Қазақстан билігі жыл сайын экстремизмге қарсы күрес және ағартушылық жұмыстарын жүргізу үшін әлеуметтік желілерге қатысты жүздеген тендер ұйымдастырады. Factcheck.kz назарын аударған тендердің бірі – Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы болды. Бұл жоба демотиваторлар жасауды да қамтиды.
Reels пен демотиваторларға бөлінген 27 млн теңге
12 ақпанда Алматы облысы дін істері басқармасы «желіде пропагандаға қарсы насихат шараларын ұйымдастыру» туралы тендер жариялады. Бұл жобаға 27 300 000 теңге бөлінді. Тендердің жеңімпазы Social Development Center (SDC) қоғамдық қоры атанды, бірақ әзірге келісімшарт жасалған жоқ.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, жобаның негізгі мақсаты – діни экстремизм идеологиясының әлеуметтік желіде таралуына қарсы күресу. Бұл үшін мердігер келесі міндеттерді орындауы керек: тапсырыс берушінің 10 аккаунтын жүргізу, олардың контентін әзірлеу және жарнамалау. Жобаның соңына дейін оқырмандар санын 30%-ке арттыру. 500-ден кем емес графикалық мотиваторлар мен демотиваторлар дайындау. 250 Reels және Shorts форматындағы видеоролик жасау.
Контент патриотизмді қалыптастыруға, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға және деструктивті діни ағымдар идеологиясын жоққа шығаруға бағытталуға тиіс. Барлық бейнематериал, олардың дизайны, музыкасы мен мазмұны тапсырыс берушімен міндетті түрде келісіліп отырады.
Демотиватор – бұл белгілі бір мәселеге қатысты пессимистік көзқарасты көрсетуге арналған плакат. Ол көбінесе мотиваторларға (адамдарды жігерлендіруге арналған постерлерге) пародия ретінде жасалады. Демотиваторлардың визуалды стилі мотиваторларға ұқсас, бірақ жазулары көңілсіздік пен шарасыздық атмосферасын тудырады.
Уикипедия
Техникалық сипаттамаға сәйкес, барлық видеоматериал жасанды интеллект пен нейрондық желілер арқылы жасалады. Бұл контентті анимациялық форматта, синтетикалық дауыстармен, фотосуреттерді «тірілту» әдістерін қолдана отырып әзірлеуге мүмкіндік береді.
Одан кейін контент барлық әлеуметтік желі мен YouTube-та жарнамаланады. Алматы облысының 3 миллион тұрғынын қамтитын таргеттелген жарнама кемінде 400 рет көрсетіледі. Бұдан бөлек, Қазақстан бойынша 100 интернет-жарнама жасалады.
Сонымен қатар, тапсырыс берушінің аккаунттарына пікір жазып, танымал пабликтер мен БАҚ-тың діни тақырыптағы материалдарына пікір қалдыратын төрт адамнан тұратын топ құрылуға тиіс (үш комментатор және бір жетекші).
Экстремизмге қарсы күрестің ерекше тәсілдері
Бұл – Алматы облысы әкімдігінің бірінші рет өткізіп отырған тендері емес. Былтыр да осындай тендер ұйымдастырылған, бірақ бюджеті аздау — 17 075 892 теңге жұмсалған. Техникалық талаптар биылғы нұсқамен айтарлықтай өзгермеген, ал жеңімпаз ретінде сол баяғы Social Development Center (SDC) қоғамды қоры таңдалған.
Бұдан бөлек, Алматы облысының әкімдігі дінге қатысты ерекше жобаларымен көзге түсіп жүр. Мысалы, биыл 21 890 000 теңгеге дәстүрлі және тарихи құндылықтарды насихаттайтын комикс жасау жоспарланған.
11 ақпанда дін істері басқармасы 23 миллион теңгеге діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған подкасттар әзірлеу бойынша келісімшарт жасасты. Бұл жобаның жеңімпазы да SDC қоры болды.
Экстремизмге қарсы күрестегі мәселелер
Бұған дейін біз Қазақстандағы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы, сондай-ақ бұл бағытқа қанша қаржы бөлінетіні жөнінде жаздық.
Елдегі деструктивті ағымдарға қарсы іс-шараларды мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты дін істері комитеті үйлестіреді. Бұл орган экстремизммен күреске бөлінген қаржыны мемлекеттік органдар арасында таратады.
Республикалық бюджет туралы есептерде дін істері комитетіне нақты қанша қаржы бөлінетіні көрсетілмеген. Дегенмен, ведомство қызметіне қатысты болуы мүмкін бірнеше бап бар. 2024 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға 62,8 млрд теңге бөлінді. Қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатқа 5,8 млрд теңге қарастырылды. 2025 жылы бұл сомалар тиісінше 67,4 млрд және 6,3 млрд теңгеге дейін артқан.
Сонымен қатар, мемлекет діни экстремизм мен терроризмге қарсы күреске бағытталған екі ірі бағдарламаны жүзеге асырды: 2013–2017 жылдардағы бағдарламаға ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), бас прокуратура, президенттің күзет қызметі, ішкі істер министрлігі және қорғаныс министрлігі қатысқан. Жалпы бюджет 103 млрд теңгеден асты. 2018–2022 жылдардағы бағдарлама бюджеті 270 млрд теңгеден асты.
Экстремизмге қарсы бөлінген қаржыны мемлекеттік қызметкерлердің өздері де сынға алған. 2022 жылғы ақпанда сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов 270 млрд теңге жұмсалған бағдарлама тиісті нәтиже бермеді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бөлінген қаржының тек 4%-і ғана алдын алу шараларына жұмсалған. Сонымен қатар, Қазақстандағы деструктивті ағымдардың жақтаушылары жыл сайын көбейіп келеді, деп атап өтті. Қаңтар оқиғаларын осы сәтсіз бағдарламаның мысалы ретінде келтірді.
Сол кезде депутаттар премьер-министр Әлихан Смайыловтан экстремизм мен терроризмге қарсы жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді сұраған. Алайда ашық дереккөздерге қарағанда, бұл бағдарлама әлі іске қосылған жоқ.