Қарағанды облысының әкімдігі «масылдықпен күреске» 5 млн теңгеден астам жұмсамақ

Қазақстан билігі азаматтардың жұмыс істегісі келмейтіні (1, 2) және қоғамда масылдықтың өсіп бара жатқаны (1, 2, 3) туралы жиі айтады. Бұл мәлімдемелердің даулы екеніне қарамастан, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шындап қолға алған сыңайлы. Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатыпалым порталын тексеріп отырып, Қарағанды облысы әкімдігінің халық арасындағы жұмыссыздық пен масылдықпен күреске бағытталған тендерін байқап қалды.

«Еңбекке ынталандыруды арттыру»

17 ақпанда Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы әлеуметтік тақырыптағы бейне және аудиороликтерді әзірлеу мен тарату қызметін сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Бұл жобаға 6 875 000 теңге бөлінген. Тендерді «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін сома 5 470 000 теңгеге дейін қысқарды.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, бұл мемлекеттік сатыпалымның мақсаты – «қоғамдық санада іргелі рухани-адамгершілік, дәстүрлі құндылықты нығайту» және қоғамды біріктіруге бағытталған ақпараттық саясат жүргізу. Бұл мақсатқа жету үшін 20 бейнеролик пен 20 аудиоролик әзірленбек.

Бейне және аудиоконтенттің жартысы қазақ тілінде, ал қалғаны орыс тілінде болуға тиіс. Дайын өнім еңбек мәдениетін насихаттауға, жастардың жұмыс істеуге ынтасын арттыруға, жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге, «заңға бағына отырып, бірлікте өмір сүру» қағидаты негізінде ұлтаралық қатынастарды үйлестіруге және масылдықпен күресуге бағытталмақ.

Әр роликтің хронометражы 1 минуттан аспайды. Оларды кемінде 70 мың жазылушысы бар өңірлік парақшаларда және жергілікті телеарналардың бірінде көрсету жоспарланған. Сонымен қатар, сценарий жазудан бастап медиаға орналастыруға дейінгі барлық жұмыс тапсырыс берушімен келісіліп отыруы тиіс. Жоба 2025 жылғы 30 қарашаға дейін аяқталуы керек.

Осы хабарландыруда тағы бір лот қарастырылған, оның құны – 2 470 000 теңге. Бұл сома қосымша екі бейнеролик пен екі аудиоролик әзірлеу және оларды пабликтерде, радиода, телеарнада таратуға жұмсалады. Алайда, бұл лоттың мақсаты – «құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру».

Аудит, тиімсіз басқару және төтенше жағдайлар

Бұл арада аймақ билігінің бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны анықталды. 4 ақпанда Қарағанды облысының ревизиялық комиссиясы жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының мемлекеттік қарызын басқару жөнінде аудит жүргізіп, қарыз жүктемесінің өскенін, қаржыны тиімсіз басқару фактілерін және 5,3 млрд теңгеге жуық қаржылық заң бұзушылықтарды анықтады.

Аудиторлардың мәліметінше, соңғы бес жылда жергілікті атқарушы органдардың қарызы 2,2 есе, ал оны өтеуге кететін шығындар 1,5 есе артқан. Аудит қорытындысы бойынша, облыс деңгейінде квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының қарыздарын тиімді бақылау тетігі жоқ екені белгілі болды, бұл өз кезегінде қосымша қаржылық қауіптер тудырады. Сондай-ақ «Қарағанды Су» ЖШС мен «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-де бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.

Ревизиялық комиссия тексерілген нысандарға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріп, қаржыны басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныс айтты.

Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімдігі аудит қорытындыларын пандемия кезінде мемлекет басшысының жұмыспен қамтуды қолдау үшін қаражат бөлу туралы тапсырмасымен түсіндірді. Әкімдіктің айтуынша, бұл қаражат Қарағанды облысында әлеуметтік нысандарды жөндеуге, қолжетімді тұрғын үй салуға, жылу желісін және коммуналдық инфрақұрылым жүйелерін жаңғыртуға жұмсалған. Қарыз 12 жылға 6,1% жылдық мөлшерлемемен алынған, ал оны өтеу 2030 жылдан басталады. Билік аталған кәсіпорындардағы заң бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді жоққа шығарып отыр.

Осы арада, 2025 жылғы ақпанда Қарағанды облысының Шет ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. БАҚ мәліметіне сүйенсек, былтыр жергілікті энергетикалық компания желілерінде шамамен 300 апат тіркелсе, биыл олардың саны 81-ге жеткен. Соның салдарынан тұрғындар электр энергиясының жүйелі түрде өшіп, жарық пен жылудың жиі болмауынан қиналады.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz