесіне кіріп, ойында жеңілуді бұйырған, әйтпесе оларды өлім жазасына кесетінін айтып, қорқытқан-мыс. Ал Украина командасы бұйрыққа бағынбай, 5:3 есебімен жеңіске жеткен, алайда артынша сол әрекеті үшін оққа ұшқан деседі.
Көп ұзамай нан зауытында жұмыс істеген “Старттың” бірнеше футболшысы қамауға алынды. Кейбір дереккөзге сүйенсек, олар нан зауытынан “ұн ұрлады” деген күдікке ілінген. Оған қоса қамалуының тағы бір себебі — “Динамо” командасын КСРО Ішкі істер халық комиссариаты басқаратынын, ойыншылардың ведомство штатында екенін және әскери атаққа ие екенін жеткізуі. Үш апта ішінде “Старт” үшін ойнаған 10 динамолық қамалды. Оның бірі — Александр Ткаченко, бірақ ол “өлім матчына” қатыспады. 9 тамызда Flakelf-ке қарсы алаңға шыққан “Локомотивтің” бұрынғы үш ойыншысы қамауға алынбады, ал төртіншісі алдымен қамауға алынып, кейін босатылды.
Нәтижесінде “өлім матчына” қатысқан “Старттың” 15 футбошысының 10-ы қамауға алынды. Олардың біреуін үш күннен соң босатты. Тағы біреуі жауап алу кезінде жүрек талмасынан қайтыс болды — немістер оның КСРО Ішкі істер халық комиссариаты қызметкері екенін біліп, аяусыз азаптады. Тағы сегіз футболшы бір айға жуық түрмеде отырды, содан кейін оларды Сырецк концлагеріне ауыстырды. Осы сегіз адамның үшеуі матчтан алты ай өткен соң лагерьдегі оқиғаға байланысты атылды. Тағы үшеуі қашып үлгерді, ал біреуін немістер 1943 жылдың күзінде эвакуация кезінде Германияға ұрлап кетті. “Өлім матчының” он бес ойыншысының төртеуін ғана немістер өлтірген. Куәгерлердің айтуынша, олардың өлімі Flakelf-ке қарсы матчқа еш қатысы жоқ. “Старттың” қалған ойыншыларының тағдыры әртүрлі болды. Олардың басым бөлігі соғыстан кейін де футбол ойнауды жалғастырды, кейінірек жаттықтырушы болып жұмыс істеді.
1974 жылы Гамбургтегі прокуратура “өлім матчы” ісін бастады және отыз жыл бойы мұрағат деректерін (соның ішінде Украина билігі ұсынған 1990 жылдардың басында құпиясыздандырылған мұрағаттарды), Киевті басып алу кезіндегі телевизия хроникасын және басқа дереккөздерді зерттеді. “Өлім матчына” қатысқанның кейбірінің айтуынша, оларды ешкім неміс командасына жеңілуге мәжбүрлемеді. “Старт” футболшысының бірі Макар Гончаренко сұхбатында былай деп деді: “Матч алдында ешкім бізді ресми әкімшіліктен әлсіз ойнауға үгіттемеді. Рас, жеке адамдар, немесе “Рухтың” арандатушылары (Киев командасының бәсекелестері – ред.), жанашыр, қарапайым адамдар қаздарды мазақ етпеу үшін жеңілуге көндіруге тырысты”.
“Проверено” басылымы фактчекерлерінің болжамынша, көпшілік арасында тараған бұл мәлімдеме алғаш 1946 жылы 24 тамызда “Сталинское племя” газетінде пайда болды. Онда Александр Борщаговскийдің “Мосфильмге” жазған “Өлім матчы” фильмінің сценарийі басылды. Кейінірек Борщаговский “Алаң бұлттар” повесін шығарды. Оның аннотациясында сюжет “Ұлы Отан соғысының нақты оқиғаларына — 1942 жылы маусымда немістер басып алған Киевте қарсыластардың күші тең емес матчтың “Динамо” ойыншыларының өліміне себеп болуы баяндалған.