Алматы әкімдігі «Қаңтар» құрбандарына арналған мемориалды ұстауға 145 миллион теңге жұмсамақ

2022 жылы Алматыдағы Республика алаңында қаңтар оқиғасына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Ашылу рәсімі шенеуніктердің ортасында өтті, оған тәуелсіз журналистерді кіргізбей, «Қаңтар» құрбандарының туыстары да шақырылған жоқ. Сол уақыттан бері мемориалды ұстауға қомақты қаржы жұмсалып келеді. Оның үстіне, кейінгі бір жылда бұл сома айтарлықтай өсті.

Factcheck.kz редакциясы 2025 жылы мемориалды ұстауға қанша қаражат бөлінетінін, бұған дейін қанша жұмсалғанын және «Тағзым» мемориалының ашылуы қоғам тарапынан не үшін сынға ұшырағанын баяндайды.

Мемориалды ұстауға 145 млн теңге бөлінеді

17 қаңтарда Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімдігінің аппараты «Тағзым» мемориалын ұстау бойынша қызметтерді сатып алуға қатысты хабарлама жариялады. Мемлекеттік сатыпалым қала бюджетіне 145 727 343 теңгеге түседі. Материал жазылған сәтте тендер әлі жарияланбаған, өтінімдерді қабылдау 30 қаңтарда аяқталады.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, әлеуетті жеткізуші жыл бойы мемориал мен оның айналасын таза және тәртіпте ұстауға міндетті. Қыста мемориалды, жол мен баспалдақтарды қар мен мұздан тазалау керек болса, көктем мен жазда газонды суарып, қиып, өсімдіктерді күтіп, қажет болған жағдайда аумаққа тұқым себу қарастырылған. Бұдан бөлек, күн сайын қоқыс жәшігін, газонды және орындықтарды қоқыстан тазалау, сондай-ақ асфальт пен гранит жабындарын эстетикалық күйде ұстау талап етіледі.

Ыңғайлы болу үшін нысандардың нақты саны мен ауданы көрсетілген: гранит жабын – 1 229,08 шаршы метр, асфальт – 880 шаршы метр, бес ақ, сегіз қара және екі сұр стелаж, үш шағын архитектуралық форма, 16 орындық, 16 қоқсыс жәшігі, үш сәндік тоған, 1 045,92 шаршы метр газон, 43 ағаш, тоғыз өсімдік және 14 бұта.

Сондай-ақ жеткізуші су мен электр қуатын пайдалану бойынша «Алматы Су» және «АлматыЭнергоСбыт» ұйымдарымен келісімшарт жасауға міндетті.

Қызығы, тапсырыс беруші конкурсқа қатысушыларға аса ауқымды біліктілік талаптарын көрсеткен. Құжатқа сәйкес, ықтимал жеткізуші: кемінде бесеуі Алматыда тіркелген 45 қара жұмысшы, тоғыз жүргізуші (біреуі тіркеуде болуы керек), биікте жұмыс істеуге рұқсаты бар үш жұмысшы, қоршаған ортаны қорғау, өрт қауіпсіздігі және еңбек қауіпсіздігі бойынша жауапты қызметкерлер, механизаторлар мен диспетчерлер (жұмыс өтілі үш жылдан кем емес), орман шаруашылығы инженерлері және тағы басқаларын ұсынуы тиіс.

Бір жылда не өзгерді

Былтыр мамырда Бостандық ауданы әкімдігі «Тағзым» мемориалын ұстауға 35 714 285 теңге бөлген еді, кейін келісімшартқа қол қойылған соң шарт сомасы 35 миллион теңгеге дейін қысқарды. Жеңімпаз ретінде «Stamp Service» ЖШС танылды.

2024 жылы келісімшарт тек 21 маусымда жасалды, яғни жұмыс алты ай және он күнге созылды. Осылайша, мемориалды ұстауға ай сайын шамамен 5,8 млн теңге жұмсалды. Ал биыл келісімшарт ақпанда жасалса, 11 айға жарамды болады. Бірақ сома өзгеріссіз қалса, бір айлық шығын 13,2 млн теңгеге дейін өсіп, екі есеге артуы мүмкін.

Техникалық сипаттама өзгермегенімен, біліктілік талаптары айтарлықтай күшейтілген. Мәселен, 2024 жылы әкімдік тек он жұмысшыны талап еткен, олардың Алматы тіркеуі міндетті емес еді. Ал биыл 45 жұмысшының ішінде бес адамда Алматыда тіркеуі, биікте жұмыс істеуге рұқсаты бар үш жұмысшы және тағы басқа мамандар болуға тиіс.

Талаптардың күшеюі кейбір қатысушылардың күмәнін тудырды. «Garant Telecom» ЖШС әкімдіктен бұл талаптарды алып тастауды сұрағанымен, өтініш ескерусіз қалды.

Жасырын ашылуы мен құпия қаржысы

«Тағзым» мемориалының өзі қоғамда көп талқыға түсті. Оның ашылу рәсімі 2022 жылғы 23 желтоқсанда өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Ерлан Қарин, Дәурен Абаев, Ерболат Досаев сияқты жоғары лауазымды шенеуніктер мен автобуспен жеткізілген мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.

Өз сөзінде Тоқаев «Қаңтар» оқиғасы кезінде билік «қоғамда алауыздық тудырғысы келген бүлікшілердің әрекеттерін тоқтатты» деп мәлімдеді.

Мемориалдың ашылуы туралы алдын ала хабарланбады. Іс-шара туралы ақпарат әлеуметтік желіде тек бірнеше сағат бұрын пайда болды. Сонымен қатар, рәсімге тек шенеуніктер мен мемлекеттік БАҚ өкілдері ғана қатысты. Сол күні күштік құрылымдар Республика алаңын толықтай қоршап, тәуелсіз журналистерді ішке кіргізбеді.

Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарын жоғалтқан қазақстандықтар бұл жағдайға ерекше наразы болды, себебі оларды да мемориалдың ашылуына шақырған жоқ. Сынның тағы бір себебі — мемориалда «Қаңтардың» 238 құрбанының есімдері мүлдем жазылмаған. Ескерткіш қара, сұр және ақ түсті стелаждардан тұрады, олардың бетінде қазақтың тарихи тұлғаларының қанатты сөздері жазылған.

«[Мемориалдың ашылуы туралы] бізге ештеңе айтқан жоқ, бізді адам санамады. Ол жерде қаншама адамның өмірін қиған жаппай қырғынды еске салатын ештеңе жоқ. Біз Қаңтар құрбандарына арналған ескерткіш болуын талап еткен едік. Бірақ бізге ешқандай есімдер көрсетілмейтінін айтты. Біз балаларымызға олардың әкелерін көрсете алатын ескерткіш сұрадық. Бірақ ондай ештеңе жоқ», — деп мәлімдеген еді қаңтарда қаза тапқан Еркебұлан Сыдыбековтің жесірі Сая Есенгелді «Азаттыққа» берген сұхбатында.

Сонымен қатар, мемориалдың құрылысына мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат жұмсалғаны әлі белгісіз. 2022 жылғы қаңтар айының соңында Тоқаев «Алматы оқиғасын мемориалдық кешен арқылы мәңгі есте қалдыруды» тапсырған еді. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы ашық конкурсқа өтінімдерді 10 ақпанға дейін қабылдауы керек болған. Алайда мемлекеттік сатып алу сайтында мұндай тендер жоқ. Белгілі болғандай, стелаларды әзірлеумен «Basir Design Group» ЖШС айналысқан. Алайда мемлекеттік сатыпалым сайтындағы келісімшарттар тізілімінде «Basir Design Group» ЖШС-мен тек бір ғана келісімшарт көрсетілген, ол 2016 жылы жасалған, яғни мемориалдың ашылуынан алты жыл бұрын.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz