Өлім-жітім көрсеткіші қаншалықты төмендеді?

Қарашаның аяғында өткен үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биылғы жылғы өлім-жітім көрсеткіші жайында сөз қозғады. Министрдің келтірген деректеріне қарасақ, кейінгі 9 айда өлім-жітім едәуір азайған. Factcheck.kz министрдің келтірген деректерін тексеріп көрді.

Ресми статистика бойынша халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім осы 9 ай көрсеткіші бойынша [2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда – ред.] 28,5%-ға төмендеді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың 9 айында жалпы саны 101 666 адам қайтыс болса, дәл осы уақытта 2021 жылы 137 580 адам бақилық болған. Немесе өлім-жітім көрсеткіші 26,1%-ке азайған. Дегенмен 2021 жылығы қаңтар-қыркүйектегі статистика кейінгі 10 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш екенін байқадық.

Былтырмен салыстырғанда жалпы ауыл тұрғындарының арасында да өлім жітім көрсеткішінің 21%-ға төмендеуін [2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда – ред.] байқаймыз.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі

Үкім: Шындық бірақ…

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйегінде ауылда 37 854 адам, 2021 жылы 9 айда 49 506 адам өлген. Яғни 23,5%-ке азайғанын байқаймыз. Дегенмен бұл да жоғарыдағы мәлімдеме сияқты тек бір жылмен ғана салыстырған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz