Қазақстанда БАҚ-та орташа айлық жалақы туралы деректер жиі жарияланады (1, 2, 3). Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, кейде тіпті депутаттардың пікіріне негіз болады. Алайда, қазақстандықтардың көбі бұл деректерге сенімсіздікпен қарап, «біз басқа Қазақстанда өмір сүріп жатқан сияқтымыз» деп, орташа жалақының шынымен де шынайы көрсеткіш екеніне күмән келтіреді. Шындығында, ай сайынғы орташа жалақы — ел тұрғындарының табыс деңгейін көрсететін көптеген көрсеткіштің тек бір бөлігі ғана. Бұл көрсеткіш жалпы экономикалық ахуалдың толық бейнесін ұсына алмайды.
Осы мақалада Factcheck.kz редакциясы Қазақстанда жалақыны есептеудің әртүрлі әдісін, соның ішінде жиі қолданылатын тәсілді салыстыру арқылы талдайды.
Орташа айлық жалақы
Ең жиі қолданылатын көрсеткіштердің бірі — номиналды орташа айлық жалақы. Бұл көрсеткіш жалақы қорының жалпы сомасын барлық қызметкер санына бөліп есептеледі. Басқаша айтқанда, бұл әдіс бойынша табыс барлық адамға тең бөлінген жағдайда, әр қызметкердің қанша табыс табатыны анықталады.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 391 713 теңге болған. Ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында тіркелген — 612 970 теңге, ал ең төменгі жалақы Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалған. Бұл Атырау облысындағы көрсеткіштен екі еседен де төмен.
Басқа есептеулер не көрсетеді?
Орташа жалақыны көбіне медиандық жалақымен салыстырып жатады. Медиандық жалақы — бұл қызметкерлердің жалақысын көлеміне қарай екі тең топқа бөлетін көрсеткіш. Бір топтың жалақысы медианды мәннен төмен болса, екіншісінің жалақысы жоғары болады. Басқаша айтқанда, медианды жалақы сіздің табысыңыздың барлық қызметкердің жартысынан жоғары немесе төмен екенін анық көрсетеді.
Ұлттық статистика бюросы Factcheck.kz редакциясына хабарлағандай, медиандық жалақыны дәлірек есептеу үшін бұл көрсеткіш әр жылдың сәуір айында анықталады. Себебі, дәл осы айда мерекелік сыйақылар немесе ұзақ демалыстар есепке алынбайды.
2024 жылы Қазақстандағы медиандық жалақы 285 677 теңгеге жетіп, орташа жалақыдан шамамен үштен бір бөлікке төмен болды. Қызығы, ең жоғары медианды жалақы Ұлытау облысында тіркелген — 404 105 теңге, ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысындабайқалды — 231 234 теңге. Бұл Ұлытау облысындағы көрсеткіштен екі есеге жуық төмен.
Сонымен қатар жалақының тағы бір маңызды көрсеткіші — модальды жалақы, яғни қызметкерлердің жалақы мөлшерінің ең жиі кездесетін деңгейі. Бұл көрсеткіш жыл сайын сәуір айында есептеледі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстандағы модальды жалақы 97 557 теңгені болды. Ең жоғары модальды жалақы Атырау облысында тіркелген — 236 265 теңге, ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында анықталды — 83 052 теңге.
Гендерлік алшақтық
Қазақстанда еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы әйелдердің орташа жалақысы ерлерге қарағанда шамамен 25%-ке төмен болды. Бұл теңсіздіктің медиандық айырмашылығы 12,3%.
Қазақстандағы еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында тіркелген. Мұнда әйелдер ерлерге қарағанда екі есеге жуық аз табыс табады. Бұл мәселе бойынша алғашқы бестікке Ұлытау, Атырау, Қарағанды және Ақтөбе облыстары да кіреді.
Бір қызығы, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында әйелдердің медиандық табысы ерлердің медиандық табысынан жоғары. Алайда, көптеген өңірде керісінше жағдай байқалады. Сонымен қатар орташа жалақы көрсеткіші әйелдер еңбегінің төмен бағалануының тұрақты үрдісін көрсетуді жалғастырып келеді.