23 ақпанда сенаттың жалпы отырысы өтіп, депутат Закиржан Кузиев еліміздегі өсімдік шаруашылығындағы мәселелерге қатысты бірнеше дерек келтірді. Бұл деректі қазақстандық медиа да бөлісті. Factcheck.kz депутат сөзінің қаншалықты рас екенін тексерді.
Мәлімдеме: Қазақстанда кейінгі бес жылда тұқым импорты бірнеше есе өсті.
Закиржан Кузиев
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, кейінгі 5 жылда тұқымның барлық түрінің импорты 15 есе өскен. Өсімнің ең көп мәнге жеткен шағы — 2022 жыл.
[infogram id=”6fe5c5cf-e7f9-40a4-a180-6064ab51409d” prefix=”TpI” format=”interactive” title=”тұқым импорты”]
Мәлімдеме: Сорттардың жаңаруының төмен көрсеткіші байқалады, ҚР-да элиталық тұқымдардың үлесі небәрі 7%, ал РФ пен РБ-да 20%-тен астам.
Закиржан Кузиев
Үкім: Шындыққа жақын және дәлелденбеген
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, элиталық тұқым үлесі 7,1%. Ал “Россельхозцентр”-дің Ресейде егілген тұқым сапасы туралы ақпаратына сәйкес, 2022 жылы 3 494,7 мың тонна тұқым егілсе, оның 599,7 мың тоннасы (17%) элиталық тұқым болған.
Қазақстанда элиталық тұқым үлесі баяу өсіп жатқанға ұқсайды, себебі экс-ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл көрсеткіш 2019 жылы 6,5%-тен 2020 жылы 6,8%-ке өскенін айтқан.
Несі дәлелденбеді: Беларуське қатысты мардымды дерек табылмады. Елдің ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің сайтында да, оған қарасты өсімдік сорттарын сынау және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының сайтынан да тұқым сорттарының үлесіне қатысты еш дерек жоқ.
Мәлімдеме: Аттестатталған тұқым шаруашылықтарының тұқым өндіру көлемінің өсу серпіні жоқ
Закиржан Кузиев
Үкім: Шындық
Ауыл шаруашылығы министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, аттестатталған тұқым шаруашылықтары кейінгі 5 жылда 2 398,9 мың тонна тұқым өндірген. Көрсеткіштің әр жылдағы көлемін қарасақ, расымен өсім емес, төмендеу байқалады.
[infogram id=”367d5356-f1d0-4615-a8de-15b2216c2f2d” prefix=”vsC” format=”interactive” title=”Тұқым өндіру”]