Журналистер Путиннен «шетел агенті» туралы заңның күшін жоюды сұрады

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары ел президенті Владимир Путинге «шетел агенті» туралы заңның күшін жоюды сұрады. Олар мүмкіндік аз екенін, бірақ позициясын білдіріп, үнсіз қалуға болмайтынын айтты. Бұл туралы ВВС сайты хабарлады.

Оннан астам бұқаралық ақпарат құралдары Владимир Путинге, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевке, ФСБ директоры Александр Бортниковқа, бас прокурор Игорь Красновқа, Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге, Әділет және ішкі істер министрлеріне, сонымен қатар, Ресей гвардиясының басшысы мен парламенттің екі палатасының спикерлеріне хат жіберді.

Біз әріптестеріміздің редакциясын жабу, оларға қажетсіз ұйымдар мен “шетел агенті” статусын беру туралы шешімді қайта қарауды талап етеміз. Сонымен қатар, журналистерге қарсы қылмыстық және әкімшілік істерді қайта қарауды және оларды ұрып-соғу фактісін тергеуге шақырамыз.

Журналистердің жариялаған хатынан үзінді.

“Новая газета”, Forbes, Republic және Wonderzine басылымында хаттың толық нұсқасы жарияланған.

Сонымен бірге, хатқа қол қойған БАҚ арасында Ресейде «шетел агенті» деп танылған “Дождь” арнасы мен “Медуза” сайтының өкілдері де бар.

Контекст

  • 2017 жылы Ресейде «шетел агенті» туралы БАҚ заңы қабылданған. Бұл заңға сәйкес шетелден қаржы алатын кез-келген БАҚ «шетел агенті» тізіміне енеді. Қазір бұл тізімде 30-ға жуық ұйым енген. Олардың қатарында «Настоящее время», «Радио Свобода» және «Голос Америки» арналары бар.
  • Биыл 23 сәуірде “Медуза” сайты «шетел агенті» деп танылған. Бұл тізімге енген БАҚ-тардың жұмыс жасауы қиындайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz