Алматы газбен және электр қуатымен жүретін автобустардың тағы бір легін сатып алуға дайындалып жатыр. Қала билігі 2025 жылдың соңына дейін бензин мен дизельден толық бас тартуға уәде беріп отыр. Бұл шешім экологияны жақсарту мақсатында қабылданған. Алайда модернизация тәсілі мен бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанына қатысты сұрақ көп. Factcheck.kz редакциясы Алматыда қоғамдық көлік сатып алуға арналған ең ірі тендер қалай өткенін сараптап шықты.
Газбен жүретін 600 жаңа автобус
2025 жылдың 29 сәуірінде Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасы газбен жүретін жаңа автобустарды сатып алуға бірден үш хабарландыру жариялады. Ірі тендердің жеңімпазы — QazTehna ЖШС. Бұл компания 320 дана 12 метрлік газ автобустарын 33 478 400 000 теңгеге әкелетін болды.
Қалған екі тендерді Hyundai Trans Auto компаниясы жеңіп алды. Бірінші келісім аясында 230 дана 12 метрлік газ автобусын 23 000 000 000 теңгеге жеткізу міндеттелсе, екінші келісім бойынша 50 дана 18 метрлік автобусқа 8 050 000 000 теңге қарастырылған.
Hyundai Trans Auto — «Астана Моторс» компаниялар тобына кіретін, Golden Dragon маркалы автобустар шығаратын зауыт. Ал QazTehna Қарағанды облысындағы Yutong зауытында машина комплекттерінен автобус пен электробус жинаумен айналысады.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, жеткізілетін барлық автобус сығылған табиғи газбен жұмыс істеуге тиіс. Оларға 90-нан 150 адамға дейін сыюы керек және келесі жабдықтармен қамтылуы қажет: жұмсақ арқалығы бар вандализмге қарсы орындықтар, кондиционер, бейнебақылау камералары, электронды табло, жолаушылар ағынын бақылау жүйесі және аялдамаларды автоматты түрде хабарлайтын дыбыстық құрылғы.
Жалпы қорытынды бойынша, 600 газбен жүретін автобусқа барлығы 64 528 400 000 теңге жұмсалмақ. Шарт бойынша, көліктер келісімшарт Қазынашылық органдарында тіркелгеннен кейін 180 күн ішінде жеткізілуге тиіс. Барлық келісімге 2025 жылғы 20 мамырда қол қойылған.
Бұл — мұндай жалғыз жоспар емес. Қалалық мобильділік басқармасы 100 мектеп автобусын сатып алуға да тендер жариялаған. Бұл тендердің жеңімпазы — QazTehna ЖШС. Келісімшарт сомасы — 4 900 000 000 теңге. Техникалық талаптар бойынша, автобустар 2025 жылы өндірілген болуға тиіс және кемінде 21 отыратын орны болуы қажет. Құжаттамада екі түрлі жеткізу мерзімі көрсетілген: бірі — келісім тіркелгеннен кейін 180 күн ішінде, екіншісі — «2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін». Бұл өткен жылғы талаптар қайта пайдаланылған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
200 электробус
Қала билігі 200 электробус сатып алуға арналған қосымша екі тендер жариялады. Бірінші тендерде 100 электробус жеткізуге 18 709 000 000 теңге қарастырылған. Екіншісінде 100 электробусқа 17 355 000 000 теңге бөлінбек. Жалпы сома 36 064 000 000 теңге болуы мүмкін еді. Алайда екі тендер де өтпей қалды — себебі қатысушы компаниялар, атап айтқанда QazTehna, Hyundai Trans Auto және Daewoo Bus Kazakhstan толық құжаттар пакетін тапсырмаған.
Техникалық сипаттама бойынша электробустар — экологиялық таза, жайлы әрі заманауи технологиямен жабдықталған қоғамдық көлік. Толық қуатпен бір рет зарядталған жағдайда, жылыту немесе салқындату құрылғыларын қоспай 300 км-ге дейін, ал олармен бірге 200 км-ге дейін жүре алады. Толық зарядталу уақыты — 4,5 сағат. Жұмыс температурасы -40 градустан +45 градусқа дейін.
80–90 жолаушыға арналған салонда орындықтарға жақын орналасқан USB-порттар, бейнебақылау жүйесі, аялдама туралы хабарлау жүйесі, электронды табло мен кондиционер болуы шарт.
Тендерлер өтпей қалса да, қолда бар мәліметтерден бір электробустың шамамен 173 550 000 мен 187 090 000 теңге аралығында тұратынын көруге болады. Қос тендер де өткенде, Алматының бұл бағыттағы шығыны 100 592 400 000 теңгеге жететін еді (мектеп автобустарын есептемегенде). Бұл шамамен 197 миллион АҚШ долларына тең.
Дегенмен қазіргі жағдайға қарағанда, электробустар әлі де сатып алынуы мүмкін және жүз миллиард теңгеден астам қаржы бәрібір жұмсалмақ. Неге екенін төменде түсіндіреміз.
Алматының таза экологияға көшу жоспары
Алматы билігі қаладағы қоғамдық көлікті толықтай экологиялық таза үлгіге көшіру идеясын бұрыннан көздеп келеді. Бұл бастама алғаш рет 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда ескірген, экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту қажет екенін айтуынан басталған еді. Осыдан кейін қала әкімдігі президент тапсырмасын орындау аясында 2025 жылға дейін 2 680 жаңа автобус пен 200 троллейбус сатып алуды жоспарлап отырғанын жариялады.
