ШҚО әкімдігі дрон жарысына 9 млн теңгеден астам қаржы бөлген

Қазақстан билігінде дрон шоуы танымал шараға айналып келеді. Бұған дейін Алматы әкімдігі туристерді тарту мақсатында осындай шоуға 71,5 млн теңге жұмсамақ болғанын хабарлаған едік. Алайда, бұл жалғыз мысал емес.

Мемлекеттік сатып алулар порталын шолу барысында, Шығыс Қазақстан облысы билігінің де дрон жарысын ұйымдастырғалы жатқанын анықтадық. Мақсат — аймақтың имиджін көтеріп, туристерді тарту. Factcheck.kz редакциясы оған қанша қаржы жұмсалатынын және шенеуніктердің дрондарға деген әуестігін зерттеп көрді.

9,3 млн теңгеге дрон жарысы

Кейінгі екі айда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі пилотсыз ұшу аппараттарының жарысын ұйымдастыруға екі тендер өткізді.

Алғашқы тендерді 12 тамызда әкімдікке қарасты «Жастар ресурстық орталығы» жариялады. Мақсаты — «East Aspan Fest» атты дрон-рейсинг имидждік шарасын ұйымдастыру. Оған 6 250 000 теңге бөлінген.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, 80 адамға арналған бұл шара 1-2 күнге созылады және қашан өтетіні көрсетілмеген. Бағдарлама теориялық бөлімнен басталып, қатысушылар дрондарды құрастыру, баптау, бағдарламалаумен айналысады, ал соңында дрондар жарысы өтеді.

Жарысқа 30 қатысушы — Алматы, Астана, Шымкент және облыстардан үш адамнан құралған 10 команда (35 жасқа дейінгі) тарту жоспарланған. Олардың Өскеменге пойызбен немесе таксимен келу шығындары, тұру, тамақтану және қала ішіндегі тасымал шығындары өтеледі. Сонымен қатар бес төреші мен дрондарды басқару саласындағы екі сарапшы шақырылмақ. Әкімдік олардың да шығындарын өтейді.

Сонымен қатар салтанатты ашылу және жабылу рәсімдері ұйымдастырылады. Орындаушы іс-шараның бағдарламасын әзірлеп, қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтін жүргізушілерді алуы керек, сондай-ақ «патриоттық әндер мен билерді» қамтуы қажет. Әрбір салтанат 40 минутқа есептелген.

Сонымен бірге, бұл шараның имидждік мәні ескеріліп, орындаушы кәсіби фото және видеотүсірілім, сондай-ақ мобилограф жалдауға тиіс. Іс-шара аяқталған соң, конкурс туралы есепті екі республикалық және аймақтық интернет-басылымдарда, екі баспа басылымында, екі телеарнада жариялау және әлеуметтік желілерде кем дегенде 10 жазба орналастыру қажет. Әлеуметтік желілер нақты көрсетілмеген.

Екінші тендерді 15 қазанда ШҚО әкімдігіне қарасты Жастар ресурстық орталығы жариялады. Онда имидждік республикалық пилотсыз ұшу аппараттары конкурсын ұйымдастыру және өткізу қызметін сатып алу туралы айтылған. Бұл мақсатқа қосымша 3 125 000 теңге бөлінген. Материал жазылған уақытта тендер өтінімдер қабылдау мәртебесінде тұр.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, бұл шара тағы да Өскемен қаласында өтеді, бірақ нақты қашан өтетіні көрсетілмеген. Орындаушы конкурсқа қажетті жабдықтарды: ойын компьютерлерін, үстелдер, орындықтар, іс-шараны трансляциялауға арналған мониторлар және тағы басқа құралдарды қамтамасыз етуі керек.

Сонымен қатар конкурс өтетін орынды пресс-стенамен, сахналық подиуммен безендіру, сондай-ақ жалпы дизайн әзірлеу қажет. Бұған сахна, төрешілерге арналған үстелдер және басқа да көркемдеу элементтерін қосуға болады. Сондай-ақ орындаушы 400 шаршы метр аумақты қамтитын дыбыс жабдығын қамтамасыз етуі керек.

Алдыңғы тендердегідей, ұйымдастырушы осыған ұқсас көлемде телеарналарда, интернет және баспа БАҚ-та ақпараттық қолдауды қамтамасыз етуді талап етеді. Қосымша, әлеуметтік желілерде тарату үшін ұзақтығы кемінде 59 секунд болатын имидждік видео түсіріп, монтаждау да қарастырылған.

Екі хабарламаның сипаттамасынан 9 375 000 теңгенің бір республикалық дрон-рейсинг конкурсын өткізуге жұмсалмақ екенін байқауға болады. Сонымен қатар конкурстың әлі өтпегенін болжауға болады, себебі тендердің біреуі әлі ойнатылмаған, ал ШҚО әкімдігі ресурстарында немесе аймақтық БАҚ-та оның өткені туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Дронға әуес билік

Былтыр Батыс Қазақстан облысы әкімдігі осыған ұқсас дрон жарысын ұйымдастырған еді. Жергілікті цифрлық технологиялар басқармасының сайтында “Aspan fest” атауымен өткізілетін бұл жарыстың анонсы жарияланған. Ол 2023 жылғы 24-25 шілде күндері Орал қаласындағы «Юность» стадионында өткен.

Бұл шара туралы есеп аймақтық БАҚ-та да жарияланған. Мысалы, «Мой город» басылымы жарысқа Латвия, Беларусь, Ресей және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 15 қатысушы болғанын хабарлады. Жалпы жүлде қоры төрт мың доллар болған: бірінші орынға — екі мың доллар, екінші орынға — мың доллар, ал үшінші орынға — фристайл үшін 600 және 400 доллар берілген. Жүлделерді демеушілер ұсынғаны айтылған, бірақ нақты кімдер екені көрсетілмеген.

Конкурс кезінде дрондар стадионда орнатылған кедергілерді аз уақыт ішінде айналып өтуге тиіс болған. Фотоесепке қарағанда, шараның барлық безендірілуі тек пресс-стена, дрондарға арналған арка түріндегі кедергілер, орындықтар және үстелдерден құралған. Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алу сайтында осы конкурстың құны туралы ақпарат жоқ.

Сондай-ақ, дрон жарыстары бұрынғы жылдары да өткізілгенін атап өткен жөн, бірақ сол кезде оған мемлекеттік бюджеттен әлдеқайда аз қаражат бөлінген. Мысалы, 2020 жылы Алматы облысында «Жетісу Эрон Дрон» атауымен өткізілген елдегі алғашқы дрон-рейсинг сайысына барлығы 2 337 500 теңге бөлінген.

Бұл шара туралы республикалық телеарналар мен интернет-басылымдар жазды. Оған еліміздің әртүрлі өңірлерінен 25 команда қатысқан, ал өткізу орны ретінде «Ой-Қарағай — Орман ертегісі» шипажай-отелі таңдалған. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шара арқылы Жетісудың киелі жерлерін насихаттап, ішкі туризмді дамытуға, сонымен қатар жастардың цифрлық технологиялар саласындағы шеберлігін арттыруға үлес қосамыз деп сендірген болатын.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz