Вакцина алу — міндет пе?

Upd (01.07.2021): ҚР Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа №31 Қаулысының шығуына байланысты үшінші үкім “Жалғаннан” “Шындыққа” ауыстырылды.

Әлемде Covid-19-ға қарсы жаппай вакцинация 2020 жылдың желтоқсанынан, елімізде биылғы жылдың 1 ақпанынан жүріп жатыр. Қазіргі таңда 1 дозасын 3 246 795 адам алса, 2 дозасын 1 954 372 адам (29 маусымдағы дерек) алып үлгерді. Халық арасында екпені алу мен жұмысқа орналасу және міндеттелуі жөнінде қауесет артқандықтан, factcheck.kz сайты ҚР заңнамасына жүгіне отырып, көкейдегі сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Covid-19-ға қарсы вакцина алу міндеттелді.

Үкім: Жартылай шындық

ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексінің 77-бап 18-тармағында кез келген екпеден бас тартуға құқығы бар екендігі жазылған. Яғни вакцина алу – өз еркіңізде.

БІРАҚ, ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексі 38-бап 7-тармағында еліміздегі бас санитар дәрігер вакцинаны талап ете алатыны жазылған. Алайда, дәл қазір елімізде вакцинаның міндеттелуіне қатысты ешқандай қаулы қабылданбаған.

Upd: ҚР Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов 1 шілдеде жаңа қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша), ұлттық компаниялар, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар вакцинация алмаған қызметкерлер үшін (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) 2021 жылғы 15 шілдеге дейінгі мерзімде вакцинаның бірінші компонентімен, ал 2021 жылғы 15 тамызға дейінгі мерзімде COVID-19-ға вакцинаның екінші компонентімен профилактикалық вакцина жүргізу міндеттелді. Қаулы 2 шілдеде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Норма бойынша ұйымдар мен объектілердің тізімін мына жерден көре аласыздар.

Covid-19-ға қарсы вакцина алмаса жұмыстан шығарады.

Үкім: Жалған

ҚР Еңбек кодексі 48-бабында бірнеше жағдайға байланысты жұмыстан шеттетуге болатыны жазылған және олардың арасында вакцинаға қатысты ештеңе айтылмаған. 4-тармағында “Медициналық қарап-тексеруден не ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтпеген” жаңдайда жұмыстан шеттетілетіні жазылған. Алайда, бұл тізімде де вакцина жоқ. Заңда нақты көрсетілмегендіктен, сізді алып-соғып ешкім жұмыстан шығара алмайды.

Covid-19-ға қарсы вакцина алмаса офлайн жұмыс істеуге құқы жоқ, тек қашықтан істейді.

Үкім: Жартылай шындық

ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексінің 86-бабына сәйкес “медициналық қарап тексеру” міндетті және профилактикалық болып бөлінеді. Жұмысқа кірер алдында не жұмыс барысында медициналық тексеруден өткен кезде коронавирустың қандай да бір белгілері байқалмаса, офлайн жұмыс істеуге құқы бар.

Upd: ҚР Бас санитар дәрігерінің №31 қаулысына сәйкес, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша), ұлттық компаниялар, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар вакцинация алмаған қызметкерлер үшін (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) күндізгі режимде жұмысқа рұқсат беруді шектеуді қамтамасыз етуі тиіс. Яғни вакцина алмаған қызметкерлер онлайн түрде жұмыс жасайды.

Covid-19-ға қарсы вакцина алмаса жұмысқа қабылдамайды.

Үкім: Жалған

ҚР Еңбек кодексі 32-бап “Еңбек шартын жасасу үшін құжаттар” тізімінде вакцина алу қарастырылмаған. Сондықтан да вакцина паспорты болмаса жұмысқа алмайда деген ақпарат – жалған.

Covid-19-ға қарсы вакцина алмаса ай сайын ПТР тест тапсыру міндетті.

Үкім: Манипуляция

Орталық комуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке қатсықан ҚР Премьер-Министірдің орынбасары Ералы Тоғжанов міндетті ПТР тестке қатысты былай деді:

Біз ПТР-тесттерді енгізген кезде де конституциялық құқықтар мәселесі көтерілді, бірақ, бірінші кезекте, Конституцияның 29-бабы бойынша еске салып өтейін, біз азаматтарымыздың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз! Сондықтан, қабылданып жатқан бұл шаралар барлық азаматтарға емес, тек қызмет көрсету саласына ғана: күн сайын көптеген азаматтармен байланысатын адамдарға қатысты, дәл осы санаттағы адамдар қызмет алуға келгендерге үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Қызмет көрсету саласы – үлкен бағыт. Бұл бір жағынан ШОБ-қа да қатысты, яғни олардың жұмысы тоқтамайды, «Атамекен» ҰКП мен бизнес тарапынан да үлкен өтініш болды, біз оларды қолдадық. Сондықтан осындай шешім қабылданды. Бұл жерде мен конституциялық құқықтардың бұзылуын көріп отырған жоқпын, оның үстіне, біз таңдауға мүмкіндік береміз. Егер қарсы көрсетілімдер болса, бас тартатын адамдардың санаты бар, онда олар ПТР-тест тапсыруы тиіс.

Ералы Тоғжанов

Upd: Қаулы бойынша, аталған ұйымдардың вакцина салдырмаған қызметкерлері үшін (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) 7 күнде 1 рет ПТР-тестілеуден өтуі міндеттелді.

Контекст

Қазақстанда 29 маусымдағы дерек бойынша 421 121 адамнан ПТР тестімен расталған инфекция табылса, 56 942 адам коронавирус инфекциясы бар (ПТР тест арқылы анықталмаған) пневмониямен ауырған. Осыған орай денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова 20 адамнан асатын кез келген ұжымға міндетті түрде вакцинация жүргізу немесе медициналық қарсы көрсетілім болмаса, әр жеті күн сайын ПТР-сынама тапсыру талабы қойылатыны жайында қаулы дайындалып жатқандығын айтты.

Көршілес Ресей астанасында вакцина салдырмағандарды ауруханаға уақытша қабылдамайтын бұйрық қабылданып жатыр. Бұйрыққа сәйкес, ауруханаға жатар алдында дәрігерлер вакцинаның бар-жоғын талап ете алады. Сонымен қатар, Мәскеу әкімшілігі мемлекеттік және бірқатар сала қызметкерлеріне вакцинаны міндеттейтін қаулы қабылдады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz