Украиналық әжейдің 8 орыс сарбазын улағаны рас па?

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен сайттарда Украиналық әжейдің “қаһарман” ісі жайлы “аңыз” тарап жүр. Сайттардың жазуынша, үйіне келген орыс сарбаздарына бәліш (пирожки) беру арқылы улап өлтіріпті-мыс. Сонымен қатар, Facebook-та соғыс кезіндегі әйелдердің айлакер істері жайлы жазба да шықты. Осы орайда Factcheck.оқырмандардың сұрауы бойынша тараған ақпаратты тексеріп көрді.

Украиналық әжей үйіне келген орыс сарбаздарын бәліш (пирожки) беріп, улап өлтірді.

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Дәлелденбеген

Украиналық ресми дереккөздерде бұл туралы ақпарат таппадық. Қай облыс не қала, ауыл екендігін білмеген соң нақты бір нәрсе айту қиын. Сондай-ақ Ресей-Украина соғысы кезіндегі сарбаздардың ұрыстан бөлек нақты неден өлгендігі белгісіз. Соғыс қымылдары әлі жүріп жатқандықтан кейбір ақпаратқа дәлел табу мүмкін емес.

Ақпаратты талдап көрейік

Интернеттегі ақпарат көздерінің көбі Украина ІІМ кеңесшісі Антон Геращенконың You Tube-гі видеосына сілтеген. Жоғарыдағы видеоны қарасаңыз, аты-жөні белгісіз бір орыс әскерінің қызымен/әйелімен сөйлескен аудиосы жазылған. Ол жерде қалай тамақтың жоқтығынан қиналғанын, Ресейдің қаншама әскер жоғалтқанын баяндай келе, бір әжейдің бәліш (пирожки) бергендігі жайында атап өтеді. Содан кейін 8 сарбаздың табыттың ішінде үйіне “қайтқанын” айтады. Қызының/әйелінің “ол немен тамақтандырды?” деген сұрағына “Умен” деп қысқа жауап қайтарды. Яғни осы видеодағы екеуара әңгімеден кейін біраз сайттар Украиналық әжей “у беріп өлтірді” деп топшылаған.

Сонымен қатар, Геращенконың Facebook-ғы жазбасында аудиодағы жігіттің Қырымнан екені және әжейді тауып, марапаттау керек дейді.

Украиналық әжейдің 8 орыс сарбазын улағаны рас па?

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс қызы ерніне у жағып, сүйісу арқылы мыңдаған америкалық солдаттың өліміне себепші болған дейді. Әйелдер автомат ұстай алмаса да қауіпті…

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Дәлелденбеген

Бұл суреттегі қыз ешқандай да неміс шпионы немесе ерніне у жағып алып америкалық сарбаздарды “өлтіруші” емес. Бельгияның Бастон қаласындағы “Bastogne war museum” музейінде тұрған фото 1944 жылы қыркүйекте түсірілген. Суреттің жоғарғы жағында французша La Belgique Libérée (Бельгияны азат ету) деген жазу бар. Оны Бастондағы соғыс музейіне виртуалды саяхат жасау арқылы көруге болады.

Украиналық әжейдің 8 орыс сарбазын улағаны рас па?

Десе де сурет жайлы толық ақпарат алу үшін “Bastogne war museum” музейіне хат жолдадық. Жауап келген уақытта материалды толықтырамыз.

Қорытындылай келе, соғыс уақытында қару-жарақ пен қоса ақпараттық соғыстың бірге жүретінін ұмытпайық. Кез келген ақпараттың, аудио-видео мен суреттің шындығына, не ресми дереккөзге жүгінбестен мәлімдеме жасау дұрыс емес. Сондай-ақ тексерілмеген ақпаратты таратпауларыңызды сұраймыз!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz