2025 жылдың басынан бері қазақстандықтар ұлттық экономика министрлігінің жұмысын әдеттегіден көбірек сынға алды. Бұл, әсіресе, азаматтардың қаржылық жағдайына әсер етуі мүмкін ҚҚС ставкасын көтеру туралы даулы шешімге байланысты болды. Осы орайда, ведомство бұл сындарды бақылайтынын болжауға болады, себебі олар жыл сайын БАҚ пен әлеуметтік желілердегі теріс пікірлерді бақылауға қаржы бөледі. Factcheck.kz редакциясы бұл шығынның қанша тұратынын баяндайды.
Мониториң қалай жүргізіледі
24 ақпанда ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік сатып алулар порталында ақпараттық мониториң қызметін сатып алу туралы хабарлама жариялады. Бұл мақсатқа 6 621 428 теңге бөлу жоспарланған. Алайда, 13 наурызда Infinity Enterprises компаниясымен келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, келісімшарт сомасы 2 400 000 теңгеге дейін төмендеді.
Техникалық сипаттамаларға сәйкес, жеткізуші күн сайын қазақстандық БАҚ-та, сондай-ақ Ресей Федерациясының, ТМД елдері мен халықаралық ақпарат агенттіктерінің сайттарында тапсырыс беруші туралы жарияланымдарды бақылауға тиіс. Сонымен қатар мониториңге әлеуметтік желілер, атап айтқанда, посттар, мақалалар және фотосуреттер, видеожарияланымдар кіреді.
Мониториң кілт сөздер бойынша жүргізілетіні белгілі, оларды министрлік конкурс жеңімпазына пошта арқылы жібереді. Мемлекеттік орган күн сайын сағат 18:30-ға дейін орындалған жұмыс туралы, ал жұмыс күні ішінде – ағымдағы жарияланым сілтемелерін есеп алуы керек
Сыни немесе «өткір» материалдарға ерекше назар аударылуы керек, олардың сілтемелері желіде шыққаннан кейін бір сағат ішінде ұсынылуға тиіс. Қажет болған жағдайда, есептер жұмыс уақытынан тыс, соның ішінде демалыс және мереке күндері де берілуі мүмкін. Форс-мажор жағдайлар туындаған кезде мониториң үздіксіз жүргізіледі.
Қызмет көрсету келісімшартының мерзімі 2025 жылдың соңына дейін қарастырылған. 10 желтоқсанға дейін компания министрлікке орындалған жұмыс туралы қорытынды есеп ұсынуға тиіс.
Бұрын қалай болған еді
Министрлік жыл сайын осындай тендер ұйымдастырады. Бұрын да мемлекеттік сатып алулар порталында ұқсас хабарламалар жарияланған. Мысалы, 2024 жылы ведомство БАҚ және әлеуметтік желілерге мониториң жасауға 6 188 392 теңге бөлді (соңғы сома — 4 951 000), 2023 жылы — 5 783 928 теңге (соңғы сома — 3 150 000), 2022 жылы — 5 406 250 теңге (соңғы сома — 2 800 000), 2021 жылы — 5 052 678 теңге (соңғы сома — 3 300 000), ал 2020 жылы — 4 633 928 теңге (соңғы сома — 2 199 000) болған еді.
Сонымен қатар осы тендерлердің көбіне Alem Research компаниясы қатысқанын ерекше атап өтуге болады. Ол 2023 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың теріс пікірлерін тәуелсіз журналистер мен блогерлердің баяндамасы ретінде ұсынғаны үшін танымал болған еді әрі бұл жұмыс үшін әкімдік 4,6 миллион теңге берген. Осы ұйым бірнеше рет ұлттық экономика министрлігі тендерлерінің жеңімпазы болды және қызметтер де ұқсас еді.
Жылдар бойы мониториң талаптары іс жүзінде өзгермегенімен, уақыт өте келе техникалық сипаттамадан маңызды бір тармақ — ведомствоға қатысты теріс жарияланымдарды бақылауға қажет көздердің тізімі жоғалып кетті. 2020 жылдан бастап министрлік бұл тізімді жарияламайтын болды, бірақ ескі тендерлерде ол бар.
Құжатқа сәйкес, мониторингке тек Қазақстанның ірі ақпараттық агенттіктері, мысалы «Қазақпарат», Tengrinews, Zakon.kz, «Курсив» және басқалары ғана емес, басқа мемлекеттік органдардың порталдары: әкімдіктер, министрліктер және кейбір мемлекеттік қорлар да кірген. Сондай-ақ, Reuters, Синьхуа, BBC немесе Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасының сайты сияқты халықаралық басылымдар да енгізілген. Толық тізімді мына жерден көре аласыз.
Салықтар мен шығындар
Ұлттық экономика министрлігі — өз жұмысындағы теріс пікірлерді бақылау үшін бюджет қаражатын жұмсайтын жалғыз ведомство емес. Алайда биыл бұл мәселе ерекше өзекті, өйткені кейінгі уақыттағы мемлекеттік органның даулы шешімдері назар аударуды қажет етеді.
Ақпан айының аяғында министрлік парламентке Салық кодексіне ҚҚС ставкасын 16%-ке көтеру туралы өзгерістер енгізуді ұсынды. Бірнеше жыл бойы дайындалған реформа қоғамның барлық деңгейінде үлкен дау туғызды.
ҚҚС ставкасын көтеру мәселесі өткен жылы да көтерілген-ді, бірақ кейінге қалды. Талқылау 2024 жылдың соңында министрлік басшылығы ауысып, бұл қызметке Серік Жұманғарин тағайындалғаннан кейін қайта жанданды.
Алғашында ҚҚС ставкасын 20%-ке көтеру жоспарланған, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны төмендету қажет деген мәлімдемесінен кейін бұл сома 16%-ке дейін азайтылды.
Бұған қоса қаңтар айының соңында мемлекет басшысы министрлер кабинетіне бюджет қаражатын үнемдеу және оны тек ең маңызды мәселелерге жұмсау туралы тапсырма берді. Сол мәлімдемесінде Тоқаев «көрпеге қарай көсілу» қажеттігін айтты. Алайда кейін үкіметтің 5000 қонаққа арналған «Астана» халықаралық форумын өткізу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Оған 4,5 миллиард теңге жұмсалмақ. Бір қызығы, форумның ұйымдастыру комитетін министр Жұманғарин басқарған.
Журналистердің мұндай шығындардың тиімділігі туралы сұрағына ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов бұл шаралардың имидж тұрғысынан маңызы бар екенін, олар бюджет қаражатының небәрі 0,01%-і екенін және осындай шығындардың, тіпті бюджет тапшылығы жағдайында да, орынды екенін айтты.