2024 жылдың желтоқсан айында Швейцарияның IQAir компаниясы ресми түрде Алматыны әлемдегі ең ластанған ірі қалалар рейтиңіне енгізді. Ал 2025 жылдың наурызында Тоқаев сол кездегі Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесті. Кездесу нәтижесінде қала басшысына әр екі апта сайын атқарылған жұмыстар жөнінде тікелей есеп беріп отыруды тапсырды. Әсіресе қоғамдық көлікті жыл соңына дейін толықтай экологияға бейімдеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мамыр айының басында Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі 2025 жылдың соңына дейін бензинмен және дизельмен жүретін қоғамдық көліктерден толық бас тарту жоспарланғанын хабарлады. Осы мақсатта 600 газбен жүретін және 200 электробус сатып алу көзделген. Бұған қоса, жеке тасымалдаушыларға 800 газ автобусы мен 118 электробус сатып алу тапсырылған.
Көлік жеткізу жөніндегі келісімшарттар 20 мамырға дейін жасалуға тиіс болған. Алайда мемлекеттік сатып алулар порталының деректеріне сүйенсек, екі келісімшартқа қол қойылмаған. Соған қарамастан, әкімдік алты жекеменшік инвесторға қуаттау бекеттерін орнату үшін 233 техникалық шарт бергенін хабарлады.
Сондай-ақ Алматы қалалық мәслихатының депутаты Тимур Елеусізовтің мәлімдемесіне назар аударуға болады: ол «Азаттық радиосына» берген сұхбатында әкімдік автобус паркін жаңартуға «200 миллион доллардан астам» қаражат бөлгенін айтқан. Президенттің тапсырмасынан бастап қуаттау инфрақұрылымын орнатуға дейінгі барлық факторды ескерсек, электробус сатып алуға арналған жаңа тендерлер жуық арада қайта жарияланады деп болжауға болады. Ал жалпы шығын көлемі Елеусізов атап өткен 200 миллион долларға (немесе 100 миллиард теңгеден астам) жетуі әбден мүмкін.
Ескі автобустардың тағдыры
Алматылықтар үшін ауа сапасы — ең өзекті мәселелердің бірі. Ал экологиялық көлік — «жасыл экономикаға» бет алған елдер жиі қолданатын шаралардың бірі. Дегенмен, қала әкімдігінің қоғамдық көлікті экологияландыруға қатысты қазіргі жоспарларына бәрі бірдей қолдау білдіріп отырған жоқ. Мәселен, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов «Азаттық радиосына» берген сұхбатында қазіргі шығындардың тиімділігіне күмән келтіріп, әсіресе 600 дизельді автобусты жаппай істен шығару жоспарына қатысты алаңдаушылық білдірді:
«Дамыған қала болғымыз келсе, бәрін алдыңғы қатарлы етіп жасауымыз керек. Бірақ бұл бағытқа ақшаны орнымен жұмсай отырып, біртіндеп келуіміз қажет. Ал біз не істеп жатырмыз? 600 автобусты ала салдық та, қоқысқа тастаймыз дедік. “Сатамыз” дедік, бірақ олар ешкімге керек болмай қалды. Оларды қайта қалпына келтіруге болатын еді. Реставрациямен айналысатын мердігер табу керек еді — бояуын ауыстырып, моторын жаңартып, шассисін, дөңгелектерін жөндеп, қайта жолға шығаруға болар еді. Біз бар ресурсты ысырап етіп, шашпай, тиімді пайдалануымыз керек».
Factcheck.kz бұған дейін 2023 жылы 600 газбен жүретін автобусқа 53,6 млрд теңге жұмсалғанын, ал 2024 жылы тағы 55,8 млрд теңге бөлінгенін жазған. Елеусізов «Азаттық радиосына» берген сұхбатында өткен жылға қатысты жаңартылған дерек келтіреді: 700 газ автобусына және 100 троллейбусқа 140 млн доллар бюджет қаражаты бөлінген. Осылайша, 2025 жыл — қоғамдық көлікті жаңартудағы ең ауқымды кезеңге айналып отыр.
Жекелей тоқталуды қажет ететін мәселенің бірі — «автобус зираты» деп аталып кеткен жағдай. Бұған дейін әкімдік 2025 жылға дейін пайдаланудан шыққан 1 123 автобусты сақтау үшін қосымша 5 гектар жерді жалға алғаны және оған 175 миллион теңге жұмсағаны хабарланған. Жаңа қоғамдық көлікті сатып алу жалғасып жатқан тұста бұл шешім қоғам арасында да, шенеуніктер арасында да сұрақ тудырды. Көбі ескі автобустарды қайта жарақтандыру әлдеқайда тиімді болар еді деп санайды.
Үкіметтің мәліметінше, Алматыдағы жалпы зиянды шығарындылардың шамамен 60%-і автокөліктерге тиесілі. Бірақ негізгі үлес жеке көліктерге тиесілі. «Азаттық радиосы» зерттеулерге сілтеме жасай отырып, дизельмен жүретін автобустар қаладағы барлық зиянды шығарындылардың шамамен 5%-ін ғана құрайтынын хабарлайды. Қазақстандық ғалымдардың Sustainable Technologies for Green Economy журналында жарияланған зерттеуінде 2021 жылы Алматыда тіркелген 4 157 дизель автобус жалпы автокөлік шығарындыларының 5,7%-ін ғана құрағаны көрсетілген. Алайда бұл салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш болғанына қарамастан, зерттеушілер дизель көліктерінен бас тарту қажет екенін айтады.
Басты беттегі сурет: Алматы әкімдігінің ресми сайты