Смартфон мен планшет Денсаулық сақтау министрлігі айтқандай қауіпті ме?

14 шілдеде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің фейсбук парақшасында смартфон мен планшеттердің балаларға қауіпі туралы пост жарияланған болатын. Одан бөлек, бұл ақпараттың қайдан алынғаны көрсетілмеген еді. Бірақ, Виталий Шевченко атты фэйсбук қолданушысы «сілтемесін көрсетсеңіздер» деп талап еткеннен кейін, министрлік Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Гарвард университетінің корпоративтік басқару және қаржылық реттеу жөніндегі заң мектебінің форумына сілтеме көрсетті.

Factcheck.kz Денсаулық сақтау министрлігі айтқан ақпараттың қаншалықты шынайы екенін тексерді.

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтындағы материал ұсыныс ретінде айтылған. Ол ұсыныс бойынша, бес жасқа дейінгі балалар экран алдында аз уақыт жұмсап, бесік арбаларда (коляска) аз отыруды ұсынылған. Ал балалардың денсаулығы сау болып өсуі үшін, жақсы ұйықтап және қоғамдық ойындарға белсенді араласуын құптаған.

Екіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары зерттеуді бес жасқа толмаған балаларға арнаған. Одан бөлек, қандай шара қолдануға болатынын, шешімін де көрсеткен. Денсаулық сақтау министрлігі ол жайлы ақпарат көрсетпеген.

ДДСҰ-ның ұсынысы:

Балалар дүниеге келгеннен кейін, алғашқы бес жыл ішінде материалдағы ұсыныстарды орындауға кеңес берілген. Бұл арқылы олардың өмір бойғы физикалық тұрғыда және миының, дене бітімінің дамуына ықпал етуге болады.

Емшек еметін балаларға (1 жастан кіші):

  • Дене белсенділігінің әртүрлі түрлерімен күніне бірнеше рет айналысқаны абзал.  Атап айтқанда, ересектермен өзара іс-қимыл жасай отырып, еденде ойнау. Неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы болады. Егер, бала әлі өздігінен жүре алмаса, оған етбетінен күніне ең кемінде 30 минут жатқаны дұрыс.
  • 1 сағаттан астам (мысалы: бесікте, балалар арбасында, балалар креслоларында және эрго-рюкзактарында) қозғалыссыз жағдайда қалмау қажет. Экран алдында уақыт өткізу қажет емес. Бала толық жүре алмайтын кезеңдерде ересектермен қарым-қатынасты қамтамасыз ету ұсынылады. Мысалы, оларға ертегілер мен тарихи оқиғалардың айтылғаны жөн.
  • Ұйқы мен сергектікті сақтай отырып, түскі уақыттағы ұйқыны қосқанда, күніне 11-14 сағат ұйықтағаны дұрыс.

1-ден 2 жасқа дейінгі балаларға:

  • Жалпы алғанда күніне ең кемінде 180 минут кез келген қарқындылықтағы дене белсенділігін арттыру. Қарқындылық — кемінде 60 минут  орташа және жоғары деңгейде болғаны абзал. Неғұрлым көп болса, бала үшін соғұрлым пайдалы болады.
  • 1 сағаттан астам (мысалы: бесікте, балалар арбасында, балалар креслоларында және эрго-рюкзактарында) қозғалыссыз жағдайда қалмау қажет.
  • 1 жастағы балалардың экранның алдында отырып, уақыт өткізуін (мысалы, теледидар немесе мультфильм көру, видеоойын ойнау) құптамаймыз.
  • 2 жастағы балаларға экран алдында күніне 1 сағаттан артық отырмағаны дұрыс. Неғұрлым аз уақыт болса, соғұрлым жақсы.
  • Бұл кезеңдерде ересектермен қарым-қатынасты қамтамасыз ету ұсынылады. Мысалы, ертегілер мен тарихи оқиғалардың айтылып отырғаны жөн.
  • Баланың күніне 11-14 сағат дұрыс ұйықтау режимін сақтағаны жөн (түскі ұйқыны қосқанда). Бұл кезеңдерде баланың дұрыс, әрі сапалы ұйықтауына мән берілуі керек.

3-тен 4 жасқа дейінгі балаларға:

  • Жалпы алғанда күніне ең кемінде 180 минут кез келген қарқындылықтағы дене белсенділігін арттыру. Қарқындылық — кемінде 60 минут  орташа және жоғары деңгейде болғаны абзал. Неғұрлым көп болса, бала үшін соғұрлым пайдалы болады.
  • 1 сағаттан астам  (мысалы: бесікте, балалар арбасында, балалар креслоларында және эрго-рюкзактарында) қозғалыссыз жағдайда қалмау қажет. Экран алдында 1 сағаттан артық уақыт өткізу құпталмайды. Неғұрлым аз болса соғұрлым балаға жақсы.
  • Бұл кезеңдерде ересектермен қарым-қатынасты қамтамасыз ету ұсынылады. Мысалы, ертегілер мен тарихи оқиғалардың айтылғаны жөн.
  • Баланың күніне 10-13 сағат дұрыс ұйықтау режимін сақтағаны жөн. Оған қоса, күндізгі уақытта қосымша ұйықтап алса артық етпейді. Бұл кезеңдерде баланың дұрыс, әрі сапалы ұйықтауына мән берілуі керек.

Бұл — балалар үшін электронды құрылғыларды қолдану мүлдем зиянсыз дегенді білдірмейді. Бірақ, шектен тыс пайдалану олардың ақыл сергектігіне әсер етеді. Алайда, ДДСҰ-да, Гарвард зерттеушілері де денсаулыққа қатысты мәселелер мен техникалық құрылғылар арасындағы тікелей байланысты көрсетпейді.

Денсаулық сақтау министрлігі көрсеткен Гарвард заң мектебінің корпоративтік басқару және қаржылық реттеу форумының сайтында JANA Partners LLC компаниясы және CalSTRS агенттігінің Apple корпорациясына жазған ұсыныс хаты жарияланған.

Apple копорациясына жазылған хаттан үзінді:

«…JANA Partners LLC және Калифорния Мемлекеттік Зейнетақы жүйесі бірлесіп шамамен 2 млрд АҚШ долларын иеленеді. Біз акционерлер ретінде Apple-дің инновация тарихындағы ерекше рөлі мен әлемдегі ең құнды брендтердің қатарында екендігін мойындаймыз. Біз зерттеу нәтижелерін тексере отырып (Сілтемелер хатта көрсетілген), Apple компаниясы ата-аналарға жаңа мүмкіндіктер мен құралдарды ұсынып, жас тұтынушылар өнімдеріңізді оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етуге көмектеседі деп сенеміз. Осылайша, Apple басқа технологиялық компанияларға өздерінің ең жас клиенттеріне қалай ұтымды, қолайлы шешімді қабылдағанын көрсетеді.…»

Қорытынды:

  • ДДСҰ-ның ұсыныстары (смартфондар мен планшеттерді қолдану) Денсаулық сақтау министрлігінің  инфографикасында көрсетілген мәселелермен тікелей байланысты емес. Ұсыныстар 5 жасқа дейінгі балалардың ақыл сергектігіне қатысты.
  • JANA Partners LLC және CalSTRS-тың Apple корпорациясына жазған хатында әртүрлі зерттеулердің нәтижесі мен ұсыныстар келтірілген. Денсаулық сақтау министрлігінің инфографикасында тек қауіптері туралы айтылған. Оқырман түсінігінің ауысуы арқылы, манипуляцияға жол берілген.
  • Сонымен қатар, CalSTRS (Калифорния штатындағы мұғалімдердің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі) және JANA Partners-тың (инвестициялық қор) денсаулыққа тікелей қатысы жоқ.
  • Дегенмен, әлеуметтік желілерге тәуелділік — қазіргі заманғы маңызды проблемалардың бірі. Бірінші кезекте — жасөспірімдер мен ересектер үшін.
  • Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің көзі нашар көретін қазақстандық балаларға қатысты манипуляцияны тексерген болатынбыз. Дәл қазіргі жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінің смм қызметкері ақпаратты толық тексермеді деп болжай аламыз.