Вирус жұққанын үйде анықтауға бола ма?

Соңғы кезде адамның коронавирус жұқтырғанын не одан ада екенін тексеру үшін “үйде тексеруге болатын тест нұсқаулығы” тарап жатыр. Мәтінге мән беріп толықтай оқысаңыз өтірік ақпарат пен ресми емес деректерге сүйене отырып жазылғанын байқауға болады.

Вирус жұққанын үйде анықтауға бола ма?
Желіде тарап жатқан тест “нұсқаулығы”

Мәтін толықтай жалған ақпараттан тұрады. Бұл фейктің жілігін шағып, ақ-қарасын анықтау үшін ең негізгі деректерді тексердік:

Жаңа деректерге сүйенсек коронавирус белгілері 20 күнге дейін білінбейді.

Тарап жатқан ақпарат

Үкім: Жалған

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министірлігінің “Клиникалық хаттамасында” вирус жұққаннан соң белгілері білінетін уақыт аралығы 14 күн екендігі жазылған (15 маусым, 2020 жыл. 9-редакция). Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) да бірнеше рет жазды.

Егер де бұл дерекке қатысты қандай да бір өзгерістер болса, ДДСҰ хабар береді.

Терең дем алып, 15-20 секунд ауа жұтпай тұрыңыз. Егере де осыдан соң құрғақ жөтел немесе қандай да бір басқа қиындықтар туындамаса, сіздің өкпеңізде фиброз жоқ, яғни инфекциядан тазасыз.

Тарап жатқан ақпарат

Үкім: Жалған

ДДСҰ дәл осы ақпаратты жоққа шығарған. Ол жерде ауаны он секунд немесе одан да көп уақыт аралығында өкпеде ұстап тұру коронавирустан я болмаса басқа өкпе ауруларынан ада екеніңізді көрсетпейтінін жазған.

Сізде COVID-19 ауруын туғызатын вирустың бар-жоғын растаудың ең дұрыс әдісі – зертханалық тексеру. Сіз мұны тыныс жаттығуларымен тексере алмайсыз, ол тіпті қауіпті болуы мүмкін.

ДДСҰ

Тағы да бір жағдайды тексерейік:

Аузыңызды құрғатпай, жиі су ішіңіз. Себебі ауызға түскен вирус өкпеге кетіп қалуы мүмкін. Ал егер сұйықтық (су немесе басқа сусын) ішсеңіз вирус асқазанға түсіп, сол жердегі қышқылдар әсерінен жойылады.

Тарап жатқан ақпарат

Үкім: Жалған

ДДСҰ-ның жазуынша су ішу вирус жұғуынан сақтамайды.

Су ішу жалпы денсаулық үшін пайдалы болса да, ол вирустың жұғуынан қорғамайды.

ДДСҰ
Вирус жұққанын үйде анықтауға бола ма?

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz