Фактчек | Сенатор тұқым шаруашылығының проблемалары туралы

23 ақпанда сенаттың жалпы отырысы өтіп, депутат Закиржан Кузиев еліміздегі өсімдік шаруашылығындағы мәселелерге қатысты бірнеше дерек келтірді. Бұл деректі қазақстандық медиа да бөлісті. Factcheck.kz депутат сөзінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутат мәлімлемесі (тайм-код: 1:36:05)

Мәлімдеме: Қазақстанда кейінгі бес жылда тұқым импорты бірнеше есе өсті.

Закиржан Кузиев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, кейінгі 5 жылда тұқымның барлық түрінің импорты 15 есе өскен. Өсімнің ең көп мәнге жеткен шағы — 2022 жыл.

Мәлімдеме: Сорттардың жаңаруының төмен көрсеткіші байқалады, ҚР-да элиталық тұқымдардың үлесі небәрі 7%, ал РФ пен РБ-да 20%-тен астам.

Закиржан Кузиев

Үкім: Шындыққа жақын және дәлелденбеген

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, элиталық тұқым үлесі 7,1%. Ал “Россельхозцентр”-дің Ресейде егілген тұқым сапасы туралы ақпаратына сәйкес, 2022 жылы 3 494,7 мың тонна тұқым егілсе, оның 599,7 мың тоннасы (17%) элиталық тұқым болған.

Қазақстанда элиталық тұқым үлесі баяу өсіп жатқанға ұқсайды, себебі экс-ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл көрсеткіш 2019 жылы 6,5%-тен 2020 жылы 6,8%-ке өскенін айтқан.

Несі дәлелденбеді: Беларуське қатысты мардымды дерек табылмады. Елдің ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің сайтында да, оған қарасты өсімдік сорттарын сынау және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының сайтынан да тұқым сорттарының үлесіне қатысты еш дерек жоқ.

Мәлімдеме: Аттестатталған тұқым шаруашылықтарының тұқым өндіру көлемінің өсу серпіні жоқ

Закиржан Кузиев

Үкім: Шындық

Ауыл шаруашылығы министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, аттестатталған тұқым шаруашылықтары кейінгі 5 жылда 2 398,9 мың тонна тұқым өндірген. Көрсеткіштің әр жылдағы көлемін қарасақ, расымен өсім емес, төмендеу байқалады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz