Factcheck.kz редакциясы Қазақстан билігі өз жұмысының оң имиджін жасауға бюджеттен ондаған миллион теңгені қалай жұмсайтынын бірнеше рет жазды. Бұл көбінесе интернеттегі және теледидардағы жарнама арқылы жасалады.
Жақында мемлекеттік сатып алым порталында біз Астана қаласының байланыс қызметі жасаған YouTube-ке арналған бейнеролик түсіру туралы тағы бір ұқсас келісім-шартқа тап болдық.
YouTube-тегі 100 ролик
24 мамырда мемлекеттік мекеме «Агентство Профи-С» ЖШС-мен бейнероликтердің өндірісі және оларды YouTube-ке жариялау туралы қызметтерді сатып алу үшін 38 900 000 теңгеге келісім-шарт жасасқан. Осы мақала жазылып жатқанда жеткізушіге 10 114 000 теңге төленген.
Тендер сипатына сәйкес, ұзақтығы кемінде 120 секунд болатын 100 имидждік бейнеролик жасалуы керек. Олар ұлттық және мемлекеттік мерекелерге, сондай-ақ Астана әкімдігінің қызметкерлері қатысатын қалалық іс-шараларға арналатыны жазылғын.
Бір қызығы, бейнероликтер жасалуының әр кезеңі тапсырыс берушімен мұқият келісілуі керек: тұжырымдама, құрылым, сценарий жоспары, кейіпкерлер тізімі, бейне форматы, музыкалық сүйемелдеу және түсірілім уақыты. Бейнеролик кадрында 2D немесе 3D графикасы болуы шарт, сонымен қатар ешқандай логотип, сауда белгілері, нөмір, жарнама плакаты және басқа да сыртқы атрибуттар болмауы керек.
Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші пилоттық нұсқаны бекітеді, ал жеткізуші орындалған жұмыс туралы есеп пен әлеуметтік желіге арналған жеке нұсқаны ұсынуы керек. Ең қызығы, барлық түсірілім «БАҚ-тың ресми YouTube арнасында» жарияланады, бірақ нақты қандай арнада екені сипаттамада көрсетілмеген.
Республикалық телеарналардағы жарнама
Ашық дереккөздерге сәйкес, «Агентство Профи-С» 2013 жылдан бері жұмыс істейді және кино-, бейнефильм және телебағдарлама өндірісімен айналысады. Сонымен қатар, компания осы уақытқа дейін мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болып, олар үшін жарнама, тақырыптық фильмдер мен репортаждар сериясын түсірген.
Мемлекеттік сатып алым базасында 2016 жылдан бергі мәліметтер сақталған. Ол кезде «Агентство Профи-С» мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 9 664 000 теңгеге фильмдер мен бейнероликтер түсіруге үш келісім-шарт жасады. 2017 жылы 50 813 000 теңгеге жеті шарт жасалса, 2018 жылы 128 006 000 теңгеге 14 келісім-шартқа қол қойған.
Оның үстіне сол кездегі түсірілген бейнероликтердің барлығы дерлік республикалық телеарналарда көрсетілді. Осылайша, 2021 жылы «Агентство Профи-С» бірқатар деректі фильм өндірісіне Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен төрт келісім жасаған (әрқайсысы үш миллион теңгеден): «Большое дело. Архитектура счастливой жизни», «Большое дело. Энергия жизни», «Большое дело. Инвестиции в образование» және «Ел қуаты. Рухани жаңғыру-ой-сананың кемелденуі». Бұл фильмдердің барлығы «Хабар» немесе 24.kz телеарналарында көрсетілді (мысалдар мында, мында, мында және мына жерде).
Тағы бір мысал ретінде осы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылы Шығыс Қазақстан туралы «Арнайы репортаж» телебағдарлама циклын түсіру туралы тендерін атауға болады. Бұл жобаға бас аяғы 36 000 000 теңге жұмсалды. Түсірілген материалды 24.kz телеарнасының сайтынан немесе YouTube арнасынан да көруге болады (мысалдар мында және мына жерде).
Көбінесе тапсырыс берушілер түсірілген бейнематериалды республикалық телеарналарда көрсету керегін техникалық ерекшелікте бірден жазады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі облыс туралы ұзақтығы 40 минуттық бейнеролик түсіру үшін 10 700 000 теңгеге келісім жасалған; немесе табиғи монополияны реттеу комитеті әрқайсысы 40 минуттық сегіз бейнероликті түсіруге 20 700 000 теңгеге тендер жариялаған; сондай-ақ «Астана су арнасы» 7 200 000 теңгеге бейнероликтерді прайм-таймда көрсету туралы келісім-шарт жасасқан.
Осыған сүйене отырып, Астана әкімдігіне арналған имидждік бейнероликтер республикалық телеарналарда да көрсетіледі деп болжауға болады.
Мұндай пиардың несі жаман?
Бұл жердегі мәселе салық төлеушінің ақшасына жасалған мұндай жарнамалық материалдар көбінесе тек прогресстің көрінісін тудырады, бірақ іс жүзінде көптеген мәселе шешілмеген күйі қалады. Жарқын мысал ретінде билік қаланы патриоттық баннерлермен «жабу» үшін жыл сайын миллиондаған ақша жұмсайтын Петропавл туралы материалымызды айтуға болады, ал қала тұрғындар газ, жылу берудегі үзілістерге және басқа да техногендік аварияға шағымданады